Аймақтар • Бүгін, 08:05

Талдықорған түрленіп келеді

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласы кейінгі жылдары қарқынды даму жолына түсті. Алдағы жылдары қосымша 3 шағын ауданның іргесі қаланады. Жаңа мектептер мен медицина мекемелері ашылады. Қала экономикасында тұрақты өсім сақталған. Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 107%-ды құрады.

Талдықорған түрленіп келеді

Былтыр облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының жылдық бюджеті 30%-ға көбейетінін мә­лімдеді. Соған сай алдағы үш жылда облыс орталығында құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүреді. Айталық, бүгінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 91%-ға жетті. Бұл салаға қалалық бюджеттен 13,5 млрд теңге бағытталды. Өткен жылы 28,3 шақырым жаңа жол салынды.

Одан бөлек, қала тұрғын­дарының өтіні­шімен, қоғамдық көлік қозғалысы жақ­сартылды. Гаухар Ана көшесіндегі қозғалыс біржақтыдан екіжақтыға өзгер­тіліп, №27 «Ынтымақ – Орта­лық» автобус бағыты іске қосылды. Қала аума­ғын­да №28, №29 жаңа автобус бағыттары ашыл­ды.

«Талдықорғанда үш бірдей жаңа шағын аудан бой көтеріп, Қаратал өзенінің оң жаға­лауында тұрғын үй құрылысы басталды. Бұл аумақ алдағы жылдары заманауи тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік, медициналық нысандар шоғырланған жаңа қала кеңістігіне айналады. Жалпы, 2027 жылдан бастап өзеннің оң жағалауын кешенді дамыту көзделіп отыр», дейді қала басшысы Ернат Бәзіл.

Өткен жылы облыс орта­лығында бірнеше өндіріс орны іске қосылды. Газбетон, керамика, электр жабдықтарын шығаратын кәсіпорындар мен кондитерлік өнім дайындайтын цех ашылып, аккумулятор зауытында жаңа өнді­рістік желі пайдалануға берілді.

«Біз телекоммуникация, ауруханалар, жел электр стансалары мен ірі кәсіпорындарға арналған батарея құрылғыларын шығарамыз. Өндіріс толық жаңғыртылып, цифр­ландыру жүйесі енгізілді», дейді зауыттың өндірістік директоры Талғат Қонақбаев.

Тұрғын үй құрылысы да қар­қын алған. Қалада 200-ге жуық тұрғын үй салынып, жаңа тұрғын алаптар пайда болды. Ұзақ жыл бойы қараусыз қалған әскери қалашықтағы әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. «Ұлан» шағын ауданындағы 20 үйдің қасбеті жаңартылып, балкондары ауыстырылды, ауладағы ойын алаңдары заман талабына сай жабдықталды.

Инфрақұрылымды жаңарту да басты назарда. Былтыр жүзден астам көшеге асфальт төселіп, «Жастар-3» атты жаңа шағын аудан бой көтерді. Қала әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, барлығы 790 тұрғын үй салу жоспарланған.

«Былтыр 56 үйді пайдалануға бердік. Биыл 206 үйді толық аяқтап, «Отбасы банкке» өткізуге дайынбыз. Сондай-ақ 9-шағын ауданда екі ірі үйдің құрылысы жүріп жатыр», деді қала әкімі.

Алдағы жылдары «Батыс», «Құлагер» шағын аудандарында мектептер салынып, жаңа тұрғын үй алаптарының негізі қаланбақшы. Қазірдің өзінде 11, 12, 13-шағын аудандарда инженерлік-инфрақұрылым желілері тартылып жатыр. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен өрт сөндіру депосы, ірі қазандық, тұрғын үйлер салу жоспарланған.

Қаланың экономикалық көрсет­кіштері де оң нәтиже көрсетіп отыр. 2025 жылы жалпы экономикалық өсім 107%-ды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 174,4 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 39,4 млрд теңгені құрап, өсім 103,3% деңгейінде қалыптасты. Құрылыс саласында да ілгерілеу бар. 2024 жылы 1283 тұрғын жаңа баспанамен қамтылса, өткен жылы 1400-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. «Ынтымақ» тұрғын үй алабындағы 200 пәтерлі бес көпқабатты үйдің құрылысы биыл аяқталады.

«Әлеуметтік салалар да назардан тыс қалған жоқ. Биыл 300 орындық жаңа «Білім-инновация» лицейі пайдалануға беріледі. Ескі ғимараттың тозуына байланысты дарынды оқушыларға арналған заманауи лицей салу – уақыт талабы. Сонымен қатар «Құлагер», «Батыс» тұрғын аудандарында 1200 орындық мектептердің құрылысы басталады. Бүгінде қала мектептерінде 37 мыңнан астам оқушы білім алса, оның 4 мыңға жуығы – бірінші сынып оқушылары», дейді қала басшысы.

Денсаулық сақтау саласында да ауқымды жобалар қолға алынған. «Оңтүстік-Батыс» ауда­нында ауы­сымына 500 келушіге арналған жаңа емхананың құрылысы басталды. Қаратал өзенінің оң жағалауында 150 орындық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы салынып жатыр. Өтенай ауылында күніне 100 пациент қабылдайтын үш қабатты заманауи амбулатория пайдалануға берілді.

Қала әкімі атап өткендей, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бас­тамалар тұрғын­дардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Құрылыс, өндіріс, білім мен медицина салала­рындағы жүйелі жұмыс – Талдықорғанның шын мәнінде түрленіп келе жатқанын көрсетеді.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар