Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Комиссияның құрылуы – тарихи оқиға
Алғашқы жиынды ашқан Э.Әзімова сөзінің кіріспесінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтергенін, осыған орай Парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын еске салды.
«Жұмыс тобы 2025 жылы қазан айынан бастап белсенді қызмет атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымды мұқият зерделеп, жүйеледі. Азаматтар ұсыныстарында бір палаталы Парламент мәселесін ғана көтерген жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады», деді КС төрағасы.
Э.Әзімова Конституциялық реформаның басты мақсат-міндеттері жайында айта келе, аталған комиссияның құрылуын салалық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өту ретінде қарастыру қажет екенін жеткізді. «Оның алдында айрықша миссия тұр: бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты ұстанымымызды лайықты айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету», деді ол.
Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деп бағалаған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оны осы уақытқа дейін жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы екенін айтты.
«Мемлекет басшысының бір палаталы Парламентке көшу туралы бастамасын ел азаматтарының көпшілігі қолдады. Былтыр қазан айында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген. 14 қазанда жұмыс тобының алғашқы отырысы өтіп, оған Президент арнайы қатысты. Сол отырыста жұмыс тобының мүшелері ауқымды өзгерістер Конституцияның бірнеше бөлімін қамтитынына назар аударды. Мұнда халықтың да пікірі ескерілуге тиіс. Сол себепті e-Otinish және eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды», деген Мемлекеттік кеңесші конституциялық реформаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жібергенін, сондай-ақ е-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан 600-ден астам ұсыныс түскенін тілге тиек етті.
Осы аралықта жұмыс тобының алты отырысы өткенін айтқан Е.Қарин 20 қаңтарда Қызылордада шақырылған V Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы еліміздің алдағы саяси бағыт-бағдарын айқындап, жұмыс тобы әзірлеген жалпы тәсілдердің негізгілерін халық назарына ұсынғанына тоқталды.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Өздеріңіз білетіндей, Президент жаңа Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды. Бұл бастаманың мән-маңызы ерекше. Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек екенін жеткізді. Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке, ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады», деді Мемлекеттік кеңесші.
Сонымен бірге Е.Қарин болашақ Құрылтайдағы депутат саны, үміткерлерге қойылатын талаптар, Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі, олардың өкілеттілік мерзімі, т.б. жайында ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, Құрылтайға 145 депутат сайланады. Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт. Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін.
Барлық ұсыныс байыппен қаралуға тиіс
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы «бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні» ретінде тарихи әрі маңызды ұсыныс айтқанын тілге тиек етті.
«Сонымен қатар реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құру ұсынылды. Аталған орган халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады», деді Президент көмекшісі.
Оның айтуынша, аталған маңызды институт бойынша негізгі ережелер Конституция деңгейінде тиісті регламенттеуді талап етеді. Сонымен қатар ол Қазақстанның Халық кеңесіне артылатын негізгі міндеттемелер жайында жан-жақты айтып өтті.
Алғашқы отырыс барысында комиссияның өзге де бірқатар мүшесі сөз алып, келешек Ата заңнан көрініс табуға тиіс өзекті мәселелерді талқыға салды. Атап айтқанда, мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Конституциялық реформаның аясында Ата заңның преамбуласын жаңғыртып, мазмұнын заман талабына сай қайта өзектендіру қажет екеніне тоқталды. Ол преамбуланы жаңарту тек редакциялық түзету емес, ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам болуға тиіс екенін айтты.
«Мемлекет басшысы преамбулада ұлттық құндылықтарды негізге алу қажеттігін нақты атап өтті. Қазақ даласынан бастау алатын өркениет пен мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын айқын көрсету, еліміздің Ұлы даладағы тарихи мемлекеттердің мұрагері екенін нақты бейнелеу маңызды екеніне ерекше мән берді. Сондықтан Конституциялық реформа аясында келіп түскен барлық ұсынысқа үстірт емес, байыппен, терең көзқараспен қарау – ортақ міндетіміз», деді Ү.Шапақ. Оның айтуынша, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен оның өзегі саналатын «Заң мен тәртіп» қағидатын преамбула деңгейінде бекіту мемлекет пен қоғам дамуының жаңа философиясын айқындайды.
Зайырлылық – зиялы дәстүрдің талабы
Отырыста сөз алған «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы білім жүйесі мен мәдениеттегі зайырлылық Ата заңда нақты көрініс табуы – зиялылық дәстүрдің талабы екенін жеткізді. Мемлекеттік білім мен тәрбие жүйесі үшін зайырлы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар – өркениет темірқазығы саналатынын еске салған ол дамудың даңғыл жолына түскен алдыңғы қатарлы елдерде солай болғанын және бола беретінін тілге тиек етті.
«Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ» кейінгі ширек ғасырда қарашұбар жамылғы, сөлеңдеген сұрықсыздық, келте балақ, қауға сақал мен селдір сақал қаладан далаға дейін қаптап кетті. Қазақтың иманды, тәрбиелі, білімді ортасын қара бұлт, дүдәмал діл басып алғандай күй кештік. Ата-анасын тыңдамайтын ұрпақ, ұлт дәстүрін тәрк еткен діндарсымақтар пайда болды. Ең қауіптісі, олар ұрпағын да жат бағытта тәрбиелеуге көшті», деді Д.Қамзабекұлы.
Сондай-ақ ол Сирияға соғысқа барып адасқандар трагедиясы мен «Жусан» операциясының арқасында елге оралғандардың көз жасы көпке ой салуға тиіс екенін жеткізді.
«Имансыз қоғам болмайды. Дәстүрге суарылған діни құндылықтар мың жылғы рухани мұрамызда тұнып тұр. Оны игеру, сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – әрбір ата-ананың, азаматтың адами борышы. Шығыста өркениет ұғымын «мәдениет» (маданиятун) дейді. Осының ең басты өлшемі – ғылым мен білім, ізгі тәлім мен тәрбие» дей келе, Д.Қамзабекұлы ұрпағына зайырлы білім берген қазақ ғұламаларының өмірінен мысалдар келтірді.
Атап айтқанда, Абайдың алғыр перзенті Әбдірахманды жаңашыл оқуға бергенін, Балғожа би Ыбырайды зайырлы мектепте оқытқанын, Мәшһүр-Жүсіптің ұлы Мұхамедәмин атеизм заманына дейін-ақ зайырлы жүйеде оқып-жетілгенін, кеңес заманында Қазақстан қазиятын басқарған Сәдуақас Ғылмани ұрпағына медициналық, техникалық білім алуды аманаттағанын тілге тиек етті.
Ғылыми қызметтің заңдық негізі
Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев еліміздегі ғылыми қызметтің Ата заң деңгейінде нақты реттелмегенін, соның салдарынан ел дамуын қамтамасыз етудегі ғылымның рөлі мен мәртебесі төмен екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, еліміздің қазіргі даму кезеңіндегі басты басымдықтың бірі – заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға негізделген білім мен инновацияға сүйенген экономиканы қалыптастыру. Бұл бағыт еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, оның геоэкономикалық және геосаяси кеңістіктегі ұстанымын айқындай түседі.
«Әлемде ғылым кез келген қоғамның ең маңызды өндіргіш күшіне айналып отыр. Бұл тұрғыда білім экономикасын дамыту ғылыммен тікелей байланысты екенін аңғармау мүмкін емес. Алайда еліміздегі ғылыми қызмет салалық заңнамалармен ғана реттеліп, оның негізгі қағидаттары Конституция деңгейінде нақты бекітілмеген. Ата заңда ғылымға қатысты арнайы нормалардың болмауы ғылыми саланы ағымдағы мемлекеттік саясатқа тәуелді етіп, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі рөлі мен мәртебесін әлсіретіп отыр», деді ол.
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов алдағы реформалардың негізгі басымдықтарына тоқталып, олардың ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
«Бүгін біздің көз алдымызда әлемдік тәртіп өзгеріп жатыр. Біз ұзақ жыл бойы тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз еткен халықаралық құқық нормаларының әлсіреп жатқанын көріп отырмыз. Әлем күннен-күнге тынышсыз әрі болжауға келмейтін болып барады», деді ол.
Депутаттың сөзінше, қуатты ішкі негізсіз сыртқы тұрақтылықты қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан елімізде конституциялық орнықтылықты қамтамасыз ету ерекше мәнге ие. Маңызды қадамның бірі – бір палаталы Парламентке көшу екенін, бұл жоғары өкілді органның жұмыс тиімділігін арттыратынын айтты. Бұған қоса, депутат шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ шетелдік қатысуы бар отандық заңды тұлғалардың саяси партияларды қаржыландыруына жол бермеу маңызды екенін атап өтті.
«2026 жылғы конституциялық реформа адамның маңызды екенін, мемлекеттік саясаттың ортасында нақты адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті тұратын бағытты жалғастырады. Құқықтар мен бостандықтар адамға туа беріледі, олар мемлекет тарапынан берілмейді. Реформаның негізгі мақсаты – азаматтардың конституциялық құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз ету мен мемлекеттік басқару сапасын арттыру», деді М.Бәшімов.
Унитарлы мемлекеттерге тән Парламент
Кеше Конституциялық комиссияның екінші отырысы реформалар жөнінде келіп түскен ұсыныстарды талқылауға арналды. Конституциялық сот төрағасы Э.Әзімова комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын әрі реформаға деген қызығушылық жоғары екенін айқын көрсетеді. «Мұндай диалог форматы конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін әрі оның тікелей қатысуымен жүргізілетінін байқатып отыр», деді ол.
Жиын барысында комиссия мүшелері кезекпен сөз алып, реформа аясында қолға алынуға тиіс ұсыныстарын ортаға тастады. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пропорционалды жүйе бойынша сайланатын бір палаталы Парламентке көшу – еліміздің саяси жүйесін дамытудың қисынды жалғасы екенін жеткізіп, «Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысының бастамасына нық қолдау білдіргенін еске салды.
Оның айтуынша, екі палаталы Парламент – бұл федералдық мемлекеттік құрылым институты, онда Сенаттың міндеті – федерация субъектілерінің заңнамасын ұсыну мен үйлестіру. «Біздің еліміз – бірыңғай заңдары мен ережелері бар унитарлық мемлекет. Біз Шемонаихадан Форт-Шевченкоға дейін, Бескөлден Шардараға дейінгі әртүрлі аймақтардағы адамдардың өмір сүру сапасы мен мемлекеттік қызметтерге бірдей кепілдік беріліп, қорғалуына ұмтыламыз. Бұл тұрғыда өңірлер мен олардың тұрғындарының мүдделері тең дәрежеде сақталуға тиіс», деді ол.
А.Перуашевтің айтуынша, бүгінгі таңда бір палаталы Парламенттің мемлекеттік билік жүйесіндегі өкілеттігін күшейту бойынша оңтайлы шешімдер әзірленген. Сонымен қатар Конституцияда оның мәртебесін бекіте отырып, Халық кеңесі жоғары консультациялық органын құру туралы бастама түрлі этностар өкілдерінің билік жүйесіне қатысуын 8 есе кеңейтеді, өңірлердің мүдделерін білдіруді бекітеді әрі азаматтық қоғам көшбасшыларының саяси жүйеге тартылуын қамтамасыз етеді. «Іске асырылып жатқан конституциялық реформа – халықаралық және парламенттік оппозицияның көп жылдық тәжірибесіне сүйенетін бүкіл конституциялық жүйенің шын мәнінде терең қайта жаңғыруы», деп атап өтті А.Перуашев.
Құрылтай 145 депутаттан құралады
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым өз сөзінде жаңа Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты 50, 51 және 53-баптарға ерекше назар аударды. Ол барлық ұсыныс Мемлекет басшысының Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларын ескере отырып әзірленгенін атап өтті.
«Ұсынылып отырғандай, болашақ Құрылтай пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша сайланатын 145 депутаттан тұрады. Олардың өкілеттік мерзімін қазіргі Мәжіліспен бірдей – бес жыл деңгейінде сақтау ұсынылып отыр. Сонымен қатар, Құрылтай депутаттығына үміткерлерге қойылатын қосымша талаптар арнайы Конституциялық заңдарда көзделуі мүмкін», деді депутат.
Оның айтуынша, болашақ Құрылтайдың жұмысына қатысты ең мазмұнды әрі тұжырымдамалық өзгерістер 53-бапта қамтылған. Бұл өзгерістер еліміздегі мемлекеттік басқару құрылымы мен жүйесін елеулі түрде өзгертіп, тұрақтандыруға, билік тармақтары арасындағы қажетті тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ өкілді, атқарушы, сот билігі арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған.
Отырыс барысында сөз алған саясаттанушы Марат Шибұтов жаңа Конституцияның преамбуласы елдің тарихи тамырын, құндылық бағдарлары мен мемлекеттің қызмет ету қағидаттарын кешенді түрде айқындауға тиіс екенін атап өтті. Сарапшының айтуынша, преамбула қоғамға «біз кімбіз, қайдан келдік, қайда бара жатырмыз» деген идеяларды айқын жеткізіп, құндылықтарды қалыптастыруға тиіс. «Негізінде, ол өткеніміз бен болашағымызды бағалауда біз қалаған нәрсенің бәрін жинақталған түрде білдіретін тұжырымға айналады», деп атап өтті М.Шибұтов.
Саясаттанушы преамбула елдің тарихи негіздерін көрсетумен қатар, ғылым мен инновация жетістіктеріне негіз қалап, жас ұрпаққа бағыт-бағдар сілтеуге тиіс екенін айтты. «Болашақ «алма піс, аузыма түс» дейтіндер мен инфоалаяқтарға емес, жоғары технология мен инновациялық салаларда еңбек ететін білімді, мәдениетті адамдарға тиесілі», деді ол.
Сондай-ақ преамбула сыртқы әрі ішкі аудиторияға арналған маңызды мазмұндық мәнге ие екенін, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын бекітіп, бейбіт ниеттерді көрсететінін, заңдылықты, әділеттілікті, азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызын айқындайтынын еске салды.
Әділетті Қазақстанды құру – ортақ міндет
Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров өз сөзінде мемлекеттің тиімділігін арттыру мен азаматтардың мүдделерін қорғау үшін конституциялық өзгерістердің маңызын атап өтті. «Respublica» партиясы атынан сөз сөйлеген ол реформаларды толықтай қолдайтынын мәлімдеп, институттарды нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, нормативтік иерархияның айқындығы мемлекеттік тиімділік пен биліктің орнықтылығына жағдай жасайтынын атады.
Депутат 2019 жылдан бері елде институционалдық кемелдікке бағытталған жүйелі өзгерістер жүзеге асырылып келе жатқанын еске салды: саяси жүйе жаңғыртылды, саяси қатысу тетіктері күшейтілді, партиялар мен азаматтық қоғамның рөлі артты. Конституциялық реформа осы үдерістердің заңды жалғасына айналды. «Бұл – ел дамуының алдын ала белгіленген бағытының қисынды жалғасы. Оның негізділігі мемлекеттік жүйедегі сенімнің, жауапкершіліктің, жеделдіктің артуынан көрінеді», деді А.Ходжаназаров.
Мәжіліс депутаты сондай-ақ қоғамдық диалогтің әрі Қазақстанның Халық кеңесі тетігінің азаматтар мен билік арасындағы тұрақты кері байланыс алаңы ретіндегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, реформа жас буынға бағдарланған, сондай-ақ экономиканы, кәсіпкерлікті, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасайды. «Әрқайсымыздың елдегі өзгерістерді талқылауға, маңызды қоғамдық мәселелер бойынша пікір айтуға және қабылданатын шешімдерге үн қосуға мүмкіндігіміз бар екенін жоғары бағалаймыз. Әділетті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ жауапкершілік», деп түйіндеді депутат.
Сонымен бірге Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев та сөз алып, комиссия жұмысы қоғамның заманауи сұраныстарына жауап беретін Ата заңды дайындауға бағытталғанын, «Amanat» партиясы реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып отырғанын әрі Президент бастамаларын толық қолдайтынын айтты.
Депутаттың сөзінше, комиссия ашықтық қағидаттары мен барлық саяси партиялардың пікірін ескеру негізінде жұмыс істейді, ал конституциялық өзгерістер институционалдық тұрғыдан мықты Парламент қалыптастыруға бағытталған. «Бүгінгі таңда біз қолданыстағы негізгі заңға түзетулер енгізу бойынша ғана емес, Әділетті Қазақстанның сұраныстарына жауап беретін жаңа Конституцияны іс жүзінде қалыптастырып жатырмыз. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген, билік архитектурасын жүйелі түрде қайта құру деген сөз», деді Е.Бейсенбаев.
Ол бір палаталы Парламентке көшу заң шығару ісін жеделдетіп, саяси партиялардың рөлін күшейтетініне әрі депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратынына назар аударды. «Барлық заңдар бір Парламентте үш оқылымнан өтеді: алғашқы екеуі – ашық түрде, үшіншісі – Конституция мен ұлттық заңнамаға сәйкестігін тексеру үшін. Бұл лоббистік ықпал мен жеке мүдделердің араласуын толықтай жоққа шығарады», деп атап өтті депутат.
Е.Бейсенбаев сондай-ақ пропорционалды сайлау жүйесінің және партияішілік праймериздің маңызын айтты. Оның сөзінше, бұл тетіктер сайлаушылар мен Парламент құрамы арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді, оның ішінде жеке азаматтардың өкілдері де болады.
Жиын соңында комиссия төрағасы Э.Әзімова келесі төртінші отырыс сәрсенбі күні, яғни ертең 28 қаңтарда өтетінін, сол жиында барлық ұсынысты мәтін түрінде біріктіріп жинақтау ұсынылатынын хабарлады.