Облыс прокуроры Марат Сексембаевтың айтуынша, акция облыстың барлық қаласы мен ауданында бір мезгілде бастау алған. Ұйымдастырушылар шалғай елді мекендерде тұратын азаматтардың да назардан тыс қалмауын ескеріпті.
– Іс-шараға 150-ден астам мемлекеттік орган, 146 жұмыс беруші кәсіпорын, 12 оқу орталығы, 11 үкіметтік емес ұйым, сонымен қатар белсенді жастар қатысып жатыр. Акция барысында 1500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азамат уәкілетті орган өкілдерімен жүзбе-жүз тілдесіп, түйткілді сауалдарына жауап алады. Кейде мүгедектігі бар жандардың жұмысқа орналасуына, әлеуметтік-медициналық көмек алуына немесе баспана мәселесін шешуге кедергі болатын жайттар кездесіп жатады. Сондықтан ерекше қажеттілігі бар жандардың жағдайына тереңірек үңіліп, жан-жақты қолдау көрсететін осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұрған абзал, – деді облыс прокуроры.
Жиынға үлкен үміт арқалап келгендердің біразының мәселесі сол мезетте оң шешімін тапты. Мәселен, ерекше бала тәрбиелеп отырған Қостанай қаласының тұрғыны Диана Құрманова бір жылдан бері түрлі бюрократиялық кедергілерге тап болып, ұлына заң жүзінде тиесілі ем-шараға қол жеткізе алмай келген еді. Облыстық жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары ананың өтінішін табан астында қарастырып, қаладағы бейімдеу орталықтарының біріне тегін жолдама берді.
– Мен сияқты ерекше қамқорлықты қажет ететін бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға мұндай кездесулердің маңызы зор. Кейде балам үшін талай мекеменің табалдырығын тоздыруға тура келеді, оны жетелеп әр жерге бару оңай емес. Міне, бүгін көптен бері қолымыз жетпей жүрген жолдаманы алып, қуанып жатырмыз. Игі іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысым шексіз, – дейді Д.Құрманова.
Жиын барысында зағип жандар да өздерін толғандырған сауалдарға тұщымды жауап алып, білікті мамандардың кеңесін тыңдады.
Бүгінде облыс орталығында 9 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар болса, оның жартысына жуығы үшінші топқа жатады. Бұл дегеніміз – олардың еңбекке араласып, жұмыс істеуге мүмкіндігі бар деген сөз. Осы орайда, аталған санаттағы бірсыпыра азамат жұмысқа орналасу жөнінде жұмыс берушілермен келісімшартқа отырды.
Акция аясында «Отбасы банк» АҚ өкілдері мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету, қолданыстағы бағдарламалар, жеңілдетілген несие алу жолдары туралы ақпарат берді. Кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнес бастауға ниетті жандарға мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіріп, бизнес-жоспар құру, гранттар мен субсидиялар алу жөнінде кеңес ұсынды.
Қостанай облысы