Ауыл • Бүгін, 09:15

Нағыз қыс – Шанағатыда

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Борандатып, бұрқасындатты. Артынша сақылдаған сары аяз қысты. Шығыстың шытыр­лаған аязында термометр баға­насы қырықтан асып жы­ғылды. Сонда ғой, елдің көбі Шанағатының апталап тұра­тын аязы қаншаға барды екен деп елеңдесті.

Нағыз қыс – Шанағатыда

Суретті түсірген – автор

Иә, еліміздегі ең суық нүкте – Марқакөл ауданының түу түкпіріндегі Шанағаты ауылы. Азын-аулақ түтін қалған ауылдың аязын ел аңыз қылып айтып жүргенімен, ақиқат. Биылғы аяз тіптен қысты. Термометр бағанасы алпыстан асты. Жергілікті жұрт одан төмен сан болмады, әйтпесе жетпіске де барып қалуы ғажап емес деп топшылады.

Алдыңғы жылы Марқа өңіріне қалың қар түсіп, ел-жұрттың жағдайын сұрай сапарлап барғанбыз. Сол кезде Шанағатының тұрғыны Ойрат Шоқақов ертеде –66 градус аяз тіркелген деп, өзі таңғалып отырған. Дәл сол аяз, міне, биыл қайталанды. Түкірік жерге түспейтін суық малды да, жанды да қинады. Тіпті техника төзбейтін үскірік өңменіңнен өтеді. Оның үстіне бұл жақтың суығы апталап тұрады. Ауылды тау қоршап жатқандықтан ба, аяздың беті бір демде қайтпайды да. Нағыз қыс – Шанағатыда. Анық-қанығын кім білсін, ауыл атауы да табиғаттың тосын мінезімен байланысты-мыс. Ертеде дейді, ауылдың бас жағында аязды күні шана қатып, содан Шанағаты болып кеткен көрінеді. Кейбір зиялы қауым Шанағаты да Арғанаты секілді атау деп, арыға барғысы келмейді. Түп-төркінін қазбалайтын болсақ, бірі моңғолдың сөзі десе, енді бірі қалмақты қайталап жүрміз дейді.

Қызығы сол, Саха жеріндегі сақыл­даған сары аяз бізде де бар.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Марқакөл ауданы,

Шанағаты ауылы

Соңғы жаңалықтар