Таным • Бүгін, 09:45

Қарап тұрсам, дүние... Эссе

20 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Есім кіре бастаған кезде байқағаным, біздің үй басқаларға қарағанда жүдеулеу тұрады екен. Ең алды­мен есігіміздің алдында мал тү­гілі, қора-қопсымыз да жо­ғын аң­ғардым. Оның себебін кейін білдім. Сөйтсем, әкем Қуа­нышбек Солты болыстың жал­ғыз ұлы, яғни байдың баласы болғаны әрі жарты әлемді кезіп, мұсылманша оқығаны үшін кеңес өкіметіне жақпай, оған өзге елдің тыңшысы деген жала жауыпты.

Қарап тұрсам, дүние... Эссе

Атып тастамақ болған әскердің шеңгелінен әзер дегенде қашып шыққан ол қаншама жыл әр жерде бой тасалап жүреді. Әкемнің кеңес өкіметінен көрген қорлығы, қызылдардың оны азаптап өлім­ші етіп кеткені, бір Құдайдың кө­мегімен тірі қалғаны, айта берсе, бірнеше кітапқа жүк болары анық. Оның бәрін бала қайдан білсін. Анамнан біз неге кедей тұрамыз деп сұрай беретін едім.

«Апа, біздің неге сиырымыз жоқ? Көршіміз Айтжан аға сияқты әкем неге кәмунис емес?» деймін ғой баяғы. Бала болсам да Айтжан ағаның айналаға өктем-өктем сөйлейтінін байқасам керек. Мұндайда апам не айтарын білмей, сәл ойланып қалатын да, іле тү­сін суытып: «Сен осындай ке­рек­сіз әңгімені неге басыңа жинап жүре­сің? Біреудің қозы-ла­ғын­ санағанша, әпкеңе жәрдем бе­ру­ді үйрен», деп зеки сөйлеп, теріс айналып кететін. Сонда да мен аузымды жаба қоймаймын. «Шіркін, менің әкем де кәмунис болғанда ғой. Мен де мақтанып жүретін едім».

«Әй, әңгүдік-ай, әңгүдік! Қа­шан саған ақыл кірер екен», дейтін ол күйініп. Күйінетін де жөні бар, ел іші тынышталған шығар деп ауылға енді көшіп келген ата-анам сол кезде артық-ауыс сөйлеуге де қорқатынын, көбінесе іштен тынатынын мен, әрине білмейтін едім.

Шынтуайтына келгенде, сол жа­дау үйде тұрған кезде де мен өзге балаларға қарағанда әлде­қайда бақытты екенмін-ау. Жұрт­шы­лықты сесімен жасқап жүретін Айтжан ағаның өзі де менің әкеме ерекше құрметпен қарайтын. Ең қызығы, көршілер күн батып, ел орнына отырған шақта біздің үйге жиналатын. Шағын дастарқан жайылғаннан кейін бәрі әкеме қолқа салатын. Ол кісі де бәлсінбей, өзге елдердің салт-дәстүрлері, олардың бізден өз­ге­шелігі туралы тарқата әңгіме­лей келе, одан әрі Мұхамед пай­ғам­бардың өміріне, Әзірет Әлінің жорықтарына қарай ойысады. Немесе шығыс шайыр­ларының жыр жауһарларын тілге тиек ете келе, кейіннен өзіміз «Мың бір түннен» оқыған қызықты бір хи­каятты жалғастырып әкететін. Осының бәрін жиналғандар тамсана отырып тыңдайды. Әкеме ал­ғыстарын да жаудырып, баталарын да беріп жатады.

Әкем шаршай бастағанда  көпшілік анама қолқа салады.

«Ақыш, шырағым, меселімізді қайтарма», дейтін олар. Кейіннен естідік қой, анамның ата-анасы ерте қайтыс болып, ол кісі әкесінің аманат етуімен Жамбыл атаның бауырында өскен екен. Ол кісіден Зылиха-Жүсіп, Көроғлы, Манас сияқты дастандарды үйренген анам да көптің тілегін жерде қалдырмайтын.

«Күндерден күн өтіпті,

Күн мезгілі жетіпті.

Айлардан ай өтіпті,

Ай мезгілі жетіпті.

Жылдардан жыл өтіпті,

Жыл мезгілі жетіпті.

Сөйтіп жүріп Манастың

Жетіге жасы жетіпті», деп жыр бұлағын ағытқан ол таң сарғая бастағанда орнынан тұратын. Көрші-қолаң алған әсерден арыла алмай, үйді-үйіне әрең тарайтын.

Содан бері қаншама уақыт өтті. Енді, міне, қасымда ата-анам да, бірге туған ағам Шахтыкен де, әпкем Айшахан да жоқ. Оларды есіме алған сайын сол бауырларым­ менің баға жетпес қазынам екенін бар жан жүрегім­мен сезіне түсемін. Иә, олар ата-анам қал­дырған аманат қана емес, Жаратқан Иемнің маған деген өл­шеусіз сыйы екен. Осының бә­рін түйсіне отырып, көкіректері күмбірлеген күй іспеттес ата-ана бергені үшін Жаратқанға шексіз рахмет айтамын.

Ойлап отырсам, ағам Шахты­кен де ерек­ше жаралған жан екен. Ол еш­қашан өтірік сөйле­мей­тін. Өзіне кесірі тиіп жатса да, тек шындықты айтатын. Бас пай­дасы үшін біреудің көлең­ке­сін сағаламайтын. Ешкімнен ықпайтын. Мені де кішкентай кезімнен өзімді-өзім қорғауға үй­ретті. Кеңес өкіметі бізге мыз­ғымастай көрінетін сол заманда-ақ Шахтыкен түрлі экономикалық әдебиеттерді оқып, түні бойы Би-Би-Си-ді тыңдап, өздігінен ой қорытып, көп ұзамай кеңес одағының күйрейтінін айтатын.

Ойын еркін дәлелдейтін. К.Маркс­­тің «Капиталын» оқып, со­циализмнің теориялық негіз­дері­­ сол кездегі жағдайдан тым­ алшақ дейтін. Бір ғажа­бы, «Капиталды» оқып, он­дағы ойларды өз пікірімен түйін­деп жүр­генде ол әлі де сүйегі қат­паған бозбала жаста ғана еді. Неге еке­нін біл­меймін, айтқан сөз­дерін аса тү­сіне қоймасам да, кеңес өкі­меті оны ұстап әкете­ді-ау деп мен іштей қатты қорқатын едім. Құ­дайға тәубе, аман-есен Алла­ның­ бұйырған жасын жасады. Алты баласынан тараған не­мере-шө­бе­релері де бүгінде ел сыйлаған азамат­тар. Ең бас­тысы, олардың бәрі де менің ағатайым­ның ерекше қа­сиетін еншілеген. Адал тір­лік кешіп, адал сөз айтатын осынау салиқалы жастарды көргенде көз қуанады.

Күнделікті өмірде аз сөйлеп, көп тыңдайтын ағам бір қарағанда қарапайым көптің бірі сияқты көрінетін. Алайда Шахтыкенді жете білетін адамдар оның әр сала­дан хабары бар, өрелі азамат екенін еріксіз мойындайтын. Өй­те­тін де жөні бар, ауылда тірлік кешсе де, әлемнің классикалық әдебиетін өте көп оқитын. Абайды, Бунинді, Маркесті, Лермонтовты жақсы көретін. Әлдеқалай әдебиет жанашырларын кездестіре қалса, әлгі кісілер оны осы саланың зерттеушісі екен деп қалатын. «Осыншама қазынамен сіз неге ауылда жүрсіз?» деп таңдана сұрақ қойғандарға ол «қаладағы жұрттың бізден несі артық» дей келе өздігінен ізденетін адамдар қалада да аз екенін айтатын. Тек әдебиет емес, шын мәнінде ол барлық саладан хабардар болатын. Тарихты да терең білетін.

Бір айта кететін жайт, сол кезде жоғары оқу орнына сырттай түскен азаматтар өздерін Шахтыкенге қарыздар сезінетін еді. Неге десеңіз, сол ауылдағы сырттай оқитындар ізденуге еріне ме, оқу орны берген нақты тапсырмаларынан бастап, диплом жұмысына дейін жазуға көмектесіңізші деп қолқа салып жататын. Әрине, Шахтыкен олардың меселін қайтармайтын.

Кезінде жалғыз анасын қалды­рып, қалаға оқу іздеп кетуге мүм­кіндігі болмаған ол кейіннен ба­лалы-шағалы болғанда ауылға ыңғайлы кәсіпті меңгеру үшін Ал­матыдағы зоотехникалық инсти­тутқа сырттай оқуға түскен. Емти­хан кезінде берген жауабына риза болған мұғалімдер «Әттең-ай, сіз кезінде оқысаңыз (жас ша­ғыңызда дегені шығар) осы саланы зерттейтін ғалым болар ма едіңіз» деп тамсаныпты. Бұл сөзіміздің растығын осы оқу орнын сырттай бітіргендердің арасынан қызыл диплом алған жалғыз адам Шахтыкен екені де дәлелдей түссе керек.

Қазақ әдетте бірге туған аға-інілерін бауырым дейді. Бауыр адам ағзасындағы ең маңызды мүше. Онсыз адам өмір сүре алмайды. Демек бірге туған бауыры әр адамның қымбаты. Ал өзіне ең жақынын бауырына, қолқа, жүрегіне балайтын қазақ сол бауырларынан қамқорлығын, мейір-шапағатын аямайтын қыз баланың рөлін ағзаның тағы бір маңызды мүшесі – өкпеге теңеуі де әбден орынды сияқты. Иә, тынысыңды ашатын, қай кезде де сенің тілеуқорың ғана емес, қамқоршың боп жүретін әпкеңнің рухани болмысы ағзаның осы мүшесіне әбден ұқсайды. Әпкесі бар адамның бәрі бұл сөзіммен келіседі деген ойдамын.

Әпкем Айшахан да ерекше жаратылыс иесі еді. Оның құшағының кеңдігі соншалық, қанатының астына бүкіл әлем сыйып кететін. Сондықтан шығар, жүрек жы­луын, адами шапағат іздегеннің бәрі Айшаханның қасынан табылатын. Тіпті сайып келгенде, өзінің оған еш туыстық қатысы жоқтығын ондай адамдар мүлде ұмытып ке­те­тін. Өйткені Айшаханның өзі олар­ға бөтендігін сездірмейтін, ұдайы сенім артып, жөн-жоба көрсетіп, қолынан келген көмегін аямайтын.

Буыны қатпаған балаң қыздың кеңсірігі түтеп, ауыр тірліктен еңсесі езіліп келген ата-анасының бейнетін жеңілдетуге сіңірген еңбегін өз көзіммен көрген соң айтамын. Анам Айшаханның төрт жасынан бастап тамақ да­йындай бастағанын, пешке бойы жетпегендіктен, орындыққа шы­ғып тұратынын айтып, көз жасын бір сығып алатын еді.

Ең ғажабы, оны ауылдың үлкен-кішісінің бәрі жақсы кө­ретін. «Шіркін, Қуанышбектің үлкен қызы ерекше бала ғой. Қа­наты жоқ демесең, тура періш­те­нің нақ өзі» дейтін. Әлі есім­де, бірде әкеммен еріп Ысқақбай атаның үйіне барған­мын. Со­ғымбасына бүкіл ауыл келген екен. Ысқақбай ата ел-жұрт сыйлайтын, қадірменді кісі еді. Сол кісі дастарқан басында әпкемнің жұғымды, ибалы мінезін айтқысы келді ме, сөзді әріден бас­тады.

– Өткенде бір шаруамен жо­ғары Кастектегі аграномның үйі­не барып едім, Жамал келін жік­жаппар боп төрге шақырды. Келін­нің көңілін қимай, ішке кір­сем, ауыл мұғалімдерінің бәрі осын­да екен. Оның жайын келін­нің өзі айтты. «Аға, келгеніңіз жақсы болды. Қазір, іздеген ініңіз де келіп қалады. Мына жұртпен бірге отырып Құран оқыңыз, үйден дәм татыңыз» деді ол.

Дастарқан басында менімен амандық-саулық сұрасқаннан кейін мұғалімдер өзара әңгімелесе бастады. Шәкірттерінің бірін мақтап, бірін даттап отырған олар бір кезде Қуанышбек інімнің баласы Айшаханды жапа-тармағай мақтай бастады. Бәрінен де Жамал келіннің әңгімесі өте әсерлі естілді.

– Бала кезімде сөйлесе аузынан інжу-маржан төгілетін бір қыз ту­ралы ертегі естіген едім. Ай­шаханды көрсем болды, сол ертегі ойыма түседі. «Шіркін, сол бала­ның бойында бір міні жоқ» деп еді, мұғалімдер тағы да оны қоштай кетті.

– Жамал, дұрыс айтасың, сол ба­ланың әдептілігі, ізеттілігі кімді болса да еріксіз тәнті етеді. Айналасындағылар да оны тап бір мұғалім сияқты тыңдайды – деген Дәутабанның үйіндегі Балхия келіннің сөзін тағы да Қайыпбек жалғастырып әкетті.

«Тіл-аузымыз тасқа. Кейде мен сол бала қолына тікен ұстаса да, оны гүлге айналдырып жіберетін шығар, деген ойға келемін» деді бір сәт қатулы қабағын жазып.

 – Сол күнгі әңгімеге өз басым аса риза болдым. Әр ба­ланың мінез-құлқын, ой-өресін мұғалімдер жақсы біледі екен. Әсіресе олар біздің Темекісарай ауылының мақтанышы Айшахан балам жайлы айтқан сөздері көңілімнен шықты – дегені сол еді, Айшаханнан күнде теперіш кө­ріп жүрген мен шыдай алмадым. Қайтіп шыдайсың, күн сайын­ сабынды көпіртіп езіп, көзіңді ашытып, жылатып-еңіретіп суға түсіреді. «Киіміңді осы сен қайда жүріп былғайсың» деп ара-арасында шықпыртып та алады. Әлі мек­тепке бармаған кезім ғой. Осы бас­тан көндіге бер деп ой­науға жібермей, әріп үйреніп, оны жазуға мәжбүрлейді. Бір сөзбен айтқанда, менің үйдегі «жендетім».

Бұрындары ата-анамның қасын­да еркелеп жататын едім. Неге еке­нін, әкем көбіне сыртта тү­нейді (соңына түскен ке­ңес адамдары іздеп келіп қалар­ деп). Ал анам байғұс 80 кило­лық­ қанар қапты арқасына сап көтерем деп аяғын сындырып алған көрінеді. Содан кейін мен Ай­шаханның қасына жатуға мәж­бүр болған едім. Бұл жерде де жыбырлап тыныштық таппаймын ба, мен Айшаханды, Айшахан мені кейітіп, керісіп жатып әзер ұйықтайтынбыз.

 – Ата, дедім дауыстап (әке-ше­шем әбден еркелетіп еркіме қоя берген әздек болсам керек, мені бүкіл ауыл Қаратентек дейтін. Құлағым үйреніп кетсе керек, мен оған ренжімейтінмін).

– Ә, Қаратентек, кәне, не айтқың келді? – деді Ысқақбай ата.

– Ата, сіз Айшаханды бекер мақтайсыз. Ол дәп сіз ойлағандай жақсы емес. Сенбесеңіз, қасына бір күн қонып көріңізші, – деппін мен. Ысқақбай ата не айтарын білмей «Әй, тентек-ай» деп басын шайқағаны тап бүгінгідей есімде.

Есейе келе мен әпкем Айша­хан­­ның қандай мадаққа болса да лайық екеніне көзім жете бастады. Және оны іштей мақтан тұтатын бол­­дым. Расында да, ешкімді ала­­ла­май, жұрттың бәріне қам­қор­лық­пен қарайтын, жүрегі тек із­гі­лікке жаралған Айшахан ауыл­дың үлкендері айтқандай, өз қа­тарына қарағанда, әлдеқайда са­налы екені оның әр ісінен, жұрт­пен қарым-қатынасынан айқын байқалып тұ­ратын. Оқуда да үздік. Мектеп бітірген соң оның қалаған оқуына тү­сетініне еш­кімнің шүбәсі болмай­тын. Алайда біздің үйдің іші тағы да тағдырдың аяусыз сынына тап болды. Ұзақ жыл жазықсыз жала жабылып, өмірі қуғында өткен әкемнің денсаулығы сыр беріп, Айшахан мектеп бітіретін жылы дүниеден өтті. Әкемнің қазасы көп дүниені өзгертті. Айшахан да жоғары оқу орнына бара алмады. Бірақ жасымады. Жамбыл ата ауылына барып, мектепке пионервожатый болып орналасты. Сонда жүріп, Әбен Қожамқұлов деген азаматқа тұрмысқа шықты. Иә, ол барған жеріне балдай батып, судай сіңді. Ата-енесі оны жақсы көргені сон­ша, «келініміз үйімізге құт боп келді. Ұлымыздың маңдайы ашыл­ды», деп қуанды. «Оған екі дүниеде де ризамыз» деп баталарын берді. Төрт қайынсіңлісін оқытып, ұзатып, солардың ең сүйік­ті адамына айналды. Өзі де жеті баланың анасы атанып, олар­ға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, ұл­дарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Білім-білігін көтеруді де ұмытқан жоқ. Абай атындағы педагогикалық университетті бітіріп, өзі қызмет атқарған Қара­су ауылындағы ең үздік ұстаз атанып, Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген ұстаз төсбелгісін алды. Сондай-ақ «Алтын алқалы ана» атанды. Қайнысы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик Төле­ген Қожамқұловтың сөзімен айтқанда, Айшахан бүкіл қазақ әйелдерінің эталонына айналды.

Өмірі жұртқа өнеге болған сол Айшахан қайтыс болғанда ізгі жүректі бір ауыл адамы айтқан мына бір аңыз әңгіме осы күні ойы­ма орала береді.

«Жер бетінде мейір-қайыр азая бастағанда Жаратушы Ием жұртқа үлгі-өнеге болсын, маңайына ізгілік шуағын шашсын, сол шуақ айналасындағы адам­дардың бойына нұр боп тарасын деп жер бетіне адам бейнесіндегі періштелерді жіберетін көрінеді. Айшахан сол періште болар деп ойлаймын» деген еді бірде.

Оның бұл сөзінің ақиқатын жұмыр басты пенде қайдан біл­сін. Бәлкім, солай да шығар. Иә, қалай бол­ғанда да тұла бойы тұн­ған мейі­рім мен шапағат, жүре­гінің өл­шеусіз жылуы оған Ал­ланың бер­ген орасан сыйы еді. Сон­дықтан да шығар, ұзақ жылдар бойы өзара сый­ласып өткен сырлас құрбысы, қа­зақтың арқалы ақыны Фариза Оң­ғар­сынова «Айшахан – нағыз парасат патшайымы ғой» деп тамсанатын.

Осы арада айта кететін тағы бір жайт, Айшахан ұстаздың зейнет демалысына шыққанына не заман. Алайда оның өз шәкірттеріне берген жүрек жылуы еш суымаған екен. Иә, оны жерлеген күннің ертесіне басына Құран оқып қайтайық деп барған үлкен-кіші мына бір көрініске таң-тамаша болған. Айшаханның қабірін кезінде өзі оқытқан шәкірттері түгелдей раушан гүлдерімен көмкеріп тастапты. Міне, ұстазға деген шәкірт махаббаты.

Айшахан Қуанышбекқызының есімі алтын әріппен жазылып, еліміздің Алтын кітабына енген екен. Өкініштісі, оны өзі көре алмай кетті.

Қазақ «Тірі өлінің көзін жабады, өлі тірінің көзін ашады» дейді. Бұл нағыз өмірден алынған сөз екен. Олардың өмірлік ұста­нымы, кісілік келбеттері кімге болса да үлгі болуға лайық еке­нін білгендіктен де, ойымды көпші­лік­пен бөлісуді ұйғардым.

 

Жұмагүл Солты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 10:00

Рухани тәрбие мектебі

Аймақтар • Бүгін, 09:55

«Ауыл аманатының» шапағаты

Қоғам • Бүгін, 09:50

Қарап тұрсам, дүние... Эссе

Таным • Бүгін, 09:45

Балық шаруашылығында береке бар

Шаруашылық • Бүгін, 09:35

Бір секундта қан тоқтатады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30