Денсаулық • Кеше

Алғыс арқалаған азаматтар  

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Денсаулық – басты байлық» деген қағида өмірдің шындығы екенін жан-тәніңмен ұғынатын сәттер болады. Жайшылықта мұны елеп-ескере бермейтініміз өкінішті. Денемізді дерт дендеп, жанымыз қысылғанда, күйкі тірліктің бәрі жайына қалып, жан дәрменіміз қалмай шипа іздейміз. Мұндайда сүйенеріміз Құдай, сосын – ақ халатты абзал жандар.

Алғыс арқалаған азаматтар  

Жуырда өмірімдегі аса маңызды кезеңнің бірін бастан өткердім. Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жүрек қан тамырыма күрделі шунт орнату отасы жасалды. Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Бірақ медицинаға, оның ішінде өз ісіне жанымен берілген дәрігерлерге деген сенім мені серпілтті. Үміт пен үрейді тең арқалаған жауапты сәтте жанымнан табылып, қолдау білдірген  дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында күрделі операция сәтімен аяқталды.

Осы ретте,  Елордадағы емдеу мекемесінің Гүлжан Шалатайқызы жетекшілік ететін №2 кардиология бөлімінің мамандарына деген шынайы алғысымды  баспасөз арқылы жеткізгім келді.  Бұл мақала арқылы олардың еңбегіне бас иіп, отандық медицинаның өркендеп келе жатқанын, жүйелі қадамдар мен адами қарым-қатынастың ем-доммен қатар маңызды екенін айтқым келеді.в

Қай істе де ең бастысы – сенім мен кәсібилік. Бұл қос ұғым Отандық медицина саласында кең өріс ала бастағанына көзім жетті. Жанымды аман алып қалған жүрек хирургиясы бөлімінің білікті дәрігерлеріне, ота тобына, медбикелер мен мейіргерлерге айтар алғысым шексіз.

Адам өміріне араша түсу – дәрігер атаулының ең ұлы миссиясы десек, осы бір сенімнің үдесінен табылып, жанға жұбаныш сыйлаған өз ісінің шеберлері қандай құрметке де лайық. Осы орайда, өзіме ота жасаған білікті дәрігерлер Беслан Хуцаев пен Мурадым Мурзагалиевтің еңбегін атап өтуге тиіспін. Бұл азаматтар –нағыз майталман мамандар. Жетекші кардиохирург ретінде олардың тек техникалық тұрғыдан емес, адами қарым-қатынаста да жоғары мәдениетті, пайым-парасаты биік жандар екеніне куә болдым. Бүгінде оларды тек мен емес, талай науқас алғысқа бөлеп жүргеніне күмәнім жоқ.

 Үлкен тәуекелге бел байларда бүкіл өмірің көз алдыңнан сырғып өтіп, терең ойға шомасың. Емхана дәлізіне телміре қарап, өткен-кеткен адамның жанарынан жылылық іздейсің. «Көңіл – көңілден су ішеді» деген тіркестің тамырына терең бойлайсың. Мұндайда бір ғана жылы сөз – жанға дәру. Жоғарыда атап өткенімдей, Гүлжан Шалатайқызы жетекшілік ететін №2 кардиология бөлімінің мамандарынан айрықша адами жылылықты сезіндім. Бұл бөлім – білім мен біліктің, мейірім мен ізгіліктің ұжымы дерсіз. Әсіресе бөлімде еңбек етіп жүрген жас мамандардың ықыласы мен іскерлігі жаныма жылу ұялатты.

Біз «Жастар – ел болашағы» дейміз, ал мұнда сол сөздің нақты бейнесін көресің. Жан-тәнімен қызмет ететін, науқастың көңіл күйін қалт жібермейтін, көзінен қорқыныш байқалса, демеу болатын осындай жастарға қарап үміттенесің, қуат аласың. Әсіресе жас мамандардың кәсіби сауаттылығы, мәдениеттілігі, науқаспен жұмыс істей білу этикасы қуантты. Қарапайымдылық пен сыпайылықты серік еткен олар – болашақтың үміті. Адам тағдыры үшін күресіп жүрген жастарымыздың бойынан терең тәрбие мен адамгершіліктің өнегесін көру қандай ғанибет.

Пышаққа түсетінімізді ойлағанда еріксіз жүрексініп, болмашы уайымға бой алдырмауға тырыстық. Бірақ дәл осындай кезде жылы сөз, жанашырлықпен жасалған қамқорлық жанға ең үлкен демеу екеніне тағы көзім жетті. Медбикелер мен санитарлардың шын көңілден көрсеткен ықыласы, өз жұмысына адалдығы мен тазалығы – нағыз адамдықтың айғағы.

Бұл ұжымды ауызбіршілік пен ізгі ниетке жұмылдырып, осындай биік рухтағы ортаны қалыптастырған басшылықтың еңбегі зор деп есептеймін. Адамға деген жанашырлық – нағыз емнің бастауы. Мен осы жүректен шыққан алғысымды дәрігерлер қауымына, әсіресе Астанадағы жүрек орталығының қызметкерлеріне арнаймын.

Адам жаны мен жүрегі – аса нәзік әлем. Сол әлемнің тынысын қалпына келтіріп, адам өмірін ажалдан арашалап жүрген ақ халатты жандардың еңбегі – өлшеусіз. Жандарыңызға саулық, қызметтеріңізге толайым табыс тілеймін, ізгі жандар!

Әлім ЖУСАНБАЕВ,

Кедендік Одаққа мүше мемлекеттердің құрметті азаматы,

Мемлекеттік кірістер комитетінің үздігі

 

Соңғы жаңалықтар