Абай Аймағамбет есімі көпшілікке дәстүрлі әңгімелерімен танылып, қазақ әдебиетінің қоржынына «Бесінші жатақхана», «Білте шамның жарығы», «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» сынды кітаптар салған жазушы. Осыдан бірер жыл бұрын әріптесіміздің «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» атты романы Кемел Тоқаев атындағы детектив жанрында өткен әдеби байқаудан бас жүлде алған еді. Енді, міне, Абай Аймағамбеттің кезекті «Толқынды күткен бала» атты шығармасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағының «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» атты жобасы аясында жарық көріп отыр.
Автор бұл туындысында Арал теңізінің қасіретті тағдырын өзек етіп, 1960–1980 жылдары аралығында ұлтымыздың басынан өткен тарихты теңіздің тартылу трагедиясымен астастыра әңгімелейді. Яғни жас қаламгер толқыны жағаны ұрған теңізді күткен баланың аңсарын Арал бойындағы шынайы өмірді байланыстыра отырып боямасыз суреттеген.
Жалпы алғанда, осыған дейін жып-жылы туындыларымен оқырман көңілін арбаған қаламгер артық айтып, кем түспей, әр сөйлемін таразыға екшеп пайдаланғанын байқадық. Сондықтан да суы тартылып, орнында тау-тау құмы қалған Арал тағдырына, сол өлкеге қатысты оқиғалар мен аңыздарға жан бітірген жазушының талабына оқырман ретінде ризашылық білдіреміз. Экологиялық апатқа ұшырап, замана салған зардапқа белшесінен батқан халықтың үні әдеби шығармадан естілді. Бұл үн Аралдың ақиқаты мен Арал апатына берілген әдеби баға боларына сенеміз.