Осы орайда айтпағымыз, жазушы Сапарғали Ысқақұлының басқа қаламгерлерден ерекшелігі – ұлттық этнография тақырыбына, соның ішінде саятшылық туралы көп жазды. Бұған дәлел автордың «Қыран кегі», «Қыран туралы аңыз», т.б. туындылары. Әсіресе жазушының «Саятшы әңгімелері» атты хикаясында қаршыға тектес (қаршыға, тұйғын, қырғи, тұнжыр, т.б.) шәулі қырандар хақында өте қызықты жазбалары бар.
Мысалы, жазушы шәулі тұйғынды түрі мен болмыс-бітіміне қатысты мырза тұйғын, құл тұйғын деп екі түрге бөліп, оларды жеке-жеке сипаттайды. «Мырза тұйғынның денесі аппақ, көзі қара, мойны, құйрығы ұзын болады, ал құл тұйғынның сипаты: түсі сұрғылт, арқа жағы қоңыр-көкшіл, мойны мен құйрығы қысқа, жұмыр, дембелше келеді. Мырза тұйғын аң-құс қаққан кезде қанатына қан тисе, келесі қаз-үйрекке ұшпай, таранып отырып алады. Ал құл тұйғын қанатына жұққан қанға қарамайды, қашқан үйрекпен бірге батпаққа түсіп, алымына қарай ұша береді», деп баяндайды.
Жалпы, саят құстары ішінде алмыры қаршыға. Оның басқа шәулі қырандардан ерекшелігі – жан сауғалап қашқан олжасын індетіп қуып жүріп ұстайды. Тіпті бұта-бүргенді паналап тығылған қоянды немесе тал-теректің бұтағына барып тығылған желбесін (жыл құстары) құстарды ұстамай қоймайды. Бір алаңдарлық дүние – қаршыға ұстаған олжасын қалтарыс жерге басып отырып, иесіне көрсетпей жеп қоятындықтан, иесі оның аяғына, болмаса арқа жүніне кішкентай қоңырау байлап, сылдыры арқылы тауып алады.
Сөйте тұра қаршыға – бабы тез бұзылатын құс. Қаламгер жазбаларында қаршығаның бабы үш себептен бұзылады депті. Біріншісі, семіздіктен, екіншісі, арықтаудан, үшінші қызыл майланудан екен.
«Бабы бұзылған қаршығаны түзеу үшін: семізін арықтатады, арығын күйлендіреді, қызыл май болғанын түзеу қиын. Қаршығаның қызыл майлануы дегеніміз – семізден арықтатқанда тамақты біртіндеп азайтпай, кенет ашықтырғандықтан қауырсын үлпершегінде май бөлініп қалуын айтады. Қызыл майланған қаршығаның белгісі – қолда отырып, құс көрсе талпынады, ал ұшса, еті қызып айнып кетеді. Онысын кетіру үшін – бұзылған қаршығаға жем беріп семіртеді. Одан кейін қайта қайырып, біртіндеп арықтатады. Осы кезде саятшы оның қауырсын түбінде, үлпершегінде май қалып қоймауын қадағалайды», деп жазады қарт қаламгер.
Саятшылар жақсы біледі, қаршығаның қаз алуы қиын. Тәжірибесіз саятшы топтанған қазға қаршығасын жіберіп, қапы қалғаны туралы әңгімелер көп. Яғни қолдан ұшқан қаршыға топтана ұшқан қаздың бірін іліп түсіп жерге қонады. Осы сәтте басқа қаздар қайта ұшып келіп, әріптесін құтқару үшін қаршығаны қанатының шыбығымен сабалайды. Таяқ жеген қаршыға ұстаған олжасын босатып, қашып шығады немесе мұрнынан қан кетіп өледі. Одан да жаманы қатты таяқ өткен қаршыға екінші қайта желбесін құстарға жоламайтын болады.
Қаламгер жазбаларында осындай оқиға туралы баяндалыпты. «Ертістің арғы жағында үш болыс ел уақ тұрады. Осы елде Ұзақ атты атақты саятшы өткен, – деп бастайды Сапарғали қарт. – Осы кісі түстіктегі қарағайлы өлкеге адам аттандырып, шәулі қыран алдырады екен. Бірде қолына қыран қаршыға түседі. Оның атын «Көкжендет» деп қояды. Бұл құсы қаз, дуадақ, үйректі қырып салады. Бірде саятшы егін ормасында отырған топ қазға құсын жібереді. Қаздар дереу қамданып, шүйіліп түскен жауын қанатымен сабалап өлтіреді. Оқыста құсынан айырылған саятшы қайғырып жатып қалады. Содан қайғысын жеңілдету үшін қыран қаршығасына ән арнағысы келеді. Сөйтіп, Арқа өңіріне әйгілі, руы жарылғап Балта ақын Тасыбай баласын қос атпен адам жіберіп алдырады. Саятшының көңіл күйін түсінген ақын:
Көкжендет, тұғырың алтын маржан булы,
Тұрушы ең ағаш үйде асыраулы.
Он бес қаз, отыз үйрек бір күнде алып,
Қайтпаған құстан бетің қыран шәулі.
Шығушы ем Көкжендетпен құсқа кешке,
Құс ұшса, Көкжендетім түседі еске.
Қаз сабап қайран қыран жығылғанда,
Шауып ем қазды атам деп қозыкөшке... –
деп өлең шығарады».