Қоғам • Бүгін, 08:40

Кооператив атын жамылған қаржы пирамидасы

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Интернет алаяқтардың айласы әшкере болған сайын олар астыртын схемаларды ойлап тауып жатыр. Мәселен, қазір алаяқтар тыйым салынған қаржы пирамидаларының жұмысын Тұтыну кооперативтері арқылы жүргізіп, азаматтардың миллиондаған ақшасын жымқырып, сан соқтырып отыр. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, кейінгі екі жылда қаржы пирамидаларынан 3 мыңнан аса адам зардап шеккен.

Кооператив атын жамылған қаржы пирамидасы

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде нақты кооперативтік саланы жетілдіру, адал кооперативтер мен қаржы пирамидасының бел­гілері бар құрылымдарды ажы­рату, азаматтарды қор­ғау мен экономиканың ашық­ты­ғын арт­тыру секілді мәселе­лерді тал­қылаған депутаттар, мем­лекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қаржы пира­мидала­ры қоғамға зор зиян келті­ретін алаяқ­тық схемалардың бірі еке­нін айтады.

«Жыл сайын мыңдаған азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болып отыр. 2021 жылдан бастап Қаржы мониторингі агенттігі 100-ден аса «жалған қар­жы» схемаларын анықтап, 226 адам сотталды. Оларға 86 мың азамат 37 млрд теңге аударған. Кө­біне адамдар жалғыз үйі мен кө­лігін сатып немесе несие алып, қа­рызға батады. Жиған-терген ақ­шаларын алаяқтарға беріп, әлі де байып кетеміз деп сенеді. Қаржы пирамидалары қазір түрлі инвестициялық жо­балар, желілік маркетинг, крип­тобизнес секілді басқа да заң­ды болып көрінетін стартап­тар ретінде жасырынып жүр», деді Қаржылық мониторинг агенттігі Превенция және талдау әзірлемелері департаменті басшысының орынбасары мін­детін атқарушы Медет Несіпбек.

ҚМА өкілінің айтуынша, қаржы пирамидалары қазір к­ө­біне Тұтыну кооперативтерінің қызметімен астыртын өз мақса­тын жүзеге асырып жүр. Ал бұл заңды азаматтар бірлестіктерінің қызметіне нұқсан келтіріп, оларға деген сенімді жоғалтады.

«2022 жылдан бастап тұтыну кооперативтері ретінде қызмет ұсынған 12 қаржы пирамидасын анықтадық. Олардың қатарында «Елімай-2019», «Ата­мекен 2021», «ҒАП», «ЖҚ ОТАУ КЗ», «Аманат үй», «ЖҚ Асар бас­пана», «Аманат драйв», «Айба-Жанұя», «Ай арман», «Қаз үй», «Инновациялық қаржы ын­тымақтастығы», «Сатып алушылар одағы» ТК бар. Біз олардың маркетинг қызметін зерттеп, қаржы пирамидасы схемасының белгілерін көрсететін негізгі тәуе­келдерді анықтадық. Сондай-ақ 10 ұйымдастырушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Шығын шамамен 14 млрд теңгені құрады, 100 мыңға жуық азамат зардап шекті», деді ҚМА өкілі.

Бас проку­ратураның Қоғамдық мүдде­лерді қорғау қызметі Қар­жы заңнамасын сақтау басқарма­сының аға прокуроры Ардақ Cүлеймен кейінгі жылдары пайыз­сыз, ең аз алғашқы жарналар тө­леу секілді жылжымайтын мү­лік пен көліктерге жеңілдік шарт­­тарын ұсынатын тұтыну коо­перативтерінің қызметі қарқын ала бастағанын айтты. Оларды тек­серу барысында кейбір коо­перативтердің іс жүзінде қар­жы пирамидаларының қағи­да­тымен жұмыс істеп жатқанын көрсеткен.

«Мәселен, ел аумағында 49 филиал, 39 мыңнан аса салымшысы бар, 5 млрд теңгеден аса қаражат тартылған «Асар бас­пана» ТК жаңа салымшылар­ды тартуға негізделген бағдар­ламаларды жүзеге асырған. Алайда акционерлердің қара­жа­ты дұрыс бағытта пайда­ла­нылмай, қолма-қол ақшаға айырбаста­лып, шетелге аударылып отырған. Жалпы алғанда, 2023-2025 жылдар аралығында қаржы пирамидаларын құрып, басқару бойынша 183-тен аса сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», деді прокурор.

Осылайша, 2024 жылы прокуратура қаржы пирамидала­ры­ның астыртын ісімен күресу мақса­тында ведомствоаралық жұмыс бастайды. Сонымен қатар 2025 жылдың 12 наурызында Үкімет прокуратура­ның ұсынысымен әзірленген шараларды іске асыру бойынша жол картасын бекітеді. Ал осы жыл­дың 9 қаңтарында «Тұ­ты­ну коо­перативтері туралы» заң­ға түзетулер ұсынылды. Заң қа­былданса, тұты­ну коопе­ра­тивтеріне қатысушы­лар­дың саны 200 адамнан аспауы қажет, мемлекеттік тіркеу­дегі мүлікті сатуға тыйым салы­на­ды. Кооперативтер қатысушы­лардың құрамы туралы хабарлап, қаржылық жауапты тұлғаны тағайындау қажет. Сонымен қатар құжаттаманы сақтаудың қатаң тәртібі мен үлестік жарналарды енгізудің қолма-қол ақшасыз әдісіне көшу керек. Прокурордың айтуынша, бұл шаралар кооперативтерді қар­жы пирамидасы схемалары үшін пайдаланудың алдын алуға бағытталған.

Бұған қоса, былтыр қаржы пирамидасы схемаларына қарсы тұруды күшейтуге бағытталған банктік тәуекелдерді басқару жүйелерін қалыптастыру ереже­леріне де түзетулер қабылданған. Оның ішінде қаржы пирамидасы схемаларына қатысты мәмі­лелерді қоса алғанда, «заңсыз оқиғалар» ұғымы енгізілген.

«Банктер мұндай мәміле­лер туралы ақпаратпен Алаяқтық­қа қарсы күрес орталығы­мен мін­дет­ті түрде алмасып отыруы қа­жет. Дропперлердің де қызме­тін анықтап, шектеу талапта­ры белгіленді. Сондай-ақ заң­сыз оқиғалардың алдын алу рәсімдерін тиісті түрде орын­дауға қатысты банктік ком­плаенс менеджерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді», деді агент­тікке қарасты Қаржы ұйым­дарының əдіснамасы жəне пру­­денциялық реттеу депар­та­ментінің басқарма басшысы Ерлан Сәрсенбекұлы.

Осы орайда агенттік азамат­тардың қаржы пирамидасы схемаларына тартылуына жол бермеуге бағытталған ақпараттық, білім беру іс-шараларын жүйелі түрде жүргізуді қолға алған.

«Fingramatota.kz онлайн порталында қаржы пирамидасы схемаларының белгілері, кең таралған алаяқтық схемалар мен олардан қорғану жолдары туралы материалдарды қамтитын мамандандырылған бөлім бар. Бұл шаралар қоғамның хабар­дар­лығын арттыруға, азамат­тар­дың заңсыз қаржы схема­лары­ның жетегінде кет­пеуіне бағыт­талған», деді Е.Сәрсен­бекұлы.

Ал Алматыда «Boxy Wealth» қаржы пирамидасы схемасына қатысты тергеу осы аптада аяқ­талды. ҚМА хабарлауынша, күдікті жобаның Алматы­дағы бөлімшесін бір жыл бойы басқарған. Ол азаматтар­мен «www.boxywealth.com» веб-сайты мен хабар алмасу қосым­шалары, соның ішінде бас­тап­қыда тұтыну тауарлары туралы ақ­парат тарататын, ал кейін­нен азаматтарды инвести­ция­лық платформаға тартатын «Kundelikti Tabys» чаты арқы­лы жұмыс істеген. Жобаға қаты­су үшін пайдаланушылар ұсыныл­ған пакеттердің бірін сатып алып, күн сайын жарнамалық материал­дарды қарап отыруы қажет.Өйткені күніне 5 па­йыздан 10 пайызға дейін табыс табуға болатынын уәде еткен. Сондай-ақ жаңа қатысушыларды тартқа­ны үшін бонустар да түсіп отыр­ған. Қаражат жеке тұлғалар­дың (дропперлердің) банк шот­тары арқылы алынып, кейін­нен қаражат P2P транзакциялары арқылы криптовалюта­ға айырбасталған. Сенімділікті арттыру үшін компания тір­келіп, кеңседе жарнамалық, кірістілікті арттыру шарттары мен көрсеткіштерін көрсету, инвесторларға кеңес беру се­кіл­­ді жұмыс жүргізген. Осы­лайша, ­78 жәбірленуші пирамида схема­сына 110 млн теңге­ден аса инвестиция салған. Қазір күдікті қамауға алынып, оның Алматыдағы жер учаске­сі сот ­ше­шімімен тәркіленді. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Бұл жерде ең бастысы мәсе­лені ушықтыратын – азаматтар­дың қаржылық сауатсызды­ғы. Аз уақыттың ішінде аз ақшаны қомақты қаржыға айналды­рып аламын дегендердің есінде үнемі «еңбек етпесең – елге өкпелеме, егін екпесең – жерге өкпелеме» деген нақыл сөз жүруі қажет.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:15

Бұйырғаны – жеті жүлде

Күрес • Бүгін, 09:05