Іс-шарада жас таланттың сөзіне жазылған бірнеше жаңа әннің тұсауы кесілді. Әнші-композитор Айнаш Бейсен Санжардың «Қиын екен» шығармасына жазылған жаңа әнді шырқап, кеш иесіне ізгі тілегін жеткізді. Өз кезегінде жанарынан нұр тайса да, өмірді өзінше жақсы көретін жас ақын тырнақалды туындысының таныстырылымына келген көпшілікке ризашылығын жеткізді.
Үш жасында көзі көрмей қалса да, тағдырдан баз кешпеген жастың жеткен жетістігі аз емес. Сүйегіне сөз сіңген Санжар көркем әдебиетті оқығанды, көңіліне тоқығанды айрықша жақсы көреді. Сондай-ақ ол кәсіпқой спортшы ретінде де біршама биікті бағындырған. Парапауэрлифтинг спортына аңсары ауған саңлақ Ақтау шаһарында өткен ел чемпионатында топ жарған. Сонымен қатар Мысыр елінде өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған.
«Ол – нағыз еңбекқор азамат. Оның өн бойындағы жігер мен қайсарлық кімді де болсын тәнті етпей қоймайды. Сол еңбекқорлығының арқасында талай биікті бағындырды. Өмірді өзгеше сүйетін шәкіртімнің алар асуы алда екеніне бек сенімдімін. Спортпен шұғылданып қана қоймай, өрнегі өзгеше өлеңдер жазып жүрген шәкіртіммен мақтанамын. Әрдайым жолы ашық болсын», дейді чемпионның жаттықтырушысы Руслан Греев өз ойымен бөлісіп.
Жүрегі жыр деп соққан Санжардың алғашқы шығармашылық кешінде жиналғандар тарапынан құрмет те, ізгі тілек те толастаған жоқ. Көркем әдебиетті жанындай сүйетін жас ақын жұрттың мақтауына масайраған жоқ. Жұрттың жақсы пікірін өзінің дамуына деген алғышарт ретінде қабылдайтынын айтып қалды. Спорт пен поэзияны қатар алып жүруге бел байлаған Санжарға толайым табыс тілейміз.
Тараз