Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Айтпағымыз, жылқы жылының қазақ танымындағы сипаты туралы. Ежелгі дала өркениетінің күнтізбелік ілімі мен мүшел есебін көне қытай, тибет, моңғол деректерімен салыстыра зерттеген этнограф ғалым Биқұмар Кәмалашұлы 2013 жылы жарық көрген «Қазақтың салт-дәстүрлері» атты көлемді кітабында мынадай пайым айтыпты: «Қазақ халқы жылқы малын өзінің жан серігі санап, бұл жылды ілтипатпен қарсы алады. Жылқы жылы туған адамдар қағылез, сергек, кербез болады. Ешкімге тәуелсіз дара өмір сүруді қалайды. Бұл топтан өнер адамдары мен қоғам қайраткерлері көп шығады. Ең бастысы, жылқы жылы туғандар достыққа адал, отбасылық өмірге ынталы келеді», депті.
Қазақ тарихында жылқы жылы туып, қайраткерлігімен ел есінде қалған тұлғалар баршылық. Атап айтсақ, атақты батыр, қолбасшы Бөгенбай Ақшаұлы (1678–1775), атақты батыр Жәнібек Бердәулетұлы (1714–1792), қазақтың бас батыры Баян Қасаболатұлы (1714–1772), дін қайраткері әрі батыр Бекет ата Мырзағұлұлы (1750–1813), көрнекті ойшыл, ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858–1931), қазақ жыршысы Жамбыл Жабаев (1846–1945), мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан (1870–1937), қайраткер, ақын Сәкен Сейфуллин (1894–1938), көрнекті жазушы Бейімбет Майлин (1894–1938), мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов (1894–1938), дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров (1894–1938), қазақ музыкасының көрнекті зерттеушісі Ахмет Жұбанов (1906-1968), майталман сазгер Шәмші Қалдаяқов (1930–1992), әдебиетші, этнограф Ақселеу Сейдімбек (1942–2009), т.б. Сондай-ақ жылқы жылы туғандар қатарына қазір арамызда жүрген ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов пен академик, физика-матеметика ғылымдарының докторы Мұхтарбай Өтелбаевты қосуға болады.
* * *
Биыл атап өтетін тарихи оқиғаның бірі – 1916 жылы патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы басталған ұлт-азаттық қозғалысқа 110 жыл, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске – 190 жыл, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне – 40 жыл.
Ұлт тарихында ізі қалған дара тұлғалардың мерейтойлары да аз емес. Атақты жырау, күйші Қалнияз Шопықұлының туғанына биыл – 210 жыл толса, аса көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин атамыз бен халық композиторы, әнші-ақын Мұхит Мерәліұлының туғанына – 185 жыл.
Сондай-ақ басты датаның бірі – ХХ ғасырдың Гомері атанған ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы болса, Алаш қайраткері Әнияр Молдабаевтың туғанына 170 жыл толады. Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан мен Барлыбек Сырттанұлының туғанына 160 жыл, атақты күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірге келгеніне 155 жыл, қазақтан шыққан тұңғыш құқықтанушы әрі алашшыл тұлға Жақып Ақбайұлының 150 жылдық мерейтойы (25 қазан) өз кезегін күтіп тұр.
Алаш қайраткері, заңгер Жаһанша Досмұхамедұлы, мемлекет қайраткері Әбдірахман Әйтиев, жетісулық ақын Қалқа Жапсарбаевтардың туғанына 140 жыл, Алаш Орда үкіметінің мүшесі, қазақтан шыққан тұңғыш профессор Әлімхан Ермековтың туғанына 135 жыл екен.
Сонымен қатар Алаштың белді тұлғасы, дәрігер Ғазымбек Бірімжанұлы (28 ақпан), Алаш қайраткері, жазушы-журналист Қошмұхамбет (Қошке) Кемеңгерұлы (15 шілде), танымал әнші Қуан Лекеров, қоғам қайраткері Абдолла Асылбектердің туғанына 130 жыл толса, қазақ саз өнерінің көрнекті ғалымы Ахмет Жұбанов (29 сәуір), қоғам қайраткері, ғалым Кәрім Мыңбаев (15 тамыз), филология ғылымының докторы, жаушы Сәйділ Талжанов (6 желтоқсан), жазушы Сәду Машақов (27 қараша), жазушы-журналист Сейітжан Омаров (22 маусым) қатарлы тұлғалардың 120 жылдық даталы тойы екен.
Келесі кезекте туғанына 110 жыл толып отырған тұлғалар: жалынды публицист Баубек Бұлқышев, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханұлы (5 қаңтар), мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев (16 маусым), Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиев (14 қазан), елімізде бокс спортының негізін қалаған Шоқыр Бөлтекұлы (29 қазан), т.б.
Ал туғанына 100 жыл толғандар қатарында: жазушы, этнограф Ахмет Жүнісов (20 маусым), дәстүрлі әнші Дәнеш Рақышев, музыкатанушы, педагог Хабидолла Тастанов (12 шілде), ғалым, филология ғылымының докторы Темірбек Қожакеев (17 желтоқсан) тұр.
Даталы 90 жылдық мерейтойы аталып өтетіндер сапында танымал жазушылар: Қабдеш Жұмаділов (26 сәуір), Бек Тоғысбаев (10 ақпан), Есләм Зікібаев (5 маусым), Қастек Баянбай (15 қараша), Медеу Сәрсеке (2 қаңтар), Сайын Мұратбеков (15 қазан), мемлекет қайраткері Ерік Асанбаев (10 наурыз), академик ғалым Өмірзақ Айтбаев (5 сәуір) т.б. бар. Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов те 90 жасқа келеді.
Сондай-ақ тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, жазушы-публицист Алдан Смайыл (3 қазан), сыншы-ғалым Дандай Ысқақұлы, қолөнерші–педогог Дәркембай Шоқпарұлы (23 мамыр), ақын Серік Тұрғынбекұлы (1 наурыз), күйші, Қазақстаның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров (25 наурыз), ақын Күләш Ахметова (25 сәуір), жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтардың (21 мамыр) т.б. 80 жылдығы атап өтілмекші.
Тірі болса жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев та (19 қазан) 70-ті алқымдай-ды екен. Сонымен қатар осы жылы 70 жасқа жететіндер: мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов (9 желтоқсан), тарих ғылымдарының докторы, академик Ерлан Сыдықов (29 ақпан), танымал ақын Ертай Ашықбаев (24 сәуір), зерттеуші-журналистер Қайым–Мұнар Табей (5 мамыр), Абай Мауқараұлы (8 маусым), Әмірхан Меңдеке (1 қаңтар), жыршы Амандық Көмеков (20 қазан), т.б.
Жыл берекелі, табысты болсын деп тілейміз!