– Үнзила Шапаққызы, кодекстің жаңашылдығы неде? Бұл заң қоғамға не береді?
– Мемлекет басшысы Жолдауында елімізге жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту қажеттілігін айрықша атап өтіп: «Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс», деді. Төңірекке қарап отырсақ, цифрлық жүйе арқылы жаһан өркениеті бұрынғыдан әлдеқайда жедел өзгеріп, дамып келеді. Озық технологиялар еліміздің де жаңа тынысын ашты.
«Бұл заң бізге не береді?» дегенге тоқталсақ, біріншіден, ол азаматтардың құқы мен бостандығын қорғайды. Интернеттегі жеке деректердің қауіпсіздігі, жеке өмірге қол сұқпау, цифрлық қызметтерді әділ пайдалану дегеннің бәрі заң арқылы жүйеленеді.
Екіншіден, қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейтеді. Киберқылмыстың алдын алу, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, заңсыз контентпен күресу қоғамды түрлі қатерлерден қорғайды.
Үшіншіден, айқын әрі түсінікті ережелер бизнеске цифрлық технологияларды еркін енгізуге, инновацияларды дамытуға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда болып, цифрлық экономика қалыптасады. Сонымен қатар құқықтық негіз мемлекет пен азамат арасындағы ашықтықты арттырады. Электрондық үкімет, онлайн қызметтер және цифрлық платформалар арқылы халық мемлекеттік қызметтерді жылдам, әрі қолайлы түрде ала алады.
– Цифрландыру қоғамның барлық саласын қамтыды. Соның ішінде экономика, қаржы, кәсіпкерлік секторына әсері ауқымды. Осы орайда бизнес өкілдерінің назарын аударған, көп талқыланған ережелер қайсы? Олар қандай ұсыныс берді?
– Цифрландыру үдерісі экономиканың барлық секторына еніп, кәсіпкерлік қызметтің жаңа үлгілерін қалыптастырып отыр. Осыған байланысты Цифрлық кодекс жобасын әзірлеу барысында бизнес қауымдастықпен жүйелі, әрі мазмұнды диалог жүргізілгенін жоғарыда айттым.
Біріншіден, бизнес үшін ең маңызды мәселе цифрлық платформалардың құқықтық мәртебесі болды. Кәсіпкерлер маркетплейстер мен агрегаторларды тауар сатушы немесе жұмыс беруші ретінде тану платформалық экономиканың табиғатын бұзатынын айтты. Бұл ұстаным Кодекстің цифрлық платформаны делдалдық инфрақұрылым ретінде айқындайтын нормаларында ескерілді. Осының нәтижесінде платформаларға қойылатын талаптарды олардың нарықтағы бақылау деңгейіне және деректерге ықпалына қарай белгілейтін модель қабылданды.
Екіншіден, бизнес көтерген негізгі бағыттардың бірі – деректер экономикасын дамыту. Кәсіпкерлер цифрлық деректерді азаматтық айналым объектісі ретінде тануды және деректерге негізделген өнімдерді дамытуға құқықтық мүмкіндік беруді ұсынды. Бұл ұсыныс кодексте нақты көрініс тапты. Сонымен қатар дербес деректерді цифрлық актив ретінде танудан бас тарту және оларды қорғаудың күшейтілген режімін сақтау арқылы бизнес талап еткен пайдалану мен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдік қамтамасыз етілді.
Үшіншіден, бизнес мемлекеттің цифрлық ортадағы рөлін шектеу мәселесін көтерді. Кәсіпкерлер мемлекеттің цифрлық сервистерді дамытуда инфрақұрылымдық және үйлестіруші деңгейінде қалуын, ал коммерциялық цифрлық қызметтер нарығында жеке секторға тікелей бәсекелес болмауы қажеттігін ұсынды. Бұл ұсыныс Кодексте мемлекеттің цифрлық ортаға пропорционалды қатысуы қағидаты, сондай-ақ, мемлекеттік цифрлық операторлардың функцияларын шектеу арқылы нақты бекітілді.
Төртіншіден, реттеудің болжамдылығы мен технологиялық бейтараптығы бизнес үшін шешуші талап болды. Цифрлық кодексте жаңа технологиялар енгізілген жағдайда құқықтық талаптардың кезең-кезеңімен қолданылуы және нақты технологияға байланбай, функционалдық сипаттарға негізделуі көзделді. Бұл инвесторлар мен стартаптар үшін құқықтық тәуекелдерді азайтады.
Бесіншіден, алгоритмдер мен ЖИ-ге қатысты реттеу де бизнес үшін маңызды болды. Кәсіпкерлер толық тыйым салудан бас тартып, «жұмсақ реттеу» моделін ұсынды. Кодексте автоматтандырылған шешімдерге тыйым салынбай, бірақ ашықтық, кемсітпеу және адам қатысуымен қайта қарау талаптары енгізілді. Бұл бизнеске инновацияны дамытуға мүмкіндік бере отырып, жауапкершілік шекарасын нақты айқындады.
Осылайша, Цифрлық кодекс бизнес ұсынған негізгі тәсілді – нарықтық модельді сақтай отырып, құқықтық тәуекелдерді басқару қағидатын іске асырды. Кодекс кәсіпкерлікке тікелей әсер ететін салаларда шектен тыс әкімшілік қысымды болдырмай, деректер экономикасы мен цифрлық платформалардың дамуына құқықтық негіз қалады.
– Жаңа нормалар цифрлық платформалардан нәпақа тауып жүргендердің табысын азайтпай ма?
– Сұрақ өте орынды. Шынында да цифрлық ортаның объектілерін заңмен анықтау кезінде бизнес үшін белгілі бір тәуекелдер бар. Егер олар дер кезінде ескерілмесе, кәсіпкерлік белсенділікке кері әсер етуі мүмкін. Бизнес үшін ең үлкен қауіп – реттеу мен еркіндіктің арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы.
Осыны ескере отырып, Цифрлық кодексте бизнес мүддесін қорғауға бағытталған бірқатар маңызды қағидаттар бекітілді. Солардың ішінде технологиялық бейтараптық қағидаты ерекше орын алады. Бұл қағидатқа сәйкес, мемлекет жаңа цифрлық технологиялар пайда болған кезде олардың дамуына кедергі келтірмей, құқықтық реттеудің болжамдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді (12-бап). Яғни стартаптар мен IT-компаниялар үшін инновацияға жол ашық.
Заң жобасын әзірлеу барысында бизнес өкілдері, сарапшылар, жұмыс тобы тығыз жұмыс істеді. Пікірлер ашық талқыланып, екі тарапқа да қолайлы шешімдер құқықтық нормаға айналдырылды. Жұмыс барысында артық реттеу қаупін болдырмау, заңның технологиялық дамудан артта қалмауы, құқықтық белгісіздікті азайту және инновацияны шектейтін алғышарттар жасамау басты қағида ретінде ұстанылды.
Өйткені заң нормалары тым қатаң немесе икемсіз болса, бизнеске қосымша әкімшілік жүктеме түсетіні анық. Есеп беру, келісім алу, сәйкестік талаптарының көбеюі шағын және орта бизнестің шығынын арттыруы мүмкін. Ал цифрлық сала өте жылдам дамитындықтан, заңнама оған ілесе алмаса, жаңа бизнес-модельдер мен сервистер «сұр аймақта» қалып қоюы мүмкін.
Сондай-ақ цифрлық ортадағы ұғымдар мен объектілер нақты, әрі бірмәнді анықталмаса, оларды әртүрлі мемлекеттік органдар әрқалай түсіндіруі мүмкін. Бұл тексерулер мен даулардың көбеюіне алып келеді. Ал жаңа технологияларды қолдануды күрделендіретін немесе шектейтін нормалар бизнеске инновациялық шешімдерді нарыққа шығаруға кедергі келтіреді.
Кодексте цифрлық платформа пайдаланушылары платформадағы қызметке байланысты цифрлық платформаны пайдаланушылар мен бизнес-пайдаланушы болып бөлінеді.
Цифрлық платформаның бизнес-пайдаланушысы – тауарларды сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету немесе табыс алуға байланысты өзге де қызметті, оның ішінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында цифрлық платформаны пайдаланатын жеке және заңды тұлға.
Кодекс платформалар арқылы табыс тауып жүрген азаматтардың мәртебесін өзгертуге немесе олардың кірісін қысқартуға бағытталмаған. Платформа жұмыс беруші болып танылмайды, ал салық агенті ретіндегі міндеттер тек Салық кодексінде белгіленген жағдайларда ғана қолданылады. Сондықтан бұл нормалар азаматтардың табысын азайтпайды, керісінше құқықтық айқындық қалыптастырады (29-бап).
– Жасанды интеллект қолданысын реттеуге қатысты қандай нормалар бар?
– Цифрлық кодексте жасанды интеллектіні қолдану арнайы жеке тарау ретінде қарастырылмағанымен, алгоритмдік жүйелер, дербес деректер, цифрлық құқықтар және автоматтандырылған шешімдер арқылы реттеледі. Ең негізгі норма 40-бапта («Алгоритмдік жүйелер және толығымен автоматтандырылған шешімдер») бекітілген. Осы бапқа сәйкес, деректерді автоматтандырылған өңдеу негізінде шешім қабылдайтын цифрлық жүйелер, оның ішінде жасанды интеллект жүйелері алгоритмдік жүйелер деп танылады (40-баптың 1-тармағы). Кодекс жасанды интеллектіні қолдануға тыйым салмайды, бірақ оны қолдану жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтаумен шектеледі (40-баптың 3-тармағы).
Сонымен қатар алгоритмдік жүйелерді пайдалану кемсітушілікке әкеп соқпауға тиіс (40-баптың 4-тармағы). Егер жасанды интеллект негізінде қабылданған шешім тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі әсер етсе немесе заңдық салдарға әкелсе, тұлға шешімді адамның қатысуымен қайта қарауды талап етуге құқылы (40-баптың 6-тармағы). Бұл талаптар толығымен автоматтандырылған шешімдерге де қолданылады.
Жасанды интеллектіні қолдану дербес деректерді қорғау нормаларымен тікелей шектеледі. 35-бапқа сәйкес дербес деректер цифрлық активтерге жатпайды және оларды өңдеу тек деректер субъектісінің келісімімен немесе заңда тікелей көзделген жағдайларда ғана мүмкін. Сонымен бірге 39-бап дербес деректерді өшіру, түзету, иесіздендіру немесе өңдеуді шектеу құқығын бекітеді, бұл жасанды интеллект жүйелерінің деректермен жұмыс істеуін бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жасанды интеллект цифрлық объект ретінде киберқауіпсіздік және жауапкершілік талаптарына бағынады. 36-бапқа сәйкес цифрлық объектілердің меншік иелері мен иеленушілері деректерге заңсыз қол жеткізудің, өзгерту мен жоюдың алдын алу шараларын қабылдауға міндетті және заңсыз әрекеттер салдарынан келтірілген зиян үшін жауап береді.
Ең бастысы, Цифрлық кодекс жасанды интеллектіні қолдануға рұқсат етілген технология ретінде таниды (40-бап), бірақ оны адам құқықтарын қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігі, кемсітпеуге жол бермеу және жауапкершілік қағидаттарымен шектейді (35, 38, 39, 40 және 36-баптар). Бұл тәсіл ЖИ
дамуын тежеусіз қалдырмай, сонымен қатар оның қоғам мен экономикаға қауіпсіз және әділ қолданылуын қамтамасыз етеді.
– Елімізде цифрландыру қарқыны жаман емес. Бірақ оның дамуымен бірге дербес деректерімізді қорғау мәселесі қиындап кетті. Бірнеше рет бүкіл мәліметіміз әлдекімдердің қолына түсіп кеткені жасырын емес. Осы бағытта қандай ұсыныс енгіздіңіздер?
– Бұл бағыт қоғамда кейінгі жылдары туындаған алаңдаушылық ескеріле отырып, күшейтілді. Азаматтар дербес деректерін жоюды, анонимдеуді, немесе өңдеуді шектеуді талап етуге құқылы. Бұл қадам – цифрлық кеңістіктегі жеке өмірді қорғаудың негізгі құқықтық механизмі.
Егер азаматқа қатысты шешім жасанды интеллект немесе автоматтандырылған алгоритм арқылы қабылданса, ол шешімнің негізін түсіндіруді, қажет болса адам қатысуымен қайта қарауды талап етуге құқылы. Бұл жаңашылдық дербес деректерді қорғаумен қатар, азаматтардың алгоритмдік әдістерге сенімін арттыруға бағытталған.
Биометриялық және аса маңызды цифрлық деректерге қауіпсіздік талаптары енгізілді. Биометриялық деректерді өңдеу тек заңда көрсетілген жағдайларда жүзеге асырылады, ал аса маңызды цифрлық объектілер үшін киберқауіпсіздік аудиті міндеттеледі. Енді барлық ұйымдар мен цифрлық платформалар деректерді шифрлеу және қолжетімділікті бақылау механизмдерін күшейтуі қажет. Алгоритмдік шешімдерді қолданатын ұйымдар үшін тұрақты аудит пен есептілік енгізіледі. Осы нормалар мен ұсыныстар дербес деректерді қорғауды күшейтіп, цифрландырудың қоғамға қауіпсіз түрде енгізілуін қамтамасыз етеді деп ойлаймыз.
– Киберқарақшылық деген де өршіп тұр. Алаяқтар арбауына түсіп, сан соғып қалғандар туралы екі күннің бірінде еститін болдық. Осының алдын алу үшін Цифрлық кодексте не қарастырылған?
– Маңызды бағыттың бірі – осы. Кодекс нормаларында бұл мәселені жүйелі, кешенді және нақты реттеу көзделген. Атап айтқанда, цифрлық ортада сәйкестендіру рәсімінің қауіпсіздігі мен сенімділігі күшейтіледі, оған биометриялық және көпфакторлы аутентификация кіреді. Цифрлық ортада сенімділік пен өзін-өзі реттеуді қамтамасыз ету үшін цифрлық комплаенс институты енгізілмек.
Кодекс шеңберінде алғаш рет цифрлық шешімдердің сапасын, ашықтығын және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған үш деңгейлі аудит жүйесі қарастырылған.
Цифрлық орта – тек технология жиынтығы емес, бар саланы кеңінен қамтыған заманауи кеңістік. Бұл электрондық үкімет қызметтерін дамытуға, экономиканы жаңа деңгейге көтеруге, білім, медицина және басқа да бағыттарды қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Осы ретте ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау және тарату технологияларын қолданудың құқықтық негізін айқындау өте маңызды. Сонымен бірге азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету де – цифрландыру дәуіріндегі басты міндеттің бірі. Осы тұрғыдан келсек, кодекстің жаңалығы – қазірге дейін бытыраңқы түрде реттеліп келген немесе мүлде құқықтық реттеуден тыс қалған цифрлық қоғам қатынастарын жүйелі, әрі кешенді түрде шешуді ұсынуы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қамбар АХМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»