Фото: ҚР Бас прокуратурасы
Бас прокуратураның үйлестіруімен екі ай бойы қоғамдық орындардағы қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар қабылданды. Ол үшін дрон арқылы қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылаудан бастап, көше қылмыстарын болжау үшін жасанды интеллектіні қолдануға дейінгі дәстүрден тыс тәсілдер сыннан өткізілді. Нәтижесінде, бұл кешенді бастамалар елорданың Алматы ауданындағы криминогендік ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізді.
Атап айтқанда, көшедегі қылмыстар 32%-ға төмендеп, оның ішінде қасақана ауыр, орташа және жеңіл дәрежедегі дене жарақаттарын келтіру деректері тиісінше 50%, 38% және 37%-ға азайған. Сондай-ақ ұрлықтар 23%-ға, бұзақылық 100%-ға, адам өлтіру қылмыстары 66%-ға қысқарғаны белгілі болып отыр. Ал қылмыстардың жалпы ашылу деңгейі 14%-ға артты.
Қанатқақты жобаның нәтижелері Бас прокуратурада өткен кеңесте талқыланып, қадағалау органының басшысы аталған жұмыс моделін бүкіл ел аумағында қолдана беруді тапсырды. Сонымен қатар жобаны тиімді енгізгені үшін Астана қаласының Алматы ауданы прокуратурасының, әкімдігінің және полициясының бірқатар қызметкері Бас прокурордың бұйрығымен марапатталды.
Бұған қоса, таяу күндері Астана қаласында прокуратураның ұйымдастыруымен «Қамқорлық пен Заң» жобасы өткенін айта кетейік. 26 желтоқсанда елорданың Сарыарқа аудандық прокуратурасының бастамасымен қосымша қажеттіліктері бар адамдардың қатысуымен спорттық іс-шара өткізілді. Спорттық жарыс барысында қатысушылар өз қабілеттерін көрсетуге, қоғамның қолдауын және жарқын жағымды эмоцияларды сезінуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде, қатысушыларға естелік марапаттар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.