Сурет: traff.ink
Аударманың сапасы төмен

Бағлан МИЗАМХАН,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Аударма және филология факультетінің деканы, кәсіби аудармашы:
– Бұл сұраққа бірауыз сөзбен жауап беру өте қиын. Үлкен ғылыми зерттеуді, теориялық негіз бен практикалық тұжырымды қажет ететін мәселе. Өйткені аудармашы да, аударма да әртүрлі. Аударманың жазбаша, ауызша деп негізгі үлкен екі топқа бөлінетінін былай қойғанда, олар да ішінен сан түрге бөлінеді. Айталық, жазбаша аударманың сөзбе-сөз аударма, еркін аударма, ғылыми техникалық аударма, ресми-іскери аударма, ақпараттық аударма, көркем аударма сияқты түрлері жетіп артылады. Сонымен қатар аударма қазақ тілінен шет тіліне ме, әлде шет тілінен қазақ тіліне қарай ма деген сұрақ та негізгі мәселелердің бірі. Бұларды тізбектеп айтып отырған себебім, аударманың бұл түрлерінің бәрін жүз пайыз алып кете алатын мамандар қазіргі кезде жоқтың қасы. Әсіресе, қазақшадан шет тіліне көркем аударуға келгенде ақсап жатамыз. Оның негізгі себебі, қазақ көркем шығармаларында ұлттық болмысты білдіретін бейнелеуіш сөздер, лакуналар жетіп артылады. Жалпы, қазақ тілі әлем тілдері ішінде аз зерттелген тілдердің бірі. Зерттелген деген сөзді әдейі қолданып отырмын, өйткені көптеген ғылыми еңбекте қазақ тілін азшыл (minor) топқа жатқызады, бұл дұрыс емес. Ал аудармадағы жасанды интеллект мәселесіне келсек, «Google Translate» пен «DeepL» сияқты жүйелердің дамуына байланысты кәсіби (адам) аудармашылар мен машиналардың рөлі белгілі бір деңгейде өзгергенімен, қазақ тілінен ағылшын тіліне көркем шығарманы аударған кезде жоғарыда айтқан мәдени-ұлттық реңкті білдіретін бірліктерді жеткізу мәселесі әлі де өзекті қалпында қалып отыр.
Машиналық аударма құралдарының түрлі салаларды жетік меңгермеуі, әсіресе қазақ тілі сияқты аз зерттелген тілдердің мәтіндер корпусында жеткілікті қамтылмауы мәдени бірліктердің қате аударылуына, мәтіннің жасанды, құлаққа түрпідей тиер үйлесімсіз болып шығуына алып келуі мүмкін. Оның себебі, ЖИ жүйелері қолданыстағы онлайн деректерге сүйенеді, ал мұндай деректер бірнеше үстем тілдерге ғана бейімделген. Ондай тілдер – экономикалық және саяси ықпалы күшті елдердің тілдері. Осыдан-ақ ЖИ аударма жүйелерінде қазақ тілі сияқты тілдерге қатысты аударманың сапасы төмен болатынын аңғарамыз. Дегенмен, бұл жайт ЖИ жүйесіндегі қазақ тілінің жағдайын жақсартуға болмайды дегенді білдірмесе керек. Сөйтсе де сөзім жалаң болмауы үшін жуырда өткен ғылыми конференцияда жасаған талдауымды назарларыңызға ұсынсам.
Зерттеу барысында «Алдар көсе» қазақ халық ертегісінде кездесетін мәдени реңкті білдіретін бірліктердің ағылшын тіліне Мэри Луи Мейси аударып, 1968 жылы Нью-Йоркте жарық көрген нұсқасы мен ChatGPT-4o интерфейсі аударған нұсқасын салыстырған едік. Шынын айту керек, зерттеу нәтижесі бірізді болу үшін OpenAI-дың o1 немесе o1 Plus сияқты нұсқалары қолданылмады. Осылайша, нейронды машина аударма жүйелерін «оқытуға» бола ма дегенді анықтауға тырыстық. ЖИ аударма сапасын жақсарту үшін бірнеше промпт берілді. Нәтижесінде, Мэри де, ЖИ да мәдени бірліктердің коннотативтік мағынасын аударуға келгенде қателесетінін байқадық. Мысалы, Мэри ағылшын оқырмандарының ұғым-түсінігіне сай келмейтін дүниелерді өз бетінше бейімдеп отырған. Айталық, «тоқал» сөзін ол «қызметші қыз/servant girl» деп берумен қатар, көптеген ұлттық нақышты білдіретін бірліктерді аудармадан алып тастаған. Ол ол ма, Алдаркөсені «beardless rogue, who was known throughout the steppe for his slyness and trickery/халыққа айлакерлігі мен қулығымен танылған қаңғыбас көсе» деп бергені айды аспанға шығарғандай әсер қалдырады.
Ал ChatGPT күрделі тілдік құрылымдарды өңдеп, көлемді ақпараттық мәтіндерді айтарлықтай дәлдікпен аударғанымен, түпнұсқа мәтіннің мәдени және эмоциялық қалпын толық ашып көрсете алмаған. Бірнеше промптан кейін ChatGPT оларды мейлінше өңдегенімен, кей бірліктер сол қалпы қате аударылған. Мысалы, «жабық» сөзі бірнеше нақты коннотацияға ие екені белгілі. Алайда көшпелі мәдениет контексінде ол киіз үйдің керегесін жауып тұратын киіз жабу. Ал ЖИ оны «a traditional Kazakh covered cart used by nomads, often to transport women or children/ көшпелілер әйелдер мен балаларды тасымалдау үшін пайдаланған жабық арба» деп аударған. Демек, көркем сүйене отырып жасалған бұл ғылыми зерттеуден аз таралған тілдердің мәдени реңкке ие бірліктерін адам мен жасанды интеллект бірлесе отырып аударғанда ғана сапалы аудармаға қол жеткізетінімізді байқаймыз. Олай болса, ЖИ адамды немесе адам ЖИ-ді алмастыра ала ма деген сұрақ аударма саласы үшін орынсыз сияқты.
Көркем шығармаға тісі бата қоймас

Шыңғыс МҰҚАН,
«Мазмұндама» баспасының директоры, баспагер:
– Әлемдегі әңгіме ЖИ болашақта аудармашының орынын баса ма емес, қашан басадыға ойысты. Осы жазда Google жария еткен ЖИ жиі орындайтын тапсырмалардың тізімін аудармашылардың жұмысы бастап тұр. Айтпақшы, ол тізімнің ондығында тілшілер де бар. Мәселен, New York Times-дің қысқа жаңалықтарын бес жылдан бері ЖИ жазады. 1997 жылы IBM-нің Deep Blue суперкомпьютері сол кездегі әлем чемпионы Гарри Каспаровты жеңді. Компьютер алғаш рет адамды жеңгеннен бері 29 жыл ішінде бірде-бір рет адам компьютерді жеңіп көрген емес. Одан бермен қарай комьютерлік бағдарламалар тіпті дамып кетті. ЖИ-революцияның өзі неге татиды. Десе де сапа жағынан алдымен ағылшын сияқты ізашар тілдер алда тұрады, сондықтан қазақ тілінің аудармашыларына кезек кейінірек келеді. Техникалық мәтіндер, нұсқаулықтар, келісім-шарттар, заңнамаларды ЖИ-аудармашылар қазірдің өзінде сапалы аударады. Десе де ЖИ-дің көркем шығармаға, оның ішінде поэзияға, басқа да нәзік тақырыптарға көпке дейін тісі бата қоймас деп ойлаймын. Ағылшын және испан тілдерінің қызыл дипломды аудармашысы ретінде, аударма ісіне құрылған баспаның құрылтайшысы ретінде әріптестерімнің болашағы алаңдатады. Бірақ ЖИ-ге қарсы болған аудармашы ұтылады, ал ЖИ-ді құрал ретінде қолдануды үйреніп алған аудармашы ұтады, еңбегі өнімді болады. Алдағы уақытта таза аудармашылар емес, аудармашы редакторлар көбірек қажет. ЖИ тек аудармашыларды ғана емес, бүкіл мамандықтарды ойландырып отыр. Еңбек нарығын ХХ ғасырдағыдай күрделі трансформация күтіп тұр. Мәселен, өткен ғасырдың басында Америка жұмысшыларының 95% ауыл шаруашылығында істеген, қазір 5% ғана еңбек етеді. Қалғандары жұмыссыз қалған жоқ. Түрлі кәсіп ашылды, мамандық пайда болды. Сол секілді аудармашы мамандығын ғана емес, бүкіл мамандық атаулын да қызық өзгерістер күтіп тұр. Осындай жаңалығы жылдам кезеңде өмір сүріп жатқан біз қандай бақыттымыз.
Жақсы ма, жаман ба деп отыратын шақ емес

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,
PhD, Ұлыбританияның Лидс университетінде ғылыми тағылымдама өтіп жатқан «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты:
– Жасанды интеллекттің алғышарттары болған машиналық оқыту, автоматизация тетіктері барлық салада осы уақытқа дейін жылдар бойы біртіндеп енгізіліп жатты. Енді кейінгі бірнеше жылда оның жылдамдығы мен сапасы, генерациясы мен мүмкіндігі мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Дәл қазір «АІ келді, енді не болады?» деген сұрақты әлемдегі сала мамандары толассыз қойып жатыр. Мәселен, қазір он айлық ғылыми тағылымдама өтіп жатқан Ұлыбританияда да бұл тақырыпқа мән беріп, өндірістегі мамандармен қоян-қолтық диалогке түсіп, сараптап, саралап, жаңа түсініктер қалыптастыруға тырысып жатқанына куә болып отырмыз. ЖИ-ге арналған конференциялар мен семинарларға қатысқан сайын, менің санамда да бұған қатысты тың, салмақты түсініктер қалыптасып жатыр. Аударма саласына келер болсақ, Жасанды интеллект ол жердегі көп дүниені өзіне алып үлгергені ешкімге жасырын емес. Ақпаратты мәтін күйінде де, аудио күйінде де сіңіріп алып, көз ілестірмей, дереу аударып бере қояды. Әзірге сапасын мінсіз дей алмаймыз, әсіресе қазақтілді нұсқасын қолданып отырғанда, тым шұбалаңқы сөйлемдер құрауға «шебер» екенін көріп жүрмін. Қазақ тілінде мүлдем жоқ «жаңа» қойыртпақ сөзді өте жиі құрастырады, ал ол – қауіпті үрдіс. Бұрындары дайын мәтінді тіл мамандарына, аудармашыларға көрсетіп алатын, соның өзінде ішінара қате кетіп жататын. Жақында балаларым оқитын мектептің ортақ чатына медицина қызметкерінен тұмауға қатысты нұсқаулық келді. Сөйлемдерін сөйлем деуге келмейді, немен аударғаны көрініп тұр. Өкінішке қарай, жасанды интеллектіні аудармашы ретінде қолданып, бар жауапкершілікті соған арта салу жиілеп барады. Бұрын нашар, калька аударманы көрсек «гуглмен» аудара салған ба деуші едік. Енді калькаға қисынсыздық пен «ақсақ» сөзді қолдану мәселесі қосылып отыр. Осындайда жоғары білімді, тәжірибелі аудармашының орны қатты білінеді. Дегенмен зерттеушілер болашақта аудармашы мамандығының тынысы тарыла беретінін, тіпті бір адамды екінші тілді адамға синхронды аударатын арнайы чиптер пайда болатын айтып жүр. Технология осы қарқынмен дами берсе, оған да жетер күн алыс емес. Алайда қай кезде болмасын, тілге деген сауаттылық, жауапкершілік және кәсібилік өте маңызды деп ойлаймын. Егер оны әлсіретіп жіберсек, өзге тілді білсек те, өз тіліміздің сөздерін түсінбейтін халге душар болуымыз мүмкін. Қазір цифрлық дамуға жауапты қазақстандық мекемелер тіл корпустарын жасап, MLOps арқылы жасанды интеллектіге азық болатын қазақша мәтіндер енгізіп жатқаны белгілі. Соның сапасы тілді дұрыс қолдануға қатысты көп нәрсені шешетін болады. Жалпы алғанда, AI жақсы ма, жаман ба деп отыратын кезең артта қалды, енді оны қалай өнімділікті арттыратындай, этиканы бұзбайтындай, нормаларды сақтайтындай етіп тиімді қолданамыз деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Оның шешім шығарушы әлеуеті біздің елде әлі толық іске қосылмады, ол қарқынын күшейтіп, масштабталғанда, жаңа кезең басталады. Әлем ғалымдарының айтуынша, қазір АІ өте тез дамуда, ал инфрақұрылымның көбі «ескірген». Алдағы 5–8 жылда бұрыннан келе жатқан жүйелерді бәрібір АІ-мен толық байланыстыруға тура келеді. Аударма саласындағы да барлық жүйе, біз қаласақ та, қаламасақ та біртіндеп толықтай жаңарады. Соған дейін стандарттау мен сапаны бақылауды күшейту – бүгінгі күннің зор міндеті.
Мәдени ерекшелікті толық түсінбейді

Мамырбек ФАРАХАТ,
Назарбаев университеті ақылды жүйелер және Жасанды интелект институтының деректер
сарапшысы:
– Жасанды интеллект болашақта аудармашының кейбір қызметтерін алмастыра алады, бірақ оны толықтай ығыстырып шығарады деу әлі ерте. Қазіргі таңда нейрондық машиналық аударма жүйелері өте жылдам дамып жатыр. Олар үлкен көлемдегі мәтіндерді қысқа уақытта аударып, күнделікті тұрмыста, техникалық құжаттарда және қарапайым ресми мәтіндерде кеңінен қолданылады. Бұл тұрғыдан алғанда, Жасанды интеллект аударма үдерісін жылдамдатып, уақыт пен шығынды үнемдеуге айтарлықтай үлес қосады. Алайда тіл – тек сөздер жиынтығы емес, ол мәдениет, тарих, ойлау жүйесі мен сезімнің көрінісі. Көркем әдебиет, поэзия, философялық мәтіндер, әзіл мен астарлы мағына сияқты салаларда адам-аудармашының рөлі әлі де шешуші болып қала береді. Жасанды интеллект кей жағдайда контексті, мәдени реңкті немесе ұлттық ерекшеліктерді толық түсінбей, мағыналық қателіктерге жол беруі мүмкін. Ал кәсіби аудармашы мәтіннің сыртқы мағынасын ғана емес, оның ішкі рухын, автордың ойын дәл жеткізе алады. Сол үшін болашақта аударма саласында бәсекелестік күшейетіні анық. Жасанды интеллектіні тиімді қолдана алмайтын, тек сөзбе-сөз аударумен шектелетін аудармашылар біртіндеп нарықтан ығысуы мүмкін. Ал жоғары деңгейдегі, яғни бірнеше тілді терең меңгерген, мадениетаралық айырмашылықтарды жақсы түсінетін, мәтінді өңдеп, редакциялай алатын кәсіби аудармашылар ғана сұранысқа ие болмақ. Ең ықтимал бағыт – адам мен жасанды интеллектінің бірлесе жұмыс істеуі. ЖИ бастапқы аударманы жасап берсе, аудармашы оның сапасын тексеріп, дәлдігін қамтамасыз етеді. Осылайша, болашақта аудармашы мамандығы жойылмайды, керісінше, тек үздік, білікті мамандар қалатын жаңа сапалық деңгейге өтеді.
Дөңгелек үстелді жүргізген –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»