Жамбыл өңірінде де бұл мәселе жанға бататын басты тақырыпқа айналды. Қоғамның жан жарасына айналған өзекті проблема кімді де болсын алаңдатпай қоймайды. Ресми дерек не дейді? Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерсін Мұсабаев біршама уақыт бұрын өткен жиында осы жылдың 9 айында 145 дерек тіркелгенін айтты.
«Жасөспірімдер арасындағы жүктілік жөнінде 2022 жылы 212, 2023 жылы 199, 2024 жылы 188 дерек тіркелген», деген басқарма басшысының орынбасары олардың жас ерекшеліктері туралы да мәлімет берді. Слайдтағы дерекке жүгінсек, жасөспірімдер арасындағы жүктілік 15 жастағы қыздар арасында да тіркелген көрінеді. Жас аралығы жөніндегі жүктілік динамикасына зер салсақ, 15 жастағылар арасындағы жүктілік 3-тен 2-ге азайған, 16 жастағы қыздар арасындағы ерте жүктілік 28-ден 23-ке төмендепті. 17 жастағы қыздар арасындағы жүктілік 132-ден 82-ге дейін азайған сыңайлы.
Үш жыл бұрын БАҚ-та Жамбылда «249 жасөспірім жүкті болды» деген дерек тарап еді. Басқарма басшысының орынбасары көрсеткен слайдта 212 деген санды көзіміз шалды. Қай деректің қандай негізге сүйеніп жасалғаны белгісіз.
Шынында да, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілікке қатысты деректер сараланған кезде жас айырмасына байланысты кейде сәйкессіздік байқалып қалатын. Мұның сыры Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен нормамен астасып жатса керек. Елімізде неке жасы 18 жас деп белгіленсе де, ДДҰ нормасы бойынша 19 жасқа толмағандар да кәмелет жасқа жетпегендер санатына жатады екен.
Осы жазда Денсаулық сақтау министрлігі елімізде жасөспірімдер арасындағы алғашқы жыныстық қатынастың орташа жасы 16,5 жас екенін мәлімдеген еді. Мұны ерте жүктілікке қатысты деректерден де аңғару қиын емес.
Жоғарыда айтқанымыздай, 9 айдың бедерінде, өкінішке қарай, 145 жасөспірім жүкті болып шыққан. Біршама уақыт бұрын өңір басшысының орынбасары Серік Сәлемов отбасылық зорлық-зомбылық, әйелдер арасындағы суицид, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесіне қатысты «Жол картасы» әзірленіп, жауапты органдар тарапынан тиісті жұмыс жүргізілетінін мәлімдеп еді. Қолға алған жұмыс нәтижелі бола ма, жоқ па, жыл соңындағы нәтиже көрсете жатар.
Осыдан үш жыл бұрын дәл осы мәселеге қатысты мақала жазғанымызда, Білім басқармасының өкілдері Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлеріне ренішін жеткізіп: «Ол кісілер бізге тек тіркелген деректі ғана ұсынатыны бар. Қысқасы, талдау дегеніңіз дұрыс жүргізілетін болса, әлгі жасөспірімдер кәмелет жасына толмай отбасын құрып жатса, біз неге оны жағымсыз немесе жеңіл жүріс арқылы ерте жүктілік пайда болды деп есептеуіміз керек?» деген еді.
Жыл аяқталар тұста бұл мәселе тағы күн тәртібіне шығатыны сөзсіз. Сол себепті жауапты мекемелер ерте жүктілікке қатысты деректерді жай сандар ретінде емес, нақты әрекетке негіз болар ақпарат ретінде қарап, өзара үйлесімде жұмыс істесе игі. Әсіресе қай өңірде, қай мектепте мұндай жағдайлардың жиі тіркелетіні нақты көрсетілсе, сол жерлерде мақсатты түрде алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндік туар еді. Бұл – бүгін шешімін таппаса, ертең кеш болуы мүмкін маңызды мәселе.
Жамбыл облысы