Әскер • Бүгін, 09:00

Әскер даярлығына – жіті көзқарас

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаһандық геосаяси өзгерістер мен бірінен соң бірі тұтанып жатқан қақтығыстар мемлекеттердің қауіпсіздік мәселесіне бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарауына түрткі болды. Осындай алмағайып заманда «іргесі берік елді жау, ауызбіршілігі бар елді дау алмайтынын» ұғынған қазақ елі шекараны шегендеп, ішкі бірлікті бекемдеумен қатар, әскери әлеуетті күшейтуге ерекше мән беріп келеді.

Әскер даярлығына –  жіті көзқарас

Суретттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қорғаныс министрлігінің мәлі­метіне сүйенсек, ел басшы­лығы әлемде орын алып жатқан қарулы жанжалдар мен шешімін таппа­ған шиеленістерді мұқият саралап, со­ған сай нақты дайындық жасау­ды басты бағдарға алып отыр. Армияны заман талабына бейімдеу, әскери техниканы жаңғыр­ту мен қару-жарақ қорын жетілдіру бағытында жүйелі жұ­мыс жүргізіліп келеді.

Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, бү­гін­де Қарулы күштердегі қару-жарақ пен әскери техниканың шамамен 70 пайызы тәуелсіз­дік жылдарында, яғни кейінгі 30 жыл ішінде өндірілген немесе са­тып алынған заманауи үлгі­лер­­ден тұрады. Олардың арасында отандық кәсіпорындарда шыға­рылған әскери өнімдердің де үлесі айтарлықтай.

«Құрлық әскерлері қару-жарақ пен әскери техниканың, барлау мен автоматтандырылған басқару жүйелерінің соңғы үлгілерімен толық жарақтандырылды. Қазіргі заманғы электронды барлау мен ату жүйелері, бронды көліктер мен транспортерлер, зымыран-артиллерия қондырғылары, далалық госпитальдар мен медициналық техникалар жеткілікті», дейді генерал-лейтенант.

Оның айтуынша, әуе қорға­нысы күштерінің құрамындағы авиациялық парк негізінен ресей­лік үлгідегі техникадан тұрады. Қа­тарында заманауи жойғыш ұшақ­­тар, әскери-көлік авиация­сы мен әртүрлі мақсаттағы тік­ұшақ­­тар бар. Атап айтқанда, 4++ буыны­на жататын Су-30СМ, Су-27, Су-25 секілді ұшақтар жоспар­лы түрде жаңғыртудан өтіп, еліміз­дің әуе кеңістігін қорғауға толық дайын.

Ал әскери-теңіз күштеріне келсек, олар Каспий теңізі айды­нын­дағы ең әлеуетті құрылым сана­ла­ды. Флоттың негізгі бө­лігі Орал қа­ласындағы «Зенит» зауы­­тын­да шығарылған заманауи зымыран-артиллериялық ке­ме­лерден құралған. Көршілес мем­лекеттердің әскери теңіз күштерімен бірлесіп өткізіле­тін оқу-жаттығулар барысында еліміздің теңізшілері жоғары кәсіби даярлығын көрсетіп, ел шебін қорғауға әрдайым әзір екенін дәлелдеп келеді.

Қазіргі қарулы қақтығыстар­дың басты ерекшелігі – адам күші­не емес, жоғары дәлдік пен тиім­ділікке ие заманауи техно­­логиялардың алдыңғы қа­тарға шығуы. Соның ішінде ұшқыш­сыз ұшу аппараттары мен алыс қашық­тыққа соққы беретін зы­мырандық жүйелер шешуші рөл атқарып тұр. Бұл тұрғыда Ресей мен Украи­на арасындағы соғыс әскери-өн­дірістік кешенді жаңа бағытқа бейімдеудің қаншалықты маңызды екенін айқын аңғартты.

Аталған үрдіс еліміз үшін де техни­калық прогрестен қалыс қал­май, заманауи қару түрле­рін да­мытуға басымдық беру қажет­тігін көрсетеді. Осыдан бірер жыл бұрын Ұлттық қорғаныс уни­­вер­­ситетінің мамандары әзір­ле­ген «Шағала» ұшқышсыз аппа­ратының сынақтан сәтті өткені белгілі. Кейін Түркияның «Anka» дрондарын елімізде құрастыру басталғаны жөнінде жағымды хабар тарады. Жуырда Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында болғанымызда отандық «Degelek» дронының жасалып жатқанын көзбен көріп, тәнті болғанымызды жазған едік. Қазір бұл бағытта Қа­ру­лы күштер Бас штабы жаны­­нан құрылған Ұшқышсыз авиа­циялық жүйелерді дамыту департаменті жүйелі жұмыс жүр­гізіп жатыр. Бұның бәрі ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасау саласында біздің елімізде де даму үрдісі бар екенін көрсетеді.

Қолда қару мен техниканың болғаны бір бөлек, ал соның бәрін шынайы соғыс ахуалына барынша жақындатылған жағдайда сы­нақ­тан өткізіп, даярлық іс-ша­ра­­ларын тұрақты пысықтап тұру – бір бөлек әңгіме. «Жаттығуда қиын, ұрыста оңай» демекші, қа­зақ әскері жар астындағы жа­у­­ға қарсы тұруға кез келген уа­қыт­­­­та сақадай сай болғаны дұ­­рыс. Осы орайда Қорғаныс ми­нистр­лігінің дерегіне жүгінсек, биыл елімізде 60 мыңнан аса жауынгерлік даярлық іс-шарасы өткізіліпті.

«2025 жылы Қарулы күштерде әскери басқару органдарын, құрама­ларды, әскери бөлімдер мен мекемелерді жоспарлы даяр­лау жүйелі түрде жүзеге асырыл­ды. Жауынгерлік даярлық бойын­ша шамамен 60 мың іс-шара өт­кізілді, олардың 17 мың­нан аста­мы түнгі жағдайда ұйым­дас­тырылды. Іс-шаралардың негізгі бөлігі Құрлық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскер­лерінің үлесіне тиесілі», делінген министрлік таратқан хабарда.

Әуе қорғанысы күштері Әске­ри-әуе күштерінің ұшқыш құра­мын даярлау деңгейі жыл санап жоғарылап келе жатқанын атап өткен жөн. Биыл күндізгі әрі түн­гі уақытта шамамен мың ұшу тап­сырмасы орындалған. Әуе әскер­лерінің түрлі тектегі экипаждары ұшқыштық техниканы жетілдіру, күрделі метеорологиялық жағ­дай­ларда оқу-жауынгерлік мін­дет­­терді орындау, сондай-ақ жерүс­­ті мен әуе нысандарына қар­­­сы жауын­герлік әрекет ету жат­тығу­ларын кезең-кезеңімен сәтті жүзеге асырып келеді.

Қорғаныс министрлігінің дере­гінше, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бөлім­шелері мен әскери бөлімдерінде де 760 жауынгерлік үйлестіру іс-шарасы өткізіліпті. Әскери-теңіз күштерінде биыл 188 рет теңізге шығу жүзеге асырылып, кеме эки­паж­дарының жалпы жүзу қашық­тығы 25 мың теңіз милінен асқан.

«Қарулы күштердің түрлері, әскер тектері мен арнайы әскер­лер бөлімшелерін үйлестірудің қорытынды кезеңінде шамамен 4,5 мың жауынгерлік атыс пен тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Іс-шаралар барысында әртүрлі жағдайда оқу-жауынгерлік мін­деттерді тікелей орындау әре­кет­тері пысықталды. Сонымен қатар жыл басынан бері «Айбалта», «Десант», «Жауынгерлік достас­тық», «Каспий бризі» сынды ірі же­дел-стратегиялық, жедел-такти­ка­лық және арнайы оқу-жатты­ғулар өтті. Олардың аясында Қару­лы күштеріміздің түрлері мен әс­кер тектері бөлімшелерінің өзара іс-қимылы пысықталып, кейін­­гі жылдардағы әскери қақ­ты­­ғыс­тар тәжірибесін талдау негі­зін­­де әзірленген бөлімшелерді қолданудың жаңа нысандары мен тактикалық тәсілдері сынақтан өткізілді. Бұл жұмыс жүйелі  жүргізіле береді», делінген ми­нистр­лік мәліметінде.

Бүгінде жалғыз жортқанның жолы ауыр екенін өмірдің өзі дәлел­деп отыр. Күрделі геосаяси жағ­дайда мемлекеттерден қорға­ныс қабілетін күшейтумен қатар, сенімді серіктестер шеңберін кеңейту де талап етіледі. Осы тұрғыд­ан алғанда еліміз Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанды біріктіретін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының мүшесі ретінде ұжымдық қорғаныс тетіктеріне сүйенеді. Қажет болған жағдайда бұл ұйымға мүше мемлекеттердің ортақ күші еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға жұмылдырылмақ.

Дегенмен қорғаныс саласын­да­ғы әріптестікті бір ұйым шеңбе­рімен ғана шектемей, көршілес әрі бауырлас елдермен де ауызбірлікті жүйелі түрде дамыту қажет. Бұл тұрғыда Түркі мемлекеттері ұйы­мының орны айрықша. Әсіресе Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Қазақстан мен Өзбекстан армияларының әріптестігін ерекше айтсақ орынды.

Қазақ-өзбек әскери ынтымақ­тастығы бүгінде өзара сенім мен әріптестікке негізделген жаңа деңгейге көтерілді. Екі елдің тату көршілік қатынастары өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға елеулі тірек болып келеді. Географиялық жақындық Қарулы күштердің үйлесімді әрекет етуіне және ортақ міндеттерді бірлесе орындауға мүмкіндік беріп отыр.

2021 жылдан бері екі ел арасында жауынгерлік даярлықты арттыруға бағытталған «Қал­қан», «Қамқорлық», «Қанжар» секілді бірлескен оқу-жаттығу­лар өткізілді. Сонымен қатар Қазақ­стан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тә­жікстан мен Өзбекстан әске­ри бөлімшелері қатысқан «Бір­лестік-2024» халықаралық жатты­ғуы да көпжақты ынтымақ­тастық­тың нақты көрінісіне айналды.

Әскери кадр даярлау саласында да өзара қолдау жүйелі жолға қойылған. Қазіргі уақытта Өзбекстанның әскери академиясында еліміздің бірнеше әскери қызметшісі білім алып жатыр. Ал Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінде Өзбекстанның және басқа да Орталық Азия мемлекеттерінің әскери мамандары жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалар бойынша оқиды.

Бұған қоса қазақ елі Түркия, Әзербайжан, АҚШ пен Қытай секілді мемлекеттермен қорғаныс саласында өзара іс-қимылды дамытып келеді. Ортақ мүдделер тоғыс­қан тұста бірлескен міндеттер ай­қындалып, нақты жоспарлар жү­зеге асатыны белгілі. Елдің қауіп­сіздігі мен тұтастығын сақтау жолын­да кез келген сенімді әріп­тес­пен әскери ынтымақтастық орна­­тып, жасырын қатерлерге қар­сы бірлесе әрекет етуді басты басым­­дық ретінде қарастырған жөн.

Соңғы жаңалықтар

Абай және жас ұрпақ

Абай • Бүгін, 19:55

Жаңа жылдың тарихы қандай?

Қоғам • Бүгін, 18:30