Ежелден қызына төрден орын берген қазақ халқы үшін елдік пен ерлік ерлерге ғана тән қасиет емес. Сақ патшайымы Тұмар ханшадан бастап, Бопай, Домалақ, Қарашаш, Қарқабат, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді аналардың ұлттың келешегі үшін жасаған ерлік істерін бұқара жақсы біледі. Халқымызда қай заманда болмасын арғымақ уақыттың жалына жармасып, жұрт жұмысына жегілген нарқы жақұттан да бағалы қыз-келіншектер аз болмаған. Солардың бүгінгі сарқыты – Алтыншаш Жағанова.
Қазіргі қазақ қарапайым жылқышы Қайыржанның қызының шашы ғана емес, жаны да алтыннан жаралғанын әбден мойындап қойды. Еңбек жолын 60-жылдары ауылдағы орта мектепте ұстаз болып бастаған қайраткер әдебиет пен журналистиканың майданында тел күресіп, қоғамдық өмірде өзінің мемлекетшіл тұлға екенін сан мәрте дәлелдеді. Айтқан ауызға оңай болғанымен, Алтыншаш апайымыз бұл дәрежеге соқтықпалы соқпақсыз жолдармен үздіксіз іздене жүріп жетті.
Алтыншаш Жағанова Целиноград облыстық теледидарында тәжірибе жинап, Алматыдағы «Қазақстан» баспасында редактор болып орналасқаннан кейін қаламгерлік жолға біржола түсіп, қазақ әдебиетіне «Әмина, қасқырлар және ақырзаман», «Ақ қоян – Құмай тазы», «Еркетотай», «Тентектер», «Эхо по кругу», «Шалунья» атты туындыларды тарту етті. Сондай-ақ драматург ретінде театр өнеріне де «Бәрі де анадан басталады», «Нөсер», «Ала жіп аттағандар», «Беймаза әйел», «Жан алқымда», «Обыр» сынды пьесаларымен олжа салды. Осылай қазақ пен орыс тілдерінде сауатты жаза алатын талантты қаламгер Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтында алған білімін Алаш әдебиетінің көркеюіне бағыштады.
Қазақ ұлтының есесі кеткен кеңестік заманда тек қаламгер болу аздық ететін еді. Содан да болар, қазақтың қара қызы халқының жоғын жоқтап, рухын тіктеу күресіне де бел шеше араласып, тура жолдан тайған жоқ. Мәселен, 1975 жылы «Жазушы» баспасынан Алтыншаш Жағанованың қол қоюымен Олжас Сүлейменовтің әйгілі «АЗиЯ» кітабы оқырманға жол тартты. Олжас Сүлейменовтің орыс руханиятының темірқазығы саналған «Игорь жасағы туралы жырдың» түп-тамыры түркі дүниесімен сабақтас екенін батыл дәлелдеуі кеңес одағы ғылыми ортасында бұрын-соңды болмаған дүрбелең туғызды.
Өздерін аға халық санайтын орыс әдебиетшілері мен ғалымдары авторға қарсы жаппай шабуыл бастап, даудың жаңғырығы Кеңес одағының бас хатшысы Леонид Ильич Брежневке дейін жетті. Осы бір оқиға туралы классик жазушымыз Төлен Әбдік: «Алтыншашпен әдебиетке қатар келдік. Біздің туындыларымыз қазақ халқына енді жетіп жатқанда ол үш жүз миллиондық аудиториясы бар Одақ деңгейінде танылды. Есімі мәскеулік атақты жас ақын-жазушылар қатарында жазылып, әдебиеттегі жолы ашылды. Бірақ Олжастың «АЗиЯ» кітабы шыққаннан кейін бәрі өзгерді. Алтыншаштың «Жазушы» баспасының редакторы ретінде бар жауапкершілікті мойына алып, «АЗиЯ» кітабының жарыққа шығуына қол қоюы – оның өмірін өзгертті. Жазықсыз жазаланып, қызметтен қуылған соң, ол қазақты ағарту жолын таңдап, саясатқа бет бұрды. Бұл бағытта да Алтыншаш Жағанованың айы оңынан туып, талай игілікті істердің басы-қасында жүрді. Мысалы, көші-қонды басқарғанда миллиондаған қандастың атажұртқа оралуына еңбек етті», дейді.
Сүлейменов қатаң сөгіс алып, Жағанова қызметтен қуылған осы бір оқиғадан кейін Алтыншаш Қайыржанқызы кино саласына ауысып, 1976–1982 жылдары Қазақ КСР Кинематография мемлекеттік комитетінде редакторлық қызмет атқарды. 1982 жылы «Жаңа фильм» журналының редакторы ретінде тағайындалып, кино насихатының жүйелі жүруіне үлесін қосты.
Бұдан кейін «Қазақстан әйелдері» журналын тізгіндеп, елімізде елеулі жетістіктерімен танылған әйелдердің өнегелі істерін насихаттады. Қайта құру кезеңінде осы журналда қызмет ете жүріп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Бұдан кейінгі жылдарда жылқышы Қайыржанның қызы мемлекет және қоғам қайраткері ретінде қаншама қызмет атқарды. Сол қыруар жұмыспен қатар ғасырлық тарихы бар «Қазақстан әйелдері» журналының жабылып қалмауына барын салды. Яғни Алтыншаш Жағанова қайтпас қайсар мінезімен қазақ қыз-келіншектеріне арналған басылымның ғұмыр жасын ғасырға дейін ұзартты.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін заман өзгерді. Қазақтың өшкені жанып, өлгені тірілді. Осындай қым-қуыт кезеңде қазақтың арда туған оғландарымен бірге Алтыншаш Жағанова да жарғақ құлағы жастыққа тимей ел ісіне араласты. Әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қазақтарды тарихи Отанына оралту миссиясымен, Көші-қон және демография агенттігін басқарып, КСРО республикаларында, Еуропада, әсіресе Ауғанстан, Иран, Қытай, Моңғолия, Түркия сынды елдерде тұрып жатқан қандастарымызды елге шақыру ісіне батыл кірісті. Оларды мың-мыңдап жедел көшіріп әкелу, атажұртқа жайластыру сынды жауапты істі ойдағыдай жүзеге асырды.
Бұл туралы ақын Бауыржан Бабажанұлы: «Алтыншаш апай көші-қонды басқарғанда көп шаруа тындырды. Мен оның бір ерлігін айтайын. Адалбек Ақмәди деген ғажап ақын бар. Аты айтып тұрғандай, ондай адал, ондай аңғал, ондай әпенді адамды шаммен іздесең де таппайсың. Сол Адалымыз Қытайдан қуғын көріп, елімізге Моңғолия арқылы қашып келді. Елге келе салып, үйленді. Құжаты жоқ жас отбасының осыдан кейін көрмеген қорлығы жоқ. Басы ауырған милиция сол үйдің есігін қағып, Адалдың құжаты жоқтығын айтып, Қытайға қайтарып жіберетінін шегелеп, ашық бопсалайды екен. Осыны естіген Алтыншаш Жағанова құзырлы органдарға шығып, Адалдың мәселесін шешті. Тіпті Алматының қақ ортасынан үй әперді», дейді.
Ал 1992 жылы Моңғолиядан оралған белгілі суретші, мәдениет қайраткері Өмірзақ Рыстан Алтыншаш Жағанованың депутат ретінде жат елде жүрген қандастарымыздың атажұртқа оралуына сіңірген еңбегі туралы: «Біз ес білгелі Қазақстан туралы радиодан естіп, біліп өстік. Сосын бізге Қазақстаннан «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» сынды журналдар жиі келіп тұратын. Алтыншаш апайымызды «Қазақстан әйелдері» арқылы таныдық. Апайымыз әр жерде тарыдай шашырап жүрген Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Иран елдерінде ғұмыр кешіп жатқан бір миллионға жуық бауырымыздың Отанға оралуына дәнекер болды. Әрине, ол үшін мемлекет көмектесті. Бірақ көмектесу үшін де қаражат сұрау, істің көзін табу, сөзін өткізе білу керек. Ал ол үшін сөзсіз тұлғалық қасиет, табанды мінез керек. Сол жылдары көшіп келген қандастарымызға өте қиын уақыт болды. Соның бәрін мемлекетіміз еңсеріп шықты. Атамекенге келгендерге барлық жағдай жасалды. Әрине, бұл орайда Алтыншаш апайымыздың еңбегі ұшан-теңіз», дейді. Осы екі естеліктен Алтыншаш Жағанованың қоғамдық істегі қажырлы еңбегінің нәтижесіз қалмағанын аңғарамыз.
Жазушы-журналист Шархан Қазығұл: «Заман мен адам арасындағы мәңгілік тылсым диалогке құрылған рухани кеңістікті барынша меңгерген Алтыншаш Жағанованың прозасы – нәзік те терең. Сол кезде оның кейіннен мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілетінін ешкім болжап білмесе де, жалпы тегін адам емес екенінен бәрі хабардар еді. Алтыншаш Жағанова – жазушы ғана емес, өз қоғамының санасын оятуға атсалысқан қайраткер», деп бағалапты. Осы бағалауды оқығанда кейіпкеріміздің көркем шығарма жазар уақытының бәрін тәуелсіздіктің түтіні түзу ұшуына сарп етіп, депутат болып, партия құрып («Руханият» партиясын айтып отырмыз) жүріп, әдебиетке барлық күшін сарқып бере алмағанын байқадық. Десе де Алтыншаш Жағанованың: «Мен әлемнің жарты бөлігін араладым. Талай дүниені көрдім. Бірақ ешқашан шетелге қызыққан емеспін. Мен үшін барлық керемет өз елімде, өз жерімде! Айналайын, жастар, міндетті түрде оқыңдар, тоқыңдар, шетелді де көріңдер, бірақ Отанға, өз туған халқыңа қызмет етіңдер. Қазақ екендеріңді мақтан тұтыңдар. Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің қадіріне жете біліңдер», деген сөзін естігенде іштегі өкінішіміз сетінеп сала берді.