Абай • Бүгін, 08:40

Хакім һәм өзбек әдебиеті

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Дана Абай шығармашылығы ХХ ғасырдың 20-жылдарынан туысқан халықтар арасында кеңінен насихат­­тала бастады. Түркі­стан республикасының орталығы Ташкентте қазақ тілінде жарық көрген «Ақ жол» газеті­нің 1921 жылы 19 маусымында жарияланған «Талап­тың мініп тұлпарын», «Әбдірахманға» өлеңдері өзбек, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ ақындарының көзіне түскені де ақиқат.

Хакім һәм өзбек әдебиеті

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Ақ жол» газетінің сол санында Телжан Шонанұлының «Абай» кітәбі басылу керек» атты мақаласының шығуы – ерекше факт. Онда: «Қазақстан ағарту комис­сариаты жанында құрылған комиссия, ұлт әдебиетін жинап бастырғанда, ең әуелі Абай сөзін бастыру керек деп сенеміз. Олай етпесіне болмайды. Неге десеңіз, Абай кітабы бұл күнде ... өте-өте сиреп қалды. Сол сиреп қалған жалғыз-жарым нұсқаларының өзі тозып, жыртылғандары да аз емес. Абайды қолға түсіре алмасы кәдік», деп жазады.

Осы газеттің 1921 жылы 14 қыркүйектегі санында Бернияз Күлейұлының «Абай кітабы басылатын болды» деген мақаласы да жарық көрді. «Абай» дегеннен соң-ақ, қазақтың азын-аулақ әдебиетімен таныс кісілер Абайдың атын һәм қадірін білмей қалмайды. Әдебиеттен аулақ кісіге өкпе жоқ. Бірақ Абайды білген кісілер, «Абай» деп таныса, Абайдың барлық өлеңін, әліге дейін оқи алмай жүр», дейді Б.Күлейұлы.

Онан соң «Абай кітабын енді бастыр­ғанда, мынандай түрде бастыру керек» деп, «Ақ жолдың» 69-санында «Тел­жан Шонанұлы жазып отыр. Абай кітабын бастыру маған тапсы­рыл­ғандықтан, мен қолдан келгенше Телжан ағаның көрсеткен жолын ұстағым келеді», деген ойды алға тартады.

Біз білетін бір факт: Бернияз Абай кітабын кейін татар астанасы Қазанда 1922 жылы бастырды. Оның үстіне «Инқилоб» («Төңкеріс») журна­лының 1923 жылғы 3-санында ұлы ақынның «Адамның кейбір кездері», «Әбдірахманға» деген өлеңдері өзбек тілінде алғаш рет жарық көреді. Бұл – туыс­қан халықтың ұлы Абай шығар­машылығына деген сүйіспеншілігінің белгісі.

1921–1924 жылдар аралығында Таш­кентте қазақ тіліндегі «Шолпан» журналының 2-санында «Абай шәкірт­тері кімдер?» атты мақала шықты. Әрі белгілі ғалым Әбдірахман Сағди де «Ақ жол» газетінің 1923 жылғы бес санында (335, 356, 363, 364, 372) «Абай» атты көлемді еңбегін жариялайды. Мақалада кітаптардың әбден тозығы жетіп, кейбір беттері жыртылып кеткенін, жоғалуға айналғанын өкінішпен сөз етеді. Енді өлеңдері Ташкентте басылып шықса, ол оқырман жұртшылықтың рухани игілігіне айналатынын айтады. Абайдың қарасөздерін бастырып шығару мәселесі туралы да ойларын ортаға салады. Со­нымен қатар ақын жинақтарында кеткен кейбір қате-кемшіліктерге тоқталып, ендігі басылымдарда ондай олқылықтар жібермеуді қаперледі. Мәселен, ғалым «атақ­ты қазақ ақыны Абайдың өлеңдері қазіргі уақытқа шейін үш рет басылып таратылған. Бірінші басылымы 1909 жылы Петербордағы «Шарқ» баспасында басылған. Екінші баспасы 1916 жылы Орынборда, ал үшінші басылымы 1922 жылы Қазанда басылған» дейді.

Әсіресе ғалым Абай ақынды­ғына аса жоғары баға береді. Оның «Жаз» атты табиғат лирикасына арнайы тоқталып: «Ес кетерлік ұлылықпен, тіпті жеңіл һәм табиғи шығарғандығы сонша, өзіне еріксіз тартып еліктіреді, емірендіре түседі», дейді.

Бұл туралы М.Әуезов те ойын біл­діре келіп: «Революцияның алғашқы жылдарында сол Кәкітай шығарған жинақты, енді жаңа емлемен Қазанда бір, Ташкентте бір бастырушы редактор болды. Бұлар, Кәкітайға ешбір жаңалық қоспаудың үстіне, мысалы, Ташкентте бас­тырушы редактор Абай еңбектеріне кей кезде надандық, топастық пен өрескел зорлықтар да жасаған», дейді. Одан әрі «Абайдың тіл байлығын түгел түсінбей, ақын сөзінің кейбіреулеріне өзінше түзеу береді. Мысалы, Абай: «...Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін, Төбетке өлекшінің бәрі бір бас...» деген өлеңде «өлекшесін» деген сөзді түсінбей, «Төбетке ұлы-кішінің бәрі бір бас», деп өгертеді», деп сынға алады.

Абай қазасының 20 жылдығына орай М.Әуезов «Абайдың жиырма жылы» деген бас мақала әзірлеп, оны «Ақ жол» газетінің 1924 жылғы 21 маусымдағы санында редакция алқасы атынан бірінші бетке бастырады. Бұл «Абай бізге керек емес. Ол – шонжарлар ортасынан шыққан» деген байбаламшыларға жасаған бірден-бір соққысы деп түсіну керек. Өйткені онда: «Бүгін – маусымның 21 күні. Қазақ әдебиетінің атасы, атақты ақын Абай өлгеніне 20 жыл толды. Бұл күнді еске алып есептейтін, айрықша ұқтырып өтудің қажеті жоқ. Абай – көпке мәлім адам. Оны мектептегі балалар да, шашы ағарған қариялар да жақсы-жаман оқыған. Қысқасын айтқанда, қалың қазақтың бәрі де біледі», дейді.

Бұл, әрине, ұлы Абайдың туысқан өзбек халқы арасында, сол елде жасап жатқан қазақ оқырманына кемеңгер ақынның ХХ ғасырдың 20-жылдарының алғашқы жартысында таныла баста­ғанын байқатады.

ХХ ғасырдың 30-жылдарында Өзбек­стандағы қазақ мектептеріне арналған «Білім» атты оқулыққа Абайдың «Күз», «Шегіртке», «Жаз» сияқты т.б. өлеңдері енген болса, «Бал дәурен» оқулығына «Күз суреттері», «Қыс», «Жазды күн шілде болғанда», т.б. өлеңдері кірген. Сон­дай-ақ өзбек тілінде жарық көрген «Совет ада­биети» журналы­ның 1935 жылғы 8-са­нында Елтоқ Дилмухаме­довтің «Қазақ халқының ұлы ақыны» атты жазбасы, сондай-ақ 1945 жылы, ұлы ақынның 100 жылдығы Алматы қаласында атап өтіледі. Бұл жиынға Өзбекстаннан Айбек, Ғафур Ғұлам, Ұйғын, Миртемир, Әбдірахман Сағди сияқты ақын-жазу­шылар қатысады.

Сол жиында «Абай өлеңдері» атты 72 беттік жинағын тарту етумен бірге, Ә.Сағдидың «Қызыл Өзбекстан» газетінің 17 тамыздағы «Қазақ ақыны Абай және оның әдеби туындылары» деген мақаласы ұлы ақынның 100 жылдығына орай жарық көреді.

Сондай-ақ аса талантты шайыр Миртемирдің «Ұлы ақын», белгілі ақын әрі драматург М.Шайхзаданың «Қазақ халқының мақтанышы», ғалым Натан Маллаевтың «Кемеңгер ақын» сияқты т.б. өзбек қаламгерлерінің мақалалары өзбек баспасөз беттерінде жарияланады. Мәселен, белгілі ғалым Ә.Сағди: «Абай қоғамда болып жатқан әділетсіздіктер мен теңсіздіктерді, кертартпа іс-әрекеттерді қатты сын астына алады. Үстем тап иелері болған – бай-манаптарды, кертартпа істерді, атқамінер – болыс, билерді мінеп-шенейді», дейді.

Өзбек халқының зиялы жұртшы­лы­ғы­ның ұлы Абай өмірі мен шығарма­шы­лығына қызығушылығы жылдар өт­кен сайын арта түседі. Әсіресе ХХ ғасыр­дың 50–60-жылдарында кең өріс ала бастайды. Оның ақындығы туралы өзбек баспасөздерінде жиі-жиі мақалалар жарияланады. Ғалым Н.Маллаевтың «Қазақ халқының демократ ақыны» деген мақаласы 1954 жылы ұлы Абайдың 110 жылдығына орай «Совет Узбекистони» газетінің 10 та­мыздағы санында жарық көрсе, Мақаш Бекбергеновтің «Абай шығармашы­лығы туралы» деген мақаласы сол жылы «Тошкент хақиқаты» газетінің 12 тамыз­дағы санында жарияланды.

1970 жылы ұлы ақынның 125 жыл­дығына байланысты өлеңдер жинағы өзбек тілінде жарық көреді. Ол туралы академик Юсуп Сұлтанов: «Абайдың дала данышпаны, ұлы ақын екендігіне тағы бір көзім жетті. Кәне енді, дәл Абай сияқты, ерен ойлы ақындар көп болса, ол халықтың бірден-бір бақыты. Аса мол ерен байлығы, халық қазынасы болған болар еді. Абай – поэзия әлеміндегі үлкен құбылыс», деп жазды 1970 жылдың 12 қыркүйегінде берген сұхбатында.

Сондай-ақ ұлы ақынның 145 жылды­ғына орай, академик Иззат Султан 1990 жылдың 8 тамызында берген сұхбатында: «Абай – шын мәніндегі қазақ халқының дана ақыны. Оның өлеңдері мен қарасөздерін оқыған кез келген оқырман, Абайдың даналығына, даралығына тәнті қалмауы мүмкін емес. Оның шығар­маларына жан-жақты көңіл көзін тереңірек қадай түссек, онда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірін, тірлік-тыныстарын өз көзіңмен көргендей боласың. Әсіресе оның өлең сөзге берген бағасы, ақындықты айрықша бағалай білуі мені ерекше дән риза етті. Оның «Өлең – сөздің патшасы», «Қыс», «Болыс болдым, мінекей», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» сияқты т.б. өлеңдері, адам баласының өн бойын шымырлатып, ерекше балқыта түседі», деген болатын.

Сөйтіп, 1991–2025 жылдар аралығын­да, Тәуелсіздік таңы атқан соң, ұлы ақын­ның 150, 160, 170, 180 жылдық торқалы тойлары жоғары оқу орындары мен мектептерде, аудандар мен түрлі елді мекендерде, облыс орталықтарында, тіптен Ташкент қаласының төрінде атап өтілді. Бұл орайда Ташкент, Сырдария, Жызақ, Бұхара, Науаи облыстарының орталықтары мен оларға қарасты мекемелерде, ауыл-аймақтарда атаусыз қалмады.

Ұлы Абайдың туысқан өзбек халқы арасында ерекше қастерлене түсуі жылдан-жылға кең қанат жая бастайды десек, артық айтқандық емес. Өзбекстанда ақын өмірі мен шығар­машылығын оқып-үйрену, өзбек тіліне аудару, оны ардақтау мәсе­ле­лері жылдар өткен сайын кең өріс алып келеді. 2015 жылы өлеңдері мен қара­сөздерінен тұратын «Жарық жұлдыз» атты жинақ жарық көрді.

Тіпті Президент Ш.Мирзиёев­тің 2018 жылдың 13 наурызында «Абай­дың өмірі мен шығармашылығын үйрену туралы» арнайы қаулысы шықты. Осыған орай өзбек тілінде екі халық достығын, әдеби-мәдени байланыстары туралы «Өзбек-қазақ әдеби байланыстары» атты жинақ өзбек тілінде жарық көрді.

Өзбек тілінде ұлы Абайдың «Сайлан­ма» (Таңдамалы) атты кітабы 2018 жылы басылды. Онда ақынның барлық өлеңімен бірге 45 қарасөзі әрі «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген еңбегіне дейін енген. 2019 жылы «Ұлы ақын» деген атаумен «Өзбекстан» баспасынан жарық көрген жинақта «Ескендір» поэмасын Ұйғын аударса, «Масғұт» поэма­сын Миртемир, «Әзім әңгімесі» дас­танын Мұзафар Ахмад аударған.

Жалпы, Абай хакім шығармалары өзбек тілінде кітап болып 8 рет басылыпты. Бесеуі «Өлеңдер» жинағы болса, соңғы үшеуіне өлеңдері, қарасөздері, басқа жазбалары топтастырылған.

 

Қалдыбек СЕЙДАНОВ,

Өзбекстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, профессор

Соңғы жаңалықтар

Доллар тағы да көтерілді

Қаржы • Бүгін, 16:35