Тұлға • Бүгін, 10:00

Құрметке бөленген ана: Ләззат Таймырқызының тағылымға толы ғұмыры

110 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

8 наурыз – әйел-ананың қадірі мен қоғамдағы рөлін айрықша айшықтайтын мереке. Осындай мерейлі күн қарсаңында ел ісіне белсене араласып, қоғамдық жауапкершілікті нәзік болмысымен үйлестіре білген тұлғалар еске түседі. Солардың бірі – Ләззат Таймырқызы Қожахметова. Оның өмір жолы бір ғана саламен шектелмейді. Журналистика, ұстаздық, қоғамдық қызмет, мемлекеттік басқару, депутаттық міндет, ұлттық деңгейдегі кеңестер мен комиссиялар – мұның бәрі оның тағдырында тоғысқан. Ләззат Таймырқызының еңбек жолына үңілгенде ең алдымен ана жүрегін, азаматтық ұстанымын және қоғам алдындағы жауапкершілігін аңғарасыз. Оның өнегелі өмірі – қазіргі қазақ әйелінің жаңа бейнесін айқындайтын тағылымды үлгі.

Құрметке бөленген ана: Ләззат Таймырқызының тағылымға толы ғұмыры

Қалам мен білімнің сабақтастығы

Ләззат Қожахметова 1976 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы ауылда дүниеге келді. 1993-1997 жылдары Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алды.

Ғылым мен білімге деген ізденісі мұнымен тоқтаған жоқ. 2012 жылы осы университетте магистратураны тәмамдап, 2018 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде докторантураны аяқтады. Бұдан бөлек, журналистерге арналған республикалық және халықаралық жүздеген курстар мен семинарларға, тренингтер мен бағдарламаларға қатысып, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырды.

1997 жылдан бастап 2025 жылға дейін Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің журналистика кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарып, жүздеген жас журналистке білім берді.

Ғалым әйелдер академик Нәйлә Базанова атындағы құрмет белгісімен марапатталды

Ұстаздық қызметпен қатар кәсіби журналистикадан қол үзген жоқ. Әр жылдары «Qaraghandy Habary» газетінің бас редакторы, республикалық «Айқын», «Нехабар» газеттерінің, bnews.kz/kz, abctv.kz, munara.kz ақпараттық порталдарының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болды.

Сонымен қатар Қарағанды облысының ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасында оқытушы, Қарағанды қалалық ІІБ баспасөз қызметінде инспектор, «АРТ-ТВ» және «5 канал» телекомпанияларында тілші қызметтерін атқарды.

Осы жылдар ішінде ол журналистиканың шынайы мектебінен өтіп, қоғамдағы өткір мәселелерді батыл көтеретін кәсіби маман ретінде қалыптасты.

Аналар аманаты

Ләззат Қожахметованың қоғамдық белсенділігі оның жеке өмірімен тығыз байланысты. Ол – көпбалалы ана. Үшінші перзентін 40 жасында, төртіншісін 41 жасында дүниеге әкелген.

2019 жылдың қаңтарында Астанада 5 баланың өрттен қаза болуы бүкіл елді дүр сілкіндірді. Осы қайғылы оқиғадан кейін Ләззат Қожахметова Қарағанды қаласында «Талбесік» көпбалалы аналар одағы» қоғамдық ұйымын құрып, өңірдегі көпбалалы аналардың басын қосты.

Л.Таймырқызы

Журналистік тәжірибесін пайдаланып, ол көпбалалы аналарға мемлекеттік бағдарламаларды қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізді. Жәрдемақы алу, баспана кезегіне тұру, әлеуметтік қолдау тетіктері туралы ақпарат беріп, көптеген отбасының мәселесін шешуге көмектесті.

2020 жылдан бастап оның бастамасымен «Талбесік» ұйымы облыс орталығы мен аудандарында «Шаңырақ» отбасы орталықтарын ашты. Бұл орталықтар тек көпбалалы аналарға ғана емес, өмірлік қиын жағдайға тап болған барлық отбасыларға көмек көрсететін маңызды әлеуметтік алаңға айналды.

Ақмарал Әлназарова мереке қарсаңында медицина қызметкерлерін марапаттады

Орталықтар арқылы көптеген отбасы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, баспаналы болды. Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға жәрдемақылар рәсімдеуге көмек көрсетілді. Аналарға кәсіпкерлік негіздері бойынша тегін курстар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, құқықтық және психологиялық кеңес берілді. Ләззат Қожахметованың мұрындық болуымен көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қайырымдылық негізде баспаналы болды.

Ләззат Таймырқызы Қарағанды қаласында және Шет, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарында ашылған осы орталықтардың жұмысын үйлестіріп, отбасы институтын нығайту ісін жүйелі жолға қойды. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы Аналар кеңесінің төрағасы болып, өңірдегі белсенді аналарды біріктірді.

Л.Таймырқызы

Облыстық мәслихат депутаты ретінде де ол өңірдегі әлеуметтік бастамалардың бел ортасында жүрді.

2023 жылы Ләззат Қожахметова Қарағанды қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы» мемлекеттік мекемесінің басшысы болып тағайындалды.

Оның бастамасымен тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар азаматтарға арналған уақытша тұрақ-жай ашылды. 111 байланыс орталығы арқылы жүгінген азаматтарға 14 орындық қауіпсіз баспана ұсынылып, көптеген отбасыға нақты көмек көрсетілді.

Ләззат Таймырқызы үшін басты құндылық − халықтың игілігі. Ол қай салада еңбек етсе де адалдық пен жауапкершілікті басты қағида етіп келеді.

Жан-тәнімен қоғамға қызмет етіп жүрген ол мыңдаған ананың сеніміне ие болып, көптеген отбасының тірегіне айналды.

Л.Таймырқызы

Ұлттық деңгейдегі қоғамдық қызмет

Әріптестерінің айтуынша, Ләззат Таймырқызы қоғамдық өмірде әрдайым белсенділік танытып, әлеуметтік мәселелерді батыл көтеретін қайраткер.

Ол «Talbesik» көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Ұлттық құрылтайдың мүшесі болды.

Л.Таймырқызы

Бұл алаңдарда ол аналар мен отбасылардың мәселесін көтеріп, әлеуметтік саясатты жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар айтты. Оның көптеген бастамалары мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалық өзгерістердің негізіне айналды.

Еңбек – ел құрметінің өлшемі

Ләззат Қожахметованың қоғамдық қызметі мен еңбегі жоғары бағаланып келеді. Ол Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар», Қарағанды қаласы әкімінің «Замандас» сыйлықтарының лауреаты.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің, «AMANAT» партиясы төрағасының, министрлер мен әкімдердің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталған.

Ол «Халық алғысы», «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке 30 жыл», «Конституцияға 30 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» медальдарының және «Құрмет» орденінің иегері.

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Ләззат Қожахметованың кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Бұл – ел дамуына, азаматтық қоғамның нығаюына және әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесінің жоғары бағалануы.

Л.Таймырқызы

Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жыл қатарынан 8 наурыз мерекесі қарсаңында Ләззат Қожахметоваға құттықтау хат жолдағанын айта кеткен жөн.

В
Қазіргі таңда Ләззат Қожахметова Астана қаласында еңбек етіп жатыр. Ол Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы қызметін атқарады.

Бұл қызметте ол қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған ақпараттық саясатты жүзеге асырып келеді.

Ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың тірегі

Ләззат Қожахметованың өмір жолы – қоғамға қызмет етудің, азаматтық жауапкершіліктің және аналық мейірімнің жарқын үлгісі.

Журналистикада – шындықты айтқан қаламгер, білім саласында – жас буынды тәрбиелеген ұстаз, қоғамда – мыңдаған ананың жанашыры, мемлекеттік қызметте – халық мүддесін қорғаған басшы.

Осындай тұлғалардың өмір жолы бүгінгі қоғам үшін де, келешек ұрпақ үшін де үлкен өнеге. Ләззат Таймырқызының еңбегі – бір ғана адамның табысы емес, тұтас қоғамның үміті мен сенімін ақтаған еңбек.

Сондықтан оның өмір жолы – қазақ әйелінің қайсарлығы мен парасатының, мейірімі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Соңғы жаңалықтар

Бизнестегі бибілер

Бизнес • Кеше