Биыл Қарулы күштеріміздің құрылғанына 33 жыл толғаны мәлім. Азаттық жылдарында қазақ армиясы қандай жетістікке жетіп, нендей биіктерді бағындырды? Кез келген әскердің басты тірегі – қауқарлы қару-жарағы мен тегеурінді техникасы. Әлемдегі ең озық әрі заманауи қару-жарақты сатып алған жақсы. Алайда сондай қаруды өз еліңде өндіру, яғни отандық өндірістің дамығаны бәрінен де маңызды.
Белгілі әскери сарапшы Амангелді Құрметтің айтуынша, 90-жылдардағы тоқырау мен одан кейінгі өрлеу кезеңдерін бастан кешкен еліміздің әскери-өнеркәсіптік кешені кеңес заманында одақтың ірі әскери-өнеркәсіптік кешенінің шағын ғана бөлшегі болса, қазір де сол деңгейден аса ұзап кете қойған жоқ. Дегенмен бұл салада жеткен табыстарымыз да баршылық.
«Кеңес дәуірінде ел аумағында қос мақсатта жұмыс істейтін 51 кәсіпорын болған екен. Қазір қорғаныс және қауіпсіздік бағытында жұмыс істеп жатқан 30-ға жуық кәсіпорын бар. Соның көбі – «Қазақстан инжиниринг» холдингіне қарасты еншілес кәсіпорындар. Тәуелсіздік жылдарында қандай жетістікке қол жеткіздік десек, ең алдымен ауызға ілігетіні – кеме жасау саласы. Оралдың «Зенит» зауыты Каспийдегі әскери-теңіз күштерімізді шағын катерлер, шағын кемелер және қайықтармен қамтамасыз етіп келеді.

Екінші өнімді бағыт – «Қазақстан Aselsan инжиниринг» компаниясы Түркияның «Aselsan» компаниясымен бірігіп, түнде көретін, байланыс, жылуға ден қойғыш (тепловизор) құралдарын жасап жатыр. Айта кету керек, қазір түріктің «Aselsan» компаниясы қару-жарақ сату бойынша әлемде алғашқы жүздікке кіреді.
Сондай-ақ «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» кәсіпорнының армиямыз үшін бронды көліктер шығарып жатқанын да тілге тиек етуге болады. Қазір сингапурлықтармен бірігіп бронды көліктерді жетілдіру қадамдарын жасап жатыр. Бірақ ол қаншалықты сәтті болатыны әрі Қарулы күштеріміз қаншалықты сатып алатыны туралы алдын ала болжам жасау қиын. Бұған қоса түріктің «Otokar» кәсіпорны да біздің нарыққа кіріп, әскеріміз үшін бронды көліктер өндіре бастады», дейді А.Құрмет.
Оның айтуынша, Қарағанды қаласындағы патрон шығаратын зауыттың іске қосылуын да тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктің бірі деп бағалауға болады. Оралда ірі калибрлі «Утёс» пулеметі шығарылғанымен, оған оқ-дәрі шетелден алынатын. Енді өз патрондарымызды қолданатын болған. «Бұған қоса Семейде бронды техника мен танк жөндейтін зауытымыз, Алматыда байланыс құралдарын жасайтын кәсіпорын жұмыс істейді. Өзге де жетістіктеріміз бар. Дегенмен елді елең еткізетін, қорғаныс кешенімізді тұтас қамтамасыз ететіндей ірі кәсіпорындарымыз жоқ», дейді ол.
Сонымен қатар А.Құрмет кейінгі кезде елімізде 152 миллиметрлік снаряд шығару, түріктің «TUSAŞ» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрып, атақты «Bayraktar» дрондарына ұқсас, тіпті кейбір тұстарында одан да асып түсетін «Anka C» дрондарын құрастыру жөнінде ақпараттар шығып жатқанын алға тартты.
«Біздің әскери-өнеркәсіптік кешеніміз Қарулы күштеріміздің қажеттіліктерін белгілі бір деңгейде өтегенімен, әлі де армиямыздың тәуелсіз болуы үшін қажетті құралдарды жасауға қабілетсіз екенін мойындау керек. Біз реактивті қондырғылардың снарядтарын, баллистикалық зымырандар, әскери ұшақ пен танк шығармаймыз. Қару-жарақтың кемінде жартысын өзіміз шығарсақ, үлкен жетістік болар еді», деді ол.
Кейінгі жылдардағы қарулы қақтығыстарға назар аударсақ, қазір көбіне адам тікелей араласпайтын, алыстан басқарылатын қару-жарақ пен техника түрлеріне басымдық берілетінін көреміз. Атап айтқанда, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар, FPV-дрондар, баллистикалық зымырандар төрге озып тұр. Осы орайда біз таяу күндері Алматыдағы Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына бас сұғып, отандық мамандар жасап жатқан өнімдермен танысқан едік.

Соның бірі – су жаңа «Degelek» көпмақсатты гибридті ұшқышсыз басқарылатын аппараты. Институт бастығы, генерал-майор Нұртас Қабақовтың айтуынша, бұл дрон барлау жүргізу, оқу-жаттығу, жүк жеткізу мақсатында, тіпті дрон-камикадзе ретінде де қолданылмақ. Қазіргі уақытта жоба жетілдіріліп жатыр. Дайын болған соң, алдымен сынақтан өткізіліп, кейін Қарулы күштер құрамына қабылданады. Дегенмен атауы қазақша болғанына қарап, бұны толықтай отандық өнім деп те айтуға келмейді. Өйткені көп бөлшектері, соның ішінде электроника жағы шетелден сатып алынады.
Бұдан бөлек, институт мамандары Қарулы күштерге қабылданған әрі іс жүзінде жоғары тиімділігін дәлелдеген «Меруерт» дронға қарсы құралы мен өзге де тәжірибелік-конструкторлық үлгілерді жасап жатыр. Оның ішінде биыл еліміздің ең үздік инженері атанған кафедра бастығының орынбасары, подполковник Нұржан Зікірияевтің жұмыстары да бар. Ол – Қарулы күштерімізге қабылданған үш бірегей қорғаныс жүйесінің авторы. Соның бірі – әскери техника үшін көрінуді арттыруға арналған оптикалық-электрондық модуль. Ол түнгі уақытта бақылау мен қозғалыс қауіпсіздігін айтарлықтай жақсартады. Сонымен қатар оның басшылығымен Wing Loong-1 дрондарына кеңестік заманнан қалған снарядтарды ілу жобасы сәтті жүзеге асырылған. Елімізде мұндай ескі артиллериялық снарядтар көп сақталған екен. Оларды дронға байлау арқылы қолдану әлдеқайда сәтті болатыны дәлелденген.
FPV-дрондар қазіргі қарулы қақтығыстарда ең жойқын күштің бірі болып отырғанын айттық. Бір қуаныштысы, елімізде осындай дрондарды жасайтын жеке компаниялармен қоса, өз қолымен құрастырып жатқан өнертапқыштар да бар екен. Соның бірі – Луговой гарнизонынының 03811 әскери бөлімінде қызмет ететін сержант Ұлыбек Қожанқұлов.
Алғашқыда «Sky Lark» дронымен жұмыс істеу курсынан өткен ол кейін техниканың бөлшектеріне тапсырыс беріп, өз бетінше құрастыруды бастаған. Бүгінде бұл әскери қызметші – FPV-дрондардың операторы ғана емес, оны құрастыра алатын сирек маманның бірі. Сондай-ақ оған өзге сарбаздарды да оқытып, үйретіп жүр. «Мен бұл жетістікке жету үшін бос уақытымның бәрін арнадым. Түнгі уақытта микросхемалармен жұмыс істеп, бөлшектерді жинап, тәжірибемді арттырдым. Болашақ әскери қызметімді толығымен дрон қолдану саласымен байланыстырамын», дейді ол.
Иә, ата-бабамыздың «Жау жоқ деме, жар астында» дегені тегіннен-тегін емес. Айналамыздан жау іздемесек те, айбалтамыз қойында тұрғаны абзал. Бұл үшін қауіпсіздігіміз бен тыныштығымыздың қорғаны – Қарулы күштеріміз екенін ескеріп, оны жетілдіру мен отандық қару-жарақпен қамтамасыз ету алдыңғы қатарлы міндет болғаны абзал.