Іс-шараның мақсаты – айтулы тұлғаның шығармашылық мұрасын кеңінен дәріптеп, оның қазақ руханиятындағы ерекше орнын көпшілікке тереңірек таныту.
Кеш барысында қаламгердің әйгілі «Талтүс» романында суреттелген қоңыр күйлер шертіліп, атадан балаға мирас болған күй тарихы айтылды. Кешті тізгіндеген ақын Ербол Алшынбай «Талтүс» пен «Тәттімбет сері» романдарындағы күй аңыздарын айтып, күйші, Таласбек Әсемқұловтың шәкірттері Ардаби Мәулет пен Рүстем Нүркенов қоңыр әуезді күйлерді баппен орындады. Осылайша осы кеш арқылы Кетбұға, Сарнияз, Байжігіт, Тәттімбет, Ақай қажы, Жүнісбай және Т.Әсемқұловтың авторлық күйлері қайта жаңғырды. Сондай-ақ «Тәттімбет сері» романында суреттелетін, жаугершілік замандағы қыз-бозбаланың қоштасу сөзіндей болған «Сәулем-ай!» әнінің тарихы тарқатылып, жаңа нұсқасы алғаш рет көпке таныстырылды. Кеш соңында жазушының көптомдық шығармалар жинағының 8-томы және күйші Рүстем Нүркенов дайындаған «Талтүстегі қоңыр күй» ноталар жинағы мен Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» кітаптарының тұсауы кесілді. Әсемқұлов әлемімен жақсы таныс, күйге жүрегі құлаған, бекзат өнерге бас иген барша көрермен үшін бұл кеш өте бір аяулы сәттің бірі болды десек артық емес.
Бұл іс-шараны жазушының жары, мифолог Зира Наурызбаева және қаламгердің шәкірттері ұйымдастырып, Таласбек Әсемқұлов шығармашылығын тағы бір қырын көпшілікке жеткізді.