Атап айтқанда, 16–17 желтоқсан қарсаңында мемлекеттік мекемелерде, қала кітапханалары мен білім мекемелерінде тақырыптық кездесулер, патриоттық, әдеби-музыкалық кештер, дөңгелек үстелдер, тарихи-танымдық сағаттар, дәрістер, әдеби оқулар мен басқа да маңызды оқиғалар легі басталады.
Жылдағы бұлжымайтын дәстүрмен Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі мен «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне дәстүрлі гүл қою рәсімі ұйымдастырылады. Оған қала басшылығы, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, 1986 жылғы көтеріліске қатысушылар, этномәдени бірлестіктер өкілдері және жастар қатысады. Ал 17 желтоқсанда қаланың барлық 8 ауданында 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінде қаза болғандарды еске алуға арналған ас беріледі.
Бұдан бөлек, қала билігі жастарды елжанды болуға жетелейтін төрт мемлекеттік әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, қайырымдылық акцияларын, спорттық турнирлер, шығармашылық, патриоттық іс-шаралар мен тақырыптық конференциялар, байқаулар өткізуді көздеп отыр. Бұл бастамалардың барлығы да тарихи жадты сақтап, тәуелсіздік үшін күрескен буынның ерлігіне құрмет көрсетіп, осы құндылықтарды жас ұрпаққа дәріптеуге бағытталған.
Осы орайда Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Тәуелсіздік күні және Желтоқсан көтерілісінің 39 жылдығы қарсаңында 1986 жылғы желтоқсаншылармен кездесті. Әкім Алматының қоғамдық өміріне белсене үлес қосып жүрген желтоқсаншылардың патриоттық ұстанымын, азаматтық позициясы мен ұлттық құндылықтарға беріктігіне қошемет көрсетті.
Кездесу барысында көпті толғандырған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер көтеріліп, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды. Сонымен қатар Желтоқсан көтерілісінің 40 жылдығына орай қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, кешенді еске алу іс-шараларының жоспары әзірленбек. Әсіресе ұлттық рухты нығайтуға, жастарды тәрбиелеуге бағытталған танымдық әрі патриоттық бастамаларға басымдық беріледі.
Кездесу соңында Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдап жүргені және азаматтық қоғамды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін желтоқсаншыларға риясыз алғысын білдірді. Әкім атап өткендей, қала әкімдігі, мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдар жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыру және қаланы дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады.
АЛМАТЫ