Қоғам • Бүгін, 08:15

30 мыңнан аса жұмыс орны құрылады

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясындағы Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі – экономиканы әртараптандыру және қайта өңдеуді дамыту. Негізгі мақсат – тек шикізат экспортына бағдарланудан аулақ болып, қосымша құнды, тұрақты жұмыс орындарын, тұрақты экспорттық әлеуетті қамтамасыз ететін жаңа өндірістерді құру.

30 мыңнан аса жұмыс орны құрылады

Сурет: qyzylqoga.kz

Бүгінде 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 10,2 трлн теңгеге жуық сомаға ірі индус­триялық жобалар портфелі жасақталды. Жалпы, өнеркәсіпте индустриялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

Жобалар шикізат бағасының ауытқуларына тәуелділікті азайтуға және нақты өнеркәсіптік өндірісті дамытуға бағытталған. Олардың ішінде «ЕвроХим–Қаратау» ЖШС Жамбыл облысында күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар және индустриялық өнімдерді өндіреді. Инвестиция көлемі – 536 млрд теңге. 1,2 мың жұмыс орны ашылады. Жоспарланған өнім – жылына 800 мың тонна. Бұл келесі жылы іске қосылады.

Түркістан облысындағы «Састөбе химиялық кешені» ЖШС каустикалық сода, ПВХ және ілеспе материалдар шыға­рады. Инвестиция көлемі – 153,9 млрд теңге. 940 жұмыс орны ашылады. Жылына 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 400 мың тонна әк өндіріледі. 2027 жылы іске қосылады.

«Qazaq Kalium Ltd» ЖК – БҚО-дағы «Сатимола» кен орнынан калий тұздары бойынша байыту-өндіру кешені. Инвестиция көлемі – 1,2 трлн теңге. 4 000 жұмыс орны ашылады. Жоспарланған өнім – жылына 1,5 млн тонна калий тыңайтқышы. 2027 жылы іске қосылады.

Түркістан облысындағы «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС күкірт қышқылы зауыты. Инвестиция көлемі – 113,5 млрд теңге. 274 жұмыс орны орны ашылады. Жылына 800 мың тонна күкірт қышқылы шығарылады. 2027 жылы іске қосылады.

Қарағанды облысында болат өнімдерінің жаңа түрлерін шығару арқылы «Qarmet» АҚ өндірісін кеңейту. Инвестиция көлемі – 1,6 трлн теңге. 1,9 мың жұмыс орны ашылады. Жос­парланған өнім – жылына 5 миллион тонна болат. Өндіріске қо­су мерзімі – 2028 жыл.

«ССКӨБ» АҚ-ның Қостанай облысындағы ыстықтай брикеттелген темір өндіретін зауыты (I кезең). Инвестиция көлемі – 920 млрд теңге. 1 мың жұмыс орны ашылады. Өндіріс көлемі жылына  – 2 млн тонна. 2028 жылы іске қосылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сының шикізат емес секторға, қосылған құн мен тұрақты жұмыс орындарын беретін жо­баларға баса назар аудара отырып, жаңа инвестициялық цикл­ды қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Үкі­мет шетелдік инвесторларды өңдеу, металлургия, химия және материал­дар өндірісіне тікелей тарту жөніндегі жұмыстарды күшейтті.

Шетелдіктердің қатысуымен шамамен 5,7 трлн теңгеге 20 ірі жобадан тұратын портфель жасақталды, олар бойынша 11 мың­нан астам жұмыс орны ашы­лады. Мұндай жобалардың ең көбі Жамбыл облысында шоғырланған – бес жоба, ал Павлодар облысында – төрт жоба. Инвестиция көлемі бойын­ша Жамбыл облысы 1,47 трлн теңгеге, Павлодар облысы 1,02 трлн теңгеге, сондай-ақ Қостанай облысы 920 млрд теңгеге ірі жобамен көш бастап тұр.

Құрылыс материалдарын өндіру, ағаш өңдеу және машина жасау саласында да бірқатар жоба жүзеге асуда.

Бұдан басқа, екі елден көп қатысушысы бар 9 көпжақты жоба жүзеге асырылуда, құйы­латын қаражат 2,4 млрд АҚШ доллары шамасында, олар бойынша 2,8 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

«Үкімет оң инвестициялық климатты қамтамасыз ететін бірқатар шара қабылдауда. Ква­зимемлекеттік сектордағы қаржы тетіктерін тарту арқылы жобаларды қаржыландыруға қолдау көрсетіледі. Мәселен, 2022 жылдан бері «аралас қаржыландыру» қағидатын қоса алғанда, экономиканың түрлі секторларында 116 жобаны жүзеге асыруға 700 млрд тең­геден астам қаржы бөлінді. Биыл және алдағы екі жылда іске қосылатын жобалардың есебінен 30 мыңнан астам тұ­рақты жұмыс орнын құру жоспарлануда», деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.

Шетелдік инвесторлар үшін жағдайдың жақсаруы, Инвест штабтың жұмысы және негізгі индустриялық аймақтардағы жобалардың нақты жиынтығы қолайлы инвестициялық климат туғызып отыр.

Индустриялық бастамаларға инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және мақсатты түрде қар­жыландыру арқылы қолдау көрсетілуде. «Араластыра қар­жы­­ландыру» қағидаты мем­ле­кеттік қаражатты нарық­тағы қаржымен біріктіруге жол ашып, нәтижесінде салыстырмалы түрде аз бюджеттік инвестициялармен айтарлықтай көп инвестициялар тартуға мүмкіндік туып отыр. Бұл ретте 2026 жылға арналған бюджетте саланы қолдаудың жаңа құралдары көзделген, мәселен, ҚДБ, өнеркәсіпті дамыту қоры және «Qazaqstan Investment Corporation» арқылы 30-ға жуық жаңа жобаны қолдау жоспарлануда. Бұл жүздеген миллиард теңге инвестициялар тартуды және шикізаттық емес өнім өндіру көлемінің арттыруды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ 2026–2028 жыл­дарға арналған инвестициялық бас­тамалар қолға алынды, соның ішінде даму институттарының капиталын ұлғайту және жаб­дықты жаңарту үшін лизингтік қаржыландыру бағдарламасы дайындалды.

Соңғы жаңалықтар