Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының ұйымдастыруымен өтетін «Қазақ – Қытай қаламгерлері» халықаралық әдеби конференциясына қатысу үшін отандық делегация Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласына барды. Іссапардың алғашқы күнінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов әлем әдебиетінің ірі өкілі, Нобель сыйлығының иегері, танымал жазушы және романист Мо Янмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қос қаламгер бүгінгі әлем әдебиетінің даму үрдістері, шығармашылық байланыстардың кеңеюі және қазақ-қытай әдеби қарым-қатынасының болашағы туралы келелі әңгіме өрбітті. Әсіресе, заманауи әдебиеттегі жаңа тақырыптар, жазушылардың әлеуметтік жауапкершілігі және екі ел арасындағы мәдени ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Мереке Құлкенов Мо Янның әлемге танылған шығармашылық ерекшелігін жоғары бағалап, қаламгердің туындыларын қазақ оқырмандары қызыға оқитынын атап өтті. Өз кезегінде Мо Ян қазақ әдебиетінің бай мұрасы мен бүгінгі дамуына қызығушылық білдіріп, қазақ жазушыларымен бірлескен жобаларға ниетті екенін жеткізді.
Кездесу аясында екі ел жазушыларының қатысуымен бірлескен жобалар және әдеби алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар қарастырылды. Қаламгерлер алдағы уақытта әдеби байланыстарды жаңа деңгейге көтеру жөнінде ортақ мүддені қуаттады.
Бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды нығайтуға, екі халықтың рухани байланысын тереңдетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.