Білім • Бүгін, 08:20

Жас буын тәліміне бетбұрыс қажет

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі бабамыз Әл-Фа­раби: «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», деген екен. Сол аталы сөзді ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беріп, ұдайы көңіл бөліп отырғандықтан, еліміздің білім саласында сең қозғалғандай серпінді бетбұрыс жасалды.

Жас буын тәліміне бетбұрыс қажет

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Нақты айтсақ, өткен оқу жылында мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бар­лық өңірде балаларға арнал­ған Психологиялық қолдау орта­лығы ашылды. Биыл Ұлттық құрыл­тайдың Бурабайда бол­ған төртінші отырысында Мем­лекет басшысы тәрбие жұ­мы­сы әртүрлі құжатпен ретте­летіндіктен, шашы­раңқылыққа жол берілгендігін сынай келіп, біртұтас бағдарлама қабыл­дауды тапсырған еді. Осы тапсыр­маға сәйкес «Адал азамат» біртұ­тас тәрбие бағдарламасы әзірле­ніп, биылғы оқу жылында мем­лекеттік және жекеменшік мек­теп­тердің барлығында жүзе­ге асырыла бастады. Ол Прези­дент ұсынған «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идео­ло­гия­лық қағидасымен үндес. Жобаны үйлестіруші – Ыбы­рай Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясының мәлім­деуінше, тәрбие жүйесі жалпы­ұлттық құндылықтарға негіз­деліп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты ны­ғайтуға бағытталған. Бағдарла­маны жүзеге асыру алғаш рет жекеменшік мектептерге де міндеттелгені тәрбие жұмысының ел көлемінде бірыңғай стандартпен жүргізілуіне әрі барлық оқушы үшін тең орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі сая­сат саласындағы құрылымдармен тығыз байланыста жүргізіледі. Ай сайын белгіленген арнайы тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды бір-бірімен сабақтастырады. Әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтар оқу үдерісінің өзегіне айналып отыр. Мектеп қызметіне «Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізілді. Сондай-ақ
әрбір оқушының мектептен тыс өмірлік тәжірибесін байы­туға да ерекше көңіл бөлу көздел­ген. Бұған дейінгі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Қамқор» (экология және во­лонтерлік), «Еңбегі адал жас өрен» (еңбекке баулу және маман­дыққа бағдар), «Smart Bala» (IT және инновациялық ойлау­ды қолдау), «Шабыт» (өнер мен мәдениет арқылы рухани даму), «Ұшқыр ой алаңы» (пікір­сайыс пен зияткерлік ойындар), «Балалар кітапханасы» (оқу сауат­тылығы мен кітап мәдениетін дамыту) секілді 6 ірі жоба жүзеге асырылған еді. Қазір солармен қатар, құқықбұзушылық пен балалар арасындағы қауіптің алдын алуға бағытталған «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллинг­тен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» жобалары қолға алынды. Әрине, ұрпақ тәрбиесіне осындай бетбұ­рысты бекемдей түсейік десек, әлі де ойланарлық жайлар бар.

Жуырда елордаға жақын орналасқан Қосшы қаласында тұратын белгілі кино және театр актері Нартай Сауданбекұлы әлеуметтік желіде: «Кейінгі кезде кенже қызымның оқуы қатты алаңдата бастады. Тілінің орысшасы басым. Көп қазақы сөзді ұға қоймайды. Сыныптастары «шалақазақ» деп мазақтап, қы­сым да көрсетеді екен. Содан болар, мектепке баруға еш құлқы жоқ. Барған күннің өзінде үйге тезірек қайтқысы келіп тұрады. «Мен ауырып отырмын, мұғалімнен сұрап алыңызшы», деген күндері, сабақтан кетіп қалған кездері аз болған жоқ. Ойлана келе мектебін ауыстыру керек деп шештік. «Қазақша оқи беремін», деді қызым. Сол кезде елордадағы «Qazbilim» ұлттық лицейі жайлы жақсы пікір естідім. Сөйтіп, қызымыз жетінші сыныпты жаңа оқу ордасынан бастады. Міне, үшінші айды тәмамдап жатыр. Дән ризамыз. Таңертең тұруы қиын қызымыз қазір таңғы сағат 6-да оянады. Себебі Қосшыдан Астанадағы лицейге дейін – 1 сағаттық жол. Сабаққа кешіккісі келмейді. Домбыра да үйреніп, қазір екі-үш күйді меңгеріп қалған жайы бар. Қазақшасы да түзеліп келеді. Ең бастысы, бұрынғы мектебі мен сыныбы туралы теріс пікір айтып отыратын қызымыз қазір: «Жаңа мектебім ұнайды», дейді.

Бұл лицейдің тағы бір жақсы жағы – оқушылар мен мұғалімдер арасындағы байланыс басқаша. Баланы оқытып қана қоймай, үлкен һәм күрделі өмірге бейім­деп, ұлттық құндылықты мол сіңірген тұлға болып шы­ғуына атсалысатын білім ордасы болып көрінді маған», деп жазды. Демек, «Qazbilim» ұлттық лицейі сияқты ұлттық тәрбиеге баса ден қойған білім ұйымдарының оң тәжірибесін кеңінен тарату қажет.

Ортаға салар тағы бір ой – халқымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», деген даналық сөзін де жете ескерген жөн. Себебі кез келген бала үшін отбасы тәрбиесінің, ата-ана өнегесінің маңызы зор. Бір мысал: кеңес заманында әкесі саудамен айналысатын жұмысшылар кооперативін басқарғандықтан, молшылықта өскен ерке-тотай танысым ақшаға, дүние-мү­лікке өте құмар еді. Кейін зоотех­ник мамандығын алып, қыз­мет қуып, байлық жинады. Ақыры аудан әкімі болып тұр­ған кезінде пара алып ұсталып, бірнеше жылын темір тордың арғы жағында өткізді. Сол кісі­нің ұлы да оңай баю жолына түсіп, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болды. Құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүріп, Астанадағы әкесінің жеке үйіне келіп тығылған екен. Оның ізіне түскен криминалдық полиция қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімше жауын­герлерімен бірге үйді қоршауға алып, қарсыласпай берілуін талап еткен. Істің насырға шабатынын түсінген әкесі қылмыскер ұлын қолынан жетелеп әкеліп, полицейлерге тапсыруға мәжбүр болыпты. Баласын дүниеқоңыз қылып тәрбиелегеніне қатты өкінді ме екен, кім білсін, сол танысым арада бірер ай өткенде миына қан құйылып, өмірден мезгілсіз озды...

Осы орайда ертеректе Петро­павл қаласындағы Сафуан Шай­мер­денов атындағы қазақ клас­си­калық гимназиясында көрнекті жазушының «Бір таба нан» әңгі­месі бойынша өткізілген оқырман­дар конференциясына қатысқа­ным есімнен кетпейді. Оқушылар аталған шығарманы оқып керемет әсерленіп, өз пікір­лерін тебірене ортаға салған еді. Мұндай шығармалардың тәрбиелік маңызы зор екендігі сөзсіз.

Өз басым әкем ерте қайтыс болып, бала кезімде жетімдіктің тақсыретін тартып өстім. Әсіресе жоқшылық қолымды байлап-матап, қатты қиналған кездерім болды. Сонда тұрмыс тауқыметінен құтылып, байлықта шалқып өмір сүрем деп армандадым. Бірақ әуелі Джек Лондонның «Мартин Иден» романын, одан кейін Оралхан Бөкей мен Дулат Исабековтің шығармаларын қызыға оқыған соң өмірге көзқарасым күрт өзге­ріп, руха­ни байлықты мате­риал­дық байлықтан жоғары қой­дым. Сол себепті адалдық пен әділдік жаршысы – журналист мамандығын таңдадым. Өз таңдауыма өкінген емеспін. «Кітап – адамның ең жақсы досы», деген сөз рас.

Өкінішке қарай, ұзақ жыл бойы ұрпақ тәліміне онша көңіл бөлінбей, рухани құн­дылықтар құлдырап, ақшаға, дү­ние-байлыққа табынудың салда­рынан сыбайлас жемқорлық індетке айналған қоғамымызда мұндай мысал аз емес. Сондықтан да мектептердегі сынып жетек­ші­лері қарамақтарындағы шә­кірттерін қандай құндылықтар қызықтыратынына, оларға ата-аналары қандай тәрбие беріп жүргеніне мұқият назар аудар­са, құба-құп. Материалдық игілік­тер­­­ге басымдық берілген отбасыларда тәрбиеленіп жүрген балалардың бойына рухани құндылықтарды дарыту жолдарын іздестірсе, игі. Сондай жолдың бірі – оқушыларға көркем әдебиетті оқыту. Бұл ретте Мемлекет басшысының: «Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәр­биесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл, өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеу­меттік желідегі мағынасыз контент­ке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға бау­луы­мыз керек. Сонда жаппай кі­тап оқитын ұлтқа айналамыз. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәде­ниетін қоғамда барынша орнық­тыруымыз керек», деген пікірі кімді болсын ойландыруға тиіс.