Күні кеше аталған кітапханада Жазушылар одағының мүшесі, қарағандылық ақын Мүсіркеп Сейдахметтің «Жоқшы» атты жыр кітабы таныстырылды және автордың 70 жасына орай «Кәусарын жырдың атқылап, тас жарып шыққан қайнармын» атты кездесу ұйымдастырылды. Ақынның жыр жинағына туған ел мен жерге деген сүйіспеншілігі, ұлттық болмысқа, тарихи жадыға деген сағынышы, рухани ізденісі мен пайымы туралы толғаныстары топтастырылған. «Жоқшы» – қазақтың жоғын жоқтап, барын бағалауға үндейтін сыршыл туынды.
Ақын-жазушы Серік Сағынтай тізгіндеген кездесу кешінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмас Мырзахмет ақынға министрдің құттықтау хатын табыстады. Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы мерейтой иесіне одақтың басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын оқып, иығына шапан жапты. Ақын Мұхарбек Жәкей кітап авторының жыр шумақтарына тоқталып, шұрайлы тұстарынан үзінді келтірді. Замандас бауыры, белгілі ақын Дәурен Берікқажыұлы:
«Жақсы өлең жазсам болды деп
Жүретін ақын көп жүдеп,
Жүрегін ұстап тап-таза
Жетпіске келді мөлдіреп.
Қиялына он түнеп
Қазағын ойлап тоңды көп,
Пеш қалап жүріп ауылда
Қой баққан ақын соңғы рет.
Ұстаған қолы мол күрек
Өмірді өлең көрді тек.
Паңсыған жұрттың бәріне
Пайғамбар сынды елжіреп», деген шумақтарымен жолдады лебізін.
Кеш барысында өлең оқылып, ән шырқалып, оқырмандар автордан қолтаңба алды.