Геологиялық барлау ісін дамытады
Отырыста сенаторлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне көмірсутектер мен уран саласында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заңда аз зерттелген аумақтарда геологиялық зерттеу жүргізу ерекшеліктері және басқа да маңызды рәсімдер белгіленген.
«Қаралған заң жобасына Мемлекет басшысының жер қойнауын пайдалануды жетілдіру жөнінде берген тапсырмаларын орындау үшін Парламенттің бір топ депутаты бастамашы болды. Жаңа нормалар еліміздегі көмірсутектерді геологиялық барлау ісін одан әрі дамытуды көздейді. Осы мақсатпен мұндай аумақтарда зерттеулер жүргізу үшін инвесторларды ынталандыру шаралары қарастырылды. Сонымен қатар уран өндіру саласында ұлттық мүдделердің ескерілуін қамтамасыз ететін нормалар бар. Жалпы, заң көмірсутектер мен уран өндірісі сияқты жетекші салалардың тұрақты дамуына оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Заңда жер қойнауын пайдаланушыларды мұнай өндіруді ұлғайтудың арнайы әдістерін қолдануға ынталандыру шаралары да қарастырылған. Алыпсатарлық мәмілелерді барынша азайту үшін келісімшарт қолданысының алғашқы үш жылы ішінде көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалану құқығын беруге тыйым салынады. Сондай-ақ заңда уран саласын дамыту бойынша бірқатар түзету бар. Мәселен, уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу мақсатымен мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалған уран кенденуі немесе уран кен орындары бар аумақтарда өтініш беруші ретінде уран саласындағы ұлттық компания ғана әрекет ете алады.
Қоғам сенімін арттырады
Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.
«Заң әкімшілік әділет, заң шығару және заң көмегін ұйымдастыру салаларындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған. Осыған байланысты жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық процестік кодекстен және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске көшіру көзделіп отыр. Сондай-ақ әкімшілік рәсімдерді жүргізу тәртібі қайта қаралды. Норма шығару қызметін ғылыми сүйемелдеуге және азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге арналған түзетулер де қарастырылған. Заң әкімшілік әділет саласын кеңейтуге және қоғамның әкімшілік рәсімдерге деген сенімін арттыруға оң ықпалын тигізеріне сенеміз», деді Сенат төрағасы.
Осы заң арқылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті, Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерді, сондай-ақ басқа да заңдарды қоса алғанда, еліміздің бірқатар заңнамалық актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Кәсіби стандарттарды және адвокаттар тәуелсіздігінің кепілдігін арттыру, құқық үстемдігі қағидаттарына сәйкес олардың процестік құқықтарын қамтамасыз ету мақсатымен «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға бірқатар түзету енгізу ұсынылды. Заңда адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиядан айыру тетігі нақтыланады. Артық рәсімдер және әділет органдары мен адвокаттар алқасының өкілеттіліктерінің қайталануы алынып тасталады. Бұл түзетулер мемлекеттік бақылау және адвокатураның кәсіптік автономиясы арасындағы теңгерімді сақтау, адвокаттардың өзге де сот төрелігіне қатысушылармен бірге мемлекеттік құпияға қолжетімділігі тәртібін бір ретке келтіру, сондай-ақ әділет органдарына әкімшілік жүктемені азайту үшін ұсынылып отыр.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына өзгеріс керек
Заңдарды талқылау аяқталғаннан кейін сенаторлар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Нұртөре Жүсіп Үкіметті «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының кейбір ережелерін қайта қарауға шақырды. Сенатор бағдарламаға қатысушылардың міндеттемелерді орындамауы көзделген мақсатқа жеткізбейтінін, бюджет қаражатына айтарлықтай шығын әкелетінін атап өтті.
Сенатор атап өткендей, жастарды ауылдағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп салаларына тарту үшін құрылған бағдарлама жылдар бойы түлектерге көтерме жәрдемақы мен тұрғын үйге арналған жеңілдетілген несиелер ұсынып келеді. Бағдарлама іске асырылған кезеңде 114 мыңнан аса маман қолдау алған, ал 52 мыңға жуық адам тұрғын үй мәселесін шешкен. Алайда бағдарлама ауқымды болғанымен, маңызды проблема сақталып отыр: қатысушылардың бір бөлігі ауылдық жерде үш жыл жұмыс істеу жөніндегі міндеттемелерін орындамайды. Кейінгі үш жылдың өзінде 166 адам келісімшарт талаптарын бұзған, ал бюджет несиелерінің қайтарылмауы 784 млн теңгеден асып түскен.
«Мемлекет қаражат бөліп келеді, бірақ ауылдық жердегі кадр тапшылығын шешуде бағдарлама тиімді болды ма деген сұрақ бар. Бүгінде халықтың 37%-ы ауылда тұрады. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 2025–2027 жылдар аралығында кадр қажеттілігі 3 043 адамды құрайды. 114 мың маман көтермеақы алғанымен, 52 мыңы ғана тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ауылда мамандардың қаншасы сонда тұрақтап қалды, нақты көрсеткіштер ашық емес. Ақшаны алады, қалтаға салады. Уақыт өтеді, ауылдан кетеді. Жәрдемақылар маманды тартуға көмектеседі, бірақ тұрақты қалуға жеткілікті мотивация бермейді», деді Н.Жүсіп.
Микроқаржы елді қарызға батырды
Геннадий Шиповских жастар арасында қарызға тәуелділіктің күрт көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Сенатор мәселені шешу үшін жастарға микрокредит беру тәртібін қатаңдату және мектептерде қаржылық сауаттылық пәнін енгізу қажет деп есептейді.
Депутаттың айтуынша, көптеген жастың жеткілікті тәжірибесі жоқ, микроқаржы ұйымдарының агрессивті жарнамаларына оңай алданып қалады, қарыз алады. Содан кейін жоғары пайыз бен айыппұлға байланысты қарызға батады. Бұл енді жеке отбасылар тап болған жеке қаржы қиындықтары емес, әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін үрдіске айналды. Сенатор салалық агенттік мұндай қарыз алушылар бойынша статистика жүргізбейтінін, бұл мәселенің ауқымын шынайы бағалауға кедергі келтіретінін атап көрсетті. Дегенмен азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік желілерден алынған деректер жастар арасында борыштық жүктеменің өскенін аңғартады.
«Мұндай жағдайдың орын алуына несиенің тым жеңіл әрі жедел рәсімделуі, микроқаржылық ұйымдардың жастарды нысанаға алған агрессивті жарнамасы және қаржылық сауаттың төмендігі – себеп. Сонымен қатар микрокредиттік ұйымдарды реттеудегі кемшіліктер де жағдайды ушықтырып тұр: жеке деректерді енгізу арқылы бірнеше минут ішінде несие рәсімдеу мүмкіндігі жастарды ойланып-толғанбастан қаржылық міндеттеме қабылдауға итермелейді», деп атап өтті Г.Шиповских.
Сенатор жастарға микронесие беру тәртібін қатаңдатуды, оларды 18 жастан бастап тексерусіз ресімдеу тәжірибесін тоқтатуды ұсынады. Ол жас шегін 21 жасқа дейін көтеріп, жас қарыз алушылардың қаржылық жағдайына міндетті баға енгізуді қажет деп санайды.
Күмәнді «крандар» күрт көбейді
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев балаларға арналған ойын автоматтарының қызметін заңмен реттеу қажет екенін айтты. Ол кейінгі уақытта «кран» түріндегі ойын автоматтарының күрт көбейіп, мектептердің, үйірмелердің, спорт секцияларының маңында және балалар өздері кіретін дүкендердің ішінде жаппай орнатылып жатқанын атап өтті. Бұл балаларды негізгі аудиторияға айналдырып, оларды ойын механикасына ерте араластыру қаупін тудырады.
Депутаттың айтуынша, балалар бұл аппараттарға мектептегі түскі асқа немесе күнделікті қажеттіліктерге берілген ақшаларын жұмсайды. Қауіптің айқын болуына қарамастан, аталған автоматтар «Ойын бизнесі туралы» заңның реттеу аясына кірмейді, техникалық стандарттармен белгіленбеген және жас шектеулері жоқ.
«Кейінгі жылдары «Кран» немесе «Ұстап ал» – «Хватай-ка» деп аталатын автоматтардың кеңеюі алаңдаушылық тудырып отыр. Мұндай аппараттар ақшалай ұтыс қарастырылмағандықтан, құмар ойындары санатына жатпайды. Заң оның жұмыс механикасы, ұтыс алгоритмі, жас шектеулері немесе орналастыру талаптарына қатысты нормаларды қамтымайды. Санитарлық нормалар, сауда ережелері, техникалық регламенттері мен басқа да талаптар белгіленбеген», деді Ғ.Сарыбаев.
Ғалиасқар Сарыбаев бұл автоматтарға жеке құқықтық мәртебе беруді, міндетті сертификаттау мен механикалық тексеруді енгізуді, жас шектеулерін белгілеуді, оларды балалар мекемелері маңында орналастыруға тыйым салуды, сондай-ақ реттеу, салық салу мен сыйлықтардың сапасын бақылау бойынша мемлекеттік органдардың құзыреттерін бекітуді ұсынды.
Сондай-ақ отырыста депутат Ольга Булавкина «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаражаттың пайдаланылуын тиімді бақылау мәселесін көтерсе, Жанна Асанова отандық фармацевтика саласын дамыту ісіндегі жүйелі түйткілдерге тоқталып, оларды еңсеру жолдарын ұсынды. Ал депутат Бибігүл Жексенбай ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық сапа стандарттарын енгізуді, жемшөпке арналған нормативтерді бекітуді, мемлекеттік стандарттарда заттардың рұқсат етілген ең жоғары деңгейін нақтылауды ұсынды. Бұл сауалға жануарлардан алынатын отандық өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселе себеп болған.