Энергетика • Бүгін, 08:40

Күн көзінен энергия өндіріп отыр

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһан жұрты жаңартылған энергия көздерін дамыту мәселесіне айрықша ден қойып отырғаны мәлім. Ғалымдар келтірген дерекке жүгінсек, ширек ғасырдан соң төрткүл дүние елдері энергетикалық теңгерімдегі жаңартылған энергия көздерінің үлес салмағын 35%-ға жеткізуі бек мүмкін. Жамбылдық атқамінерлер де жасыл энергияға деген тәуелділік түптің түбінде үстемдік құратынын әуелден сезген секілді. Кейінгі он жылдың бедерінде бұл бағытта өңірде ілкімді жұмыс қолға алынып жатыр.

Күн көзінен энергия өндіріп отыр

Ауыл тұрғындары да жаңашылдықтан тыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылының тұрғыны Елужан Момышев күн көзінен қажетті энергияны алып, оны кәсіп көзіне айналдыруға кіріскен. Жасы алпысты алқымдаған ауыл азаматы біршама уақыт бұрын бақшасына күн электр стансасын салған. Қазіргі кезде сағатына 52 кВт қуат көзін өндіріп отырған ол бұл істі әрі қарай дамытуға ниетті. Ол өзі өндірген энергия көзін Тараздағы тоқ тасымалдайтын компанияға өткеріп отыр.

Жалпы алғанда, жаңар­тылған энергия көздерін өн­діруден Жамбыл өңірі – республикада көш басында. Өңірде «Burnoe Solar-1», «Burnoe Solar-2» ЖШС-нің күн электр стансасы бірнеше жылдан бері толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бұдан өзге де күннен, желден электр энергия­сын өндіретін бірнеше станса бар. Осы жұмыстың бәрі көлбастаулық азаматтың жаңа істі бастауына себеп болса керек.

Елужан осы жылдың көк­тем мезгілінде бақшасын жаңартылған энергия көзін өндіретін стансаға айналдыруға білек түріп кіріскен. Тәуекелге бел буған азамат қажетті құ­рыл­ғыларды шет мемлекет­терден сатып алыпты. Е.Мо­мышев бірінші кезекте құрыл­ғылардың сапасына айрықша мән берген. Мұнда орнатылған 100 панельден мамыражай мамыр айынан бергі аралықта 71 мың кВт электр қуаты алынған.

п

«Бұл жұмыстың өзіндік артықшылығы бар. Шын­туайтында электр энергиясын өндіру ісі жыл мезгіліне қарамайды. Ең бастысы, күн сәулесі түсіп тұрса болғаны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы бірне­ше жылдың бедерінде жаңар­тылған энергия көздерін өндіру ісіне айрықша басымдық беріп отырғанынан бәріміз хабардармыз. Жаһан елдері де біраз жылдан бері баламалы энергия көзін өндіруге кірісіп кеткен. Сондықтан мен де тәуекелге бел буып, осы жұ­мысқа өз үлесімді қосып жатырмын», дейді Елужан өз ойымен бөлісіп.

Ілгеріде істен шыққан тоңазытқыштарды жөндеумен айналысқан азамат сол әуес­тігінің жаңа істі қолға алуына себепші болғанын жасырмайды. Алдағы уақытта қолға алған ісінің аясын кеңейтуге де ниет білдіріп отырған жайы бар.

Е.Момышевтің айтуын­ша, өзі өндірген электр энер­гиясын қаладағы энергия ор­талығына өткеру мақса­тын­да жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Қазіргі кезде 1 кВт энергия қуатын 34 теңгеден саудалап отыр. Істі бастағалы бері екі жарым млн теңге көлемінде табыс тауып үлгеріпті. Сондай-ақ өз ауласында өндіріп отыр­ған электр энергиясы елді ме­кендегі 50 шаңырақты тоқ­пен қамтуға қауқарлы көрінеді.

Кәсіпкер келтірген дерекке жүгінсек, жаңартылған энергия көзін өндірудің артық­шылығы жеткілікті. Ол бірінші кезекте қауіп­сіздікке басымдық берген. Мұндағы панельдердің қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Бағаналар бірнеше метр тереңдікке орнатылған. Жой­қын жел ұшыра алмайды. Сондай-ақ жаңа технологияның найзағай­дан қорғайтын жүйесі де уақыт талабына сай жұмыс істейді.

п

Шамамен бес мыңнан астам тұрғыны бар ауылдық округте тұратын Е.Момышев миллион­нан астам халқы бар өңірде тұңғыш энергетик кәсіпкер атанып отырғанын айта кеткен жөн. Ауыл тұрғынының бұл қадамы өзге де азаматтарды қызықтырып отыр.

Жалпы алғанда, жоға­рыда айтқанымыздай, Жамбыл өңі­рі баламалы энергия көзін өн­діру жөнінен елімізде көш бастап тұр. Қазіргі кезде облыс көлемінде 571 мВт қуат көзін өндіретін 22 нысан үз­діксіз жұмыс істейді. Нақ­тырақ айтсақ, өңірде өндіріл­ген электр энергиясы елдегі сұраныстың 30 пайызға жуығын жауып отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылық басқармасының маманы Алмас Омаровтың айтуынша, облыс аумағында 6 су электр стансасы орналасқан. Қазіргі кезде облыс аумағында 6 күн, 10 жел электр стансасы бар. Алдағы уақытта өңірде екі бірдей ауқымды жоба жүзеге асырылады. Бір анығы, алдағы үш жылдың бедерінде жасыл энергия өндіретін тағы екі ірі станса салудың нәтижесінде өндірілген қуат көлемі 2,5 гВт-ға дейін артады.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы