Іс-шарада алғаш сөз алған өңір басшысының бірінші орынбасары Нұржан Календеров даңқты тұлғаның соғыс даласындағы ерлігі мен бейбіт күндегі қайраткерлік қыры қай кезде де ұлт пен ұрпақ жадынан өшпейтінін тілге тиек етті.
«Ер Баукеңнің өр мінезі туралы естелік аз айтылмайды. Ол кісінің батырлығын, майдан даласындағы тапқырлығын замандастары лайықты бағалағаны да мәлім. Баукеңнің қаламгерлік қыры да бір төбе екені белгілі. Тұтас қазақтың мақтанышына айналған тау тұлғаның есімі қазақ халқымен бірге жасайтынына ешкімнің күмәні жоқ.
Өңірімізде 3 елді мекен, 45 көше, 7 мектеп және саябақ пен музей Бауыржан Момышұлының есімімен аталады. Тарлан-боз тұлғаның есімі бірнеше білім ордасына берілуі – ұлт қаһарманына деген құрметтің белгісі. Батырдың ерлігі мен өрлігін, өзіне ғана тән дара жолын қанша дәріптесек те артықтық етпейді», деді Н.Календеров өз ойымен бөлісіп.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалинаның сөзі айрықша толғанысқа толы болғаны сөзсіз.
«1952 жылы университетті бітіріп, мұғалім мамандығы бойынша жұмысқа орналастым. Ал менің жүрегімді жаулаған азамат, батыр туған інісіндей құрметтейтін Кәкімжан Қазыбаев республикалық «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа қабылданды. Ол газетте қазір біз ардақтап отырған батыр атамыздың жары да жұмыс істеді. Батырдың ерлігі мен өнегелі істері туралы біз ең алғаш жарынан естіп білдік.

1956 жылы Бауыржан Момышұлы атамыз әскери қызметін біржолата аяқтап, Алматыға оралды. Сол жылы Кәкімжан екеуміз шаңырақ көтердік. Баукең атаның үйіне жүрексіне бардым. Ол жас отау болғанымызға қуанып, құттықтап, ерекше пейілін көрсетті. Сол үйде біраз бірге тұрдық. Батырдың үйіне қонақ өте көп келетін. Үйдің есігі үнемі ашық тұрады. Қонақтардың барлығын бірінші қарсы алып, батырдың бөлмесіне ертіп апаратын едім.
Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин Баукеңе амандасуға келетін-ді. Генерал Панфиловтың қызы Валя да жиі келетін. Ол қызға атамыз ерекше құрмет көрсететін. Күйеуім Кәкімжан Қазыбаев батырдың «Офицер күнделігі» атты ұзақ еңбегін орыс тілінен қазақшаға аударды. Ол жазба «Лениншіл жас» газетінің бірнеше нөмірінде жарияланды. «Лениншіл жас» газетінің ұжымымен әйгілі батыр тонның ішкі бауындай араласты. Ондағы журналистер Баукең батырдың інісіндей болып кетті. Ол кісінің майдан туралы, соғыс зардабы туралы әңгімелері өте әсерлі болатын.
Батыр атамыз Рахымжан Қошқарбаевты ерекше құрметтеді. Оны көзіміз көрді. Батырдың рухына арналған осынау конференцияны өткізген облыс әкімдігіне, жамбылдық зиялы қауымға, жиналған көпшілікке шексіз алғысымды білдіремін», деді ол.
Іс-шараға қатысқан генералдар Сейтжан Қойбақов пен Нұржан Жігітеков те ізгі тілектерін айтты. С. Қойбақовтың айтуынша, аты аңызға айналған тұлғаның 115 жылдығына орай «Батырдың алтын бесігі – Жуалы» деген кітап жазыпты.
Жиынға жиналған мәртебелі меймандардың барлығы даңқты тұлғаның болмысы, кісілігі, ерлігі туралы есті естелігімен бөлісті. Іс-шара соңында мектеп оқушылары мен облыстық филармонияның әншілері әннен шашу шашты.
Тараз