Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген ресми дерекке жүгінсек, алтын өндірісіне айрықша қажетті бағалы металды басқа қоспалардан ажырату мақсатында қолданылатын реагент Жамбыл облысында өндіріліп жатқанына да он жылдан асып кетті. Бұл жұмысты қолға алған «Talas Investment» ЖШС-нің жұмысы толықтай бір жүйеге түскен.
Қазір Жамбыл облысында бірнеше іргелі зауыт салынып жатыр. Химия өнеркәсібін өркендетуге ден қойған өңірде тағы бір натрий цианидін өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталғаны көңіл қуантады.
Шу ауданы аумағында бой көтеретін жаңа кәсіпорын Мемлекет басшысының өңірлерге инвесторлар тарту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылады. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев келтірген дерекке жүгінсек, қазіргі кезде еліміздегі фосфор, аммофос, натрий цианид толықтай Жамбыл облысындағы химиялық кәсіпорындарда өндіріледі. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыс алдағы уақытта да тоқтамақ емес.
Мамандардың айтуынша, Шу ауданы аумағындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында салынып жатқан жаңа зауыттың мүмкіндігі мол. Ірі инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Алдағы уақытта мұнда жергілікті азаматтар жұмысқа қабылданады. Жобаның жалпы құны – 68 млрд теңге. Натрий цианид өндіретін іргелі кәсіпорынның жылдық қуаты 25 мың тоннаны құрайды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ертеңі мен әлемдік деңгейдегі беделі әуелі елге тартылған инвестицияға байланысты екенін үнемі айтады. Сондықтан өңірге әлеуетті инвесторларды шақырып, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ден қойып отырмыз. Атқарылған жұмыс аз емес. Жаңадан бой көтеріп жатқан зауыттар да жеткілікті. Енді сол кәсіпорындардың құрылысын мерзімінде аяқтаудың маңызы зор. Жаңа өндіріс ошақтарын іске қосу, инновациялық технологияларды енгізу, ғылыми негізделген өнім шығару – Жамбыл облысының алдағы жылдардағы басым бағыты. Натрий цианид өндіру жобасы өңірдің экономикалық қуатын арттырып, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін күшейте түседі. Маңызды бастаманы табысты іске асыратынымызға сенімдімін. Іргелі зауыттың іске қосылуы алтын өндіру өнеркәсібінің стратегиялық қауіпсіздігін арттырып, ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Сол тұрғыдан алғанда кәсіпорынның маңызы зор. Ең бастысы, жаңа кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын құруға мол мүмкіндік туғызады», дейді облыс әкімі.
Тоғыз жолдың торабы саналатын Шу ауданында салынып жатқан зауыт басшыларының айтуынша, мұнда өндірілген өнім отандық нарықты қамтып қана қоймай, көршілес Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия секілді бірнеше мемлекетке экспортталады екен. Жаңа зауыт 2027 жылдан бастап толық қуатында жұмыс істейді.
«Ауқымды жобаны жүйелі түрде жүзеге асыруға барынша күш салып жатырмыз. Алдағы уақытта мұнда 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Зауытқа жұмысқа қабылданатындардың 96%-ы еліміздің азаматтары екенін айта кеткен ләзім. Жұмысқа тәжірибесі толысқан жергілікті мамандарды, сонымен қатар техникалық университеттердің түлектерін тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл кәсіпорында жұмыс істеудің өзіне тән ерекшелігі бар. Зауыт заманауи химиялық өндіріс ошағы санатына енгендіктен, мамандар үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Сондықтан оларды оқытуға, кәсіби біліктілігін ұдайы шыңдап отыруға айрықша назар аударамыз. Сонда ғана қолға алған жобамыздың жемісін көреміз. Біздің ұстаным осы», дейді «Altynalmas Reagents» ЖШС бас директоры Уәлихан Атагелдиев.
«Talas Investment» ЖШС бас директорының орынбасары Әбдіғали Жүнісов натрий цианидке бірнеше мемлекеттен сұраныс артып отырғанын мәлімдеген еді. Қазір аталған зауыттың екінші кезеңін жүзеге асыру бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Соған қарағанда натрий цианидке деген сұраныс жыл өткен сайын артпаса, кемімейтін секілді.
Жалпы алғанда, осы жылдың он айының қорытындысында өңірге 553,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың он айымен салыстырғанда 38,3%-ға артқан. Нәтижесінде Жамбыл облысы инвестиция тарту жөнінен еліміздегі үздік үш өңірдің қатарына қосылған.
Жыл басынан бері өңірде жалпы құны 21 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Атқарылған ауқымды жұмыс нәтижесінде 282 жаңа жұмыс орны құрылған. Өңір басшысы Е.Қарашөкеев бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыруға құлшынып отыр. Оған негіз де жоқ емес. Ресми дерекке сенсек, облыстың инвестициялық қоржынында 2028 жылға дейін іске асырылуы жоспарланған, 6,4 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 62 жоба бар. Олардың жалпы құны 3,5 трлн теңгені құрайды. Аталған жобалардың 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылады.
Жамбыл облысы,
Шу ауданы