Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, онда еліміздің 20 млн азаматы немесе 6,2 миллионнан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.
ОЦК енгізудің басты мақсаты – отандастардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Әлеуметтік кодексте Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта әрі ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екендігін айқындайтын «электрондық хабарлама».
Бүгінде мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар азаматтар қандай да бір өтініш жолдамай-ақ ОЦК арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрін рәсімдей алады. Атап айтқанда, еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылуына қатысты әлеуметтік төлем; бала туу мен күтіміне жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі жөніндегі жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жерлеуге арналған біржолғы төлем.
Сондай-ақ ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі, жұмыссыз адамдарға жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жолданады.
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап қайтаруы керек. Өтінішті рәсімдеп, әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режімде іске асырылады. Содан кейін ақша қаражат алушының банк шотына аударылады. Тиісті орындар алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажеттігін ескертеді.