Қоғам • Кеше

Ғаламдық қатерлер жағдайындағы биологиялық қауіпсіздік талқыланды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада осы айдың 27-28 күндері «QazBioPharm» ұлттық холдингі ұйымдастырған «Биологиялық қауіпсіздік жаһандық қатерлер жағдайында: қарсы іс-қимылдың ғылыми-технологиялық тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға Қазақстан, Қытай, Ресей, Франция елдерінің ғалымдары мен ветеринариялық сала мамандары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғаламдық қатерлер жағдайындағы биологиялық қауіпсіздік талқыланды

Конференцияның мақсаты – биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, жаңа қауіптерге қарсы ғылыми негізделген тәсілдерді ұсыну және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Пленарлық отырыста мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандары баяндама жасады.

фото

Бас демеушілер: Zalma LTD.,Boehringer Ingelheim

Бағдарлама 4 негізгі секцияны қамтыды. Онда эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайды, сыртқы және басым ішкі биологиялық қауіп көздерін мониторингілеу, жұқпалы аурулар қоздырғыштарын анықтауға арналған диагностикалық құралдарды әзірлеудің заманауи тәсілдері, инфекциялық ауруларға қарсы иммунобиологиялық препараттарды жасаудың технологиялық трендтері, сондай-ақ микроорганизмдердің дәріге төзімділік мәселелері талқыланды. Барлығы 70-тен астам ғылыми жұмыс ұсынылды.

Спикерлер соңғы жылдары әлемде инфекциялық аурулардың таралуы, жаңа патогендердің пайда болуы, антибиотиктерге төзімді штамдардың көбеюі жаһандық қауіпсіздікке төнген қатер екенін атап өтті. Осыған байланысты елімізде 2023 жылдан жүзеге асырылып жатқан биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын жетілдірудің ғылыми-техникалық бағдарламасының нәтижелері таныстырылды. Бағдарлама шеңберінде бірқатар жаңа диагностикалық және профилактикалық құралдар әзірленіп, қауіпті инфекциялардың таралу атласы дайындалды.

Сонымен бірге «Биологиялық қауіпсіздік» консорциумының ғылыми өнімдері ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Қатысушылар отандық ғылыми әзірлемелердің өндірістік деңгейде қолдануға дайын екенін атап өтті.

Халықаралық сарапшылар биологиялық қауіпсіздік саласында ғылыми ұйымдар, университеттер мен жетекші зертханалар арасындағы серіктестіктің маңызын ерекше атап өтті. Жас зерттеушілердің халықаралық тәжірибе алмасуына жағдай жасау қажеттілігі де көтерілді.

Осылайша, конференция ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және Қазақстанның биологиялық қауіпсіздік жүйесін дамытуға маңызды үлес қосты.