Қоғам • Кеше

Елімізде көлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді: Жүргізушілер нені білуі керек?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысының полиция департаменті хабарлағандай, елімізде 28 қарашадан бастап көлік құралдарын тіркеуге және жүргізуші куәлігін алу тәртібіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар күшіне енеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде көлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді: Жүргізушілер нені білуі керек?

Фото: kaztrk.kz

Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері

Сұранысы жоғары нөмірлерді сақтау: енді азаматтар бұрын берілген, сұранысы жоғары мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін жаңа көлік құралына тіркеуге қоя алады, тіпті нөмірдегі өңірлік код жаңа тұрғылықты жерінің немесе компанияның заңды мекенжайының кодымен сәйкес келмеген жағдайда да.

Сақтауға тапсырылған нөмірлерді сақтау мерзімі: мемлекеттік корпорацияға сақтауға тапсырылған нөмірлік белгілер 30 күнтізбелік күннен артық сақталмайды. Аталған мерзім өткеннен кейін нөмірлер жойылады.

Нөмірлерді басқа тұлғаларға беру: бұрын пайдаланылған сұранысы жоғары нөмірлерді басқа адамдардың көлік құралдарына қоюға тыйым салынады. Бұл талаптан тек жақын туыстар арасындағы қатынастарға байланысты жағдайлар босатылады: ата-ана мен бала, асырап алушы мен асырап алынған, туған және бірге әкеден немесе шешеден туған ағайынды-қарындастар, ата-әже мен немерелер, некеде тұрған жұбайлар.

Жүргізуші куәліктері

Әскери жүргізуші куәлігінің иелері үшін: заңмен белгіленген жасқа толған, әскери жүргізуші куәлігі бар азаматтар тиісті санаттағы көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін авто-мектепте оқымай-ақ емтихан тапсыра алады.

Қажетті құжат: бұл үшін көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растайтын медициналық қорытынды талап етіледі. Жаңартылған қағидалар 28 қарашадан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, 23 қарашадан бастап жол қозғалысы ережелеріне тағы бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді елді мекендерде жүк көліктеріне арнайы жылдамдық шектеуі қойылды, ал көріну нашар жағдайда колоннамен жүру тәртібі нақтыланды. Кейбір автобус түрлеріне аялдамаларда жолаушыларды отырғызуға және түсіруге рұқсат берілді. Сонымен қатар электронды жол парағын қолдануға рұқсат беріліп, жол белгілері цифрландырылды.