Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған іс-шарада алдымен SARAP-тың биылғы атқарған жұмысына қорытынды жасалып, ҚҚДИ-ның Ұлттық құрылтай аясында әзірлеген талдау баяндамалары, қайырымдылық және отбасының жаңа үлгісіне қатысты әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері таныстырылды.
ҚҚДИ басшысы Жұлдызай Ысқақова «SARAP» клубы 2021 жылы құрылып, содан бері 62 талқылау өткізіп, оған 2 500-ден астам адам қатысқанын атап өтті. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары туралы құжаттың мән-маңызына тоқталды.
ҚҚДИ Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы Ақнұр Иманқұл жаңа тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі ретінде жауапты ата-ана идеясын дәріптеу міндеті қойылғанын ерекше атап өтті.
«Саналы ата-ана болу – ел азаматтары үшін басты құндылықтың бірі. Зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 61,4%-ы ата-ана рөлін өміріндегі ең басты құндылық деп бағаласа, 29,2%-ы аса маңызды аспектінің бірі деп санайды. Одан бөлек, балалар отбасының басты құндылықтары арасында үшінші орында (38,7%) тұр. Бұл көрсеткіштер ата-ана болудың қоғамда жоғары мәртебеге ие екенін және отбасын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатты одан әрі дамыту қажет екенін көрсетеді», деді спикер.
Іс-шара аясында қайырымдылық туралы да зерттеу нәтижелері жарияланды. ҚҚДИ Әлеуметтанулық зерттеулер орталығының сарапшысы Гүлсайран Нұртайдың айтуынша, халықтың қайырымдылық қорларына деген сенім деңгейі әркелкі.
«Ел азаматтарының шамамен 25%-ы қайырымдылық қорларына мүлдем сенбейтінін айтқан, яғни шартты түрде әр төртінші азамат сенімсіздік білдірді. Қызығы, қайырымдылық қорларына шүбәсіз сенетіндер үлесі де осы шамада – 26,4%. Ал респонденттердің 45%-дан астамы қайырымдылық қорларына ішінара сенеді, атап айтсақ, олардың 29,6%-ы тек кейбір қайырымдылық қорларына сенім білдірсе, 15,8%-ы қорларға емес, қайырымдылықпен жеке айналысатындарға сенетінін айтқан», деді сарапшы.
Іс-шара аясында қатысушылар адам құқықтарын қорғау, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы өзекті мәселелерді де талқыға салды.