Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әңгімеміздің әлқиссасын алдымен 1967 жылдың 28 қыркүйегінде Тәжікстан кеңесі» («Точикистони совети») газетінде жарық көрген «Ифтихори миллати қазоқ» («Қазақ ұлтының мақтанышы») атты мақаладан өрбітсек. 1967 жылы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 70 жыл толды. Бұл атаулы датаны бүкіл Кеңес одағына мүше елдердің бәрі атап өтті. Біз сөз етіп отырған «Тәжікстан кеңесі» газетіндегі материал соның нақты дәлелі. Р.Құдратов атты автор жазған мақала 1960 жылдың қазан айында Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында өткен Азия және Африка халықтарының ынтымағы жөніндегі конференцияны еске алудан басталыпты.
«1960 жылдың қазаны. Душанбе қаласында Азия және Африка халықтарының ынтымағы жөніндегі конференция өтті. Бұл конференцияға көптеген танымал ақындар мен жазушылар келген еді. Конференцияға қатысушылардың ішінде атақты тұлғалардың бірі – қазақтың жазушысы әрі ғалымы Мұхтар Әуезов бар болатын. Біз оны әдетте президиумнан, өзіміздің даңқты ақынымыз Мырза Тұрсынзаданың қасынан көрдік. Екі дос президиумнан түскен сәттерде жайбарақат отырмай, өзара әлдебір мәселелерді талқылаумен болды. Ал екеуі мінбеге қайта көтерілгенде зал толы халық қол шапалақтап қошемет көрсетіп, Мырза Тұрсынзада мен Мұхтар Әуезов құрметтің астында қалды», дейді «Точикистони совети» газетінің тілшісі.
Автор айтқандай, Мұхтар Әуезов пен тәжіктің әйгілі ақыны Мырза Тұрсынзада арасында достық, туыстық һәм бауырлық байланыстың болғаны рас. Мәселен, Мұхтар Әуезов өзінен 17-18 жасқа кіші Мырза Тұрсынзаданың шығармашылығы туралы «КСРО халықтарының әдебиетін дамыту» атты мақаласында: «Мырза Тұрсынзада қазіргі тәжік әдебиетінің ең көрнекті жас өкілі саналады. Оның «Отанның ұлы» поэмасы Ұлы Отан соғысына арналған, ал «Үнді балладасы» циклі ағылшын колониалдық әкімшілігінің қысымына ұшыраған үнді халықтарының ауыр кедейшілігін объективті бейнелейді. Өз халқының өмірімен салыстыра отырып, ол тәжік мәдениетінің зор дамуы туралы жазады», дей келіп, «Азия дауысы» поэмасының азаматтық пафосы мен гуманистік ұстанымына қатысты: «Тұрсынзаданың «Азия дауысы» өлеңі арқылы оның көп нәрсені білетінін аңғаруға болады. Бұл өлеңде ол Азия мен Африка халықтарының атынан поэзия саласында Үндістан, Қытай, Гана және Жапония ақындарының ойына да келмеген жаңаша идеяны алға тартады. Әр жолында күнделікті мәселелер бар, бірақ олар қазіргі заманғы алдыңғы қатарлы көзқарастар тұрғысынан айтылған», деп баға берген.
Ал Мырза Тұрсынзада болса: «Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы – бүкіл кеңес әдебиетінің ерекше құбылысы», дей келіп М.Әуезовтің 60 жылдық мерейтойына арналған құттықтау хатында «Абай жолы» және оның авторының аты кеңес әдебиетінің алдыңғы сапында тұр. Мұхтар Әуезовтің есімі тек кеңес халқына ғана емес, шетелдегі миллиондаған оқырманға да таныс. Батыс пен Шығыстың көптеген елінде болғанымда, Әуезовтің есімін көптеген адамның аузынан естіп, оның шығармаларының аудармаларын көргенде досым, сүйікті жазушымның сөздері қарапайым халықтың жүрегіне төте жол тапқанына шын көңіліммен қуандым», дейді.
Осындай ағалы-інілі қаламгерлердің бір-біріне деген сыйластығын терең түсінген Р.Құдратовтың мақаласына қайта оралайық. Автор сөзін: «Сөз кезегі Мұхтар Әуезовке берілгенде, зал толы көрермен оны зор қошеметпен қарсы алды. Тәжік оқырмандары оны алғаш рет жақыннан көріп, оның тек ірі жазушы ғана емес, сонымен бірге шешен, отты сөз иесі екенін сезінді. Оның мазмұнды сөзі Азия мен Африка халықтарының зұлымдық пен отаршылдыққа қарсы күресін бейнелеп, тыңдаушыларды ерекше толқытты.
Әуезов конференция аяқталғаннан кейін Ленин атындағы алаңда өткен митингте де халықтың алдында сөз сөйлеп, ел жадында қалатын келелі әңгімелерді айтты. Содан кейінгі әдебиетшілердің басқосуында да Мұхтар Әуезовтің тұлғасы бізге сыншыл, әр нәрсенің бағасын бере білетін әділ азамат, қалам әріптестеріне жанашыр дос ретінде көрінді.
Ол қаламдастарының шығармашылығы туралы, әсіресе Мырза Тұрсынзада мен Расул Ғамзатов жайында ерекше шабытпен сөз сөйледі. Сонымен қатар Әуезов Белинскийдің Гоголь туралы әйгілі пікірін мысалға келтіре отырып, бұқараның есінен ешқашан да өшпейтін ғибратты ойларын ортаға салды», деп бір түйеді.
Ескі күндерді еске алу сарынында жазылған жазбадан Мұхтар Әуезовті зал толы көрермен ықыласпен қарсы алғаны, тәжік оқырмандарының ұлы қаламгердің шешендігіне таңғалғаны, Азия мен Африка халықтарының зұлымдық пен отаршылдыққа қарсы күресін әңгімелегенде тыңдармандардың толқығаны, Әуезов конференциядан кейін Ленин атындағы алаңда митингте де мінберге шығып, рухты көтеріп, сөз сөйлегені белгілі болып отыр.
Мұхтар Әуезовтің шешендігі туралы қазақ қаламгерлерінің арасында да әңгіме жетерлік. Мәселен, Зейнолла Қабдоловтың: «Әуезовтің әрбір лекциясы – бір-бір оқулық, бар лекциясы – ұлан-ғайыр ұлы мектеп. Әуезовтен екі сағат лекция тыңдаған адам – бұдан екі сағат бұрынғы психологиялық хал күйінен кәдімгідей өзгеріп, жаңарып, жаңғырып шығады. Иман тұрғысынан біршама пісіп, жетіле түседі. Өйткені Әуезов дәрістері бар шәкірт үшін таңғажайып, тылсым дүние», деген бағалауын еске түсіріңіз. Жазушының шешендігін, білгірлігін бұдан асырып айту әсте мүмкін емес. Яғни Душанбедегі бірнеше жүздесуде тәжік жұртшылығы Әуезовтің әр айтқан сөзінен рухани байығанын, осы бір кездесуден кейін арада жеті жыл өтсе де сол бір күннің әсері суымағанын байқауға болады.
Кеңес одағының саясаты Мұхтар Әуезов тұлғасына қырын қарағанымен, бұқараның қаламгерге деген құрметі ешқашан саябыр тартқан емес. Оны біз сөз етіп отырған «Ифтихори миллати қазоқ» атты мақаланы жазған Р.Құдратовтың «Тәжікстан пионері» газетінің 1967 жылдың 27 қыркүйегіндегі №78 (2534) санында жарық көрген «Фарзанди бузурги қазоқ» («Қазақтың ұлы қаламгері») атты мақаласынан да аңғаруға болады. Бұл мақаладан да Әуезовтің қаламгерлік тұлғасына һәм жазушылық талантына деген тәжік халқының ықыласының шексіздігін көрдік.
«Жүзі жылы, маңдайы нұрлы бір кісі жайдары қалыпта асықпай Академиялық драма театрдан шығып келе жатты. Бұл – Лохути атындағы театр еді. Сәні келіскен ғимарат жан-жақтан қараған жұрттың назарын өзіне бірден тартып тұратын. Әсіресе оның жанындағы әсем бейнелі, сәулеті зор «Рахат» шайханасы да көзіңді арбап алатын. Ол кісі біраз уақыт сол жаққа қадала қарап, айналасына көз салып келе жатып, бір топ жас жігіттердің қасында тұрған қызға көзі түсті. Қыз бір нәрсе айтқысы келгендей көрінгенімен, ұялып үнсіз қалды.
– Сәлем, қарындас, – деді ол қызға жақындап келіп.
Бұл сөз қызға зор қуаныш сыйлады.
– Мен көптен сізді бір көрсем деп армандап жүр едім, – деді ұялшақ қыз күлкісін жасыра алмай. – Сізді Душанбеге келді деп естіп қуанып жүрміз.
Жиналған жұрттың бәрі де осы сөзді айтқысы келіп тұрғандай еді. Біреуі шыдай алмай: – Біз «Абайды» оқығанда сізді көз алдымызға елестетіп, тірідей көргендей болдық. Міне, енді көзбе-көз кездесіп тұрмыз, – деді».
Құдратовтың екі мақаласын оқи отырып, көз алдымызға зал толы жұрт, мінбер, президиум, бір-біріне иек артқан, бір-бірінің сөзін іліп әкеткен екі тұлға Мұхтар Әуезов пен Мырза Тұрсынзаданың бейнесі көз алдымызға келді. Бірде мінберде отты сөз сөйлеген, бірде алаңда халық қошеметіне бөленген, тек тәжік жұртына ғана емес, Африка мен Азия елдерінің қаламгерлеріне парасатты әңгіме айтқан ұлы Әуезовтің тұлғасы бізге қашанда ыстық. Мұхтар Омарханұлының осы жиында «зұлымдық пен отаршылдыққа қарсы күрес» туралы сөйлеуі отардағы елдерге азат ел болуға талпыну керектігін меңзейтіндей. Әрине, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйеге ашық қарсылық танытты дей алмаймыз. Десе де, Әуезов «отаршылдыққа бірігіп қарсы тұру» туралы айтып, Душанбеге баяғы Алаш идеясының дәнегін сепкендей көрінді. Осылай Әуезов Азия мен Африка елдерінің империялық саясаттың зардабын тартқан қаламгерлерінің жаралы жүрегіне ем боларлық сөз айта білді.