Экономика • Бүгін, 09:00

Өндіріс экономиканың өрісін кеңейтеді

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ел экономикасының жай-күйін ең алдымен өнеркәсіп саласынан аңғаруға болады. Сарапшылар эко­но­микалық ахуалды сандық көр­сет­кіштермен емес, оның ішкі құры­лы­мымен бағалауы керек дейді. Өйт­кені бүгінгі өндірістің өркен­деуі – ертеңгі экономиканың өлше­мі. Был­тырғы қаңтар-қараша ай­­ларын­­да елдегі өнеркәсіп өндірісі 7,4%-ға артты, оның көп бөлігі тау-кен өнеркәсібінің есебінен болды.

Өндіріс экономиканың өрісін кеңейтеді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

«Тау-кен өнеркәсібі ел экономикасында маңызды орын алады, ол ІЖӨ-нің шамамен 13%-ын береді. Яғни ел экономикасының едәуір бөлігі осы салаға тәуелді. Мұндағы өсімнің басты себебі – мұнай. 2025 жылы мұнай өндіру көлемі 14%-ға артты. Ал мұнайдың өзі бүкіл тау-кен өндірісінің 68%-ын құрайды. Қарапайым тілмен айтқанда, өнеркәсіптегі қазіргі өсімнің дені мұнайдың арқасында болып отыр. Көмір өндірісі де өсім көрсетті – 9,7%. Металл кендерін өндіру, керісінше, 0,6%-ға төмендеді. Ал бұл сала тау-кен өнеркәсібінің шамамен бестен бір бөлігін алады. Кейбір бағыттарда кері көрсеткіштер де бар», дейді «Halyk Finance» сарапшылары.

Енді өңдеуші өнеркәсіпке келейік. Бұл сала да дамып жатыр, бірақ баяу. Былтыр 11 айда өңдеуші өнеркәсіп 5,9%-ға өсті. Оның экономикадағы үлесі де шамамен – 13%. Бірақ маңызды бір жайт бар: осы кезеңде жалпы экономика, яғни ІЖӨ 6,4%-ға жоғарылаған. Демек, өңдеуші өнеркәсіп ел экономикасының жалпы қарқынынан қалып келе­ді. Соның ішінде ең үлкен сала­ның бірі – металлургия. Ол бүкіл өңдеуші сектордың 40,4%-ын құрайды. Бірақ соған қара­мас­тан оның өсімі бар болғаны – 1,1%. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, металлургия шикізатқа тәуелді және сыртқы нарыққа қатты байланған. Мыса­лы, Қытай экономикасында жүріп жатқан ішкі өзгерістерге байланысты елімізден алатын түсті металдардың көлемін азайт­­ты. Екіншіден, осы салада ішкі мәселелер де жеткі­лік­ті. Зауыт­тардың көбінің инфра­құ­ры­лы­мы ескірген. Өндіріс көп энергия жұмсайды. Ал игеруге дайын кен орындары азайып барады. Мұның бәрі саланың дамуын тежейді.

«Өңдеуші өнеркәсіпте жақсы нәтиже көрсетіп жатқан салалар да бар. Мысалы, машина жасау 11,6%-ға өсті. Азық-түлік өндірісі 8,7%-ға артты. Бұл – жақсы құбылыс. Бірақ бұл салалардың үлесі әлі де аз. Сон­дықтан бүкіл өңдеуші өнер­кә­сіптің әлсіздігін жаба алмай отыр. Маңызды бір мәселе – қазіргі өсімнің көбі ішкі күштен емес, сыртқы факторлардан. Мұнай өндіру артып жатыр. Мемлекет жол, инфрақұрылым, басқа да жобаларға қаржы құйып келеді. Бірақ бұл факторлар тұрақты емес. Егер мұнай өндіру баяуласа немесе мемлекеттік шығын азайса, өнеркәсіптегі өсім де то­қырауы мүмкін», дейді «Halyk Finance» мамандары.

в

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Инфрақұрылым салалары да алаңдатады. Электр энергиясы, газ бен су бар болғаны 2,3%-ға өсті. Бұл өнеркәсіптің жалпы өсімінен әлдеқайда төмен. Ал су жеткізу мен қоқыс жинау, өңдеу саласы мүлде кері кетіп, 6,3%-ға қысқарды. Бұл нені білдіреді? Өнеркәсіп өсіп жатқанымен, оны қамтамасыз ететін жарық, су, энергия, коммуналдық қыз­мет­тер оған ілесе алмай отыр. Ал инфрақұрылым әлсіз болса, өндірістің өзі де ұзаққа бармайды. Сарапшылардың айтуынша, 2026 жылы мұнай өндіру ең жоғары деңгейіне жетуі мүмкін. Ал одан кейін біртіндеп баяулай бастайды. Мұнай бағасының тұрақсыз екенін ескерсек, бұл өнеркәсіптің жалпы дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан ұзақ мерзімде тұрақты даму үшін өңдеуші өнеркәсіпті күшейту, өндірісті жаңарту әрі мұнайға тәуелділікті азайту қажет.

Экономист Сапарбай Досжанұлының айтуынша, осы әртараптандыру мәсе­лесі тәуелсіздік алғаннан бері бас­қару­шы элитаның күн тәртібінен түскен емес. Шикізатқа тәуел­ді­лік­тен арылу қажеттігі туралы шамамен 30 жыл бойы айтып келеміз. Мемлекет басшысы да отандық өндірісті дамыту, өңдеуді тереңдету туралы бірнеше рет нақты тапсырма берді. Бұл ел табысын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, озық технологияларды енгізу арқылы мультипликативті әсер берер еді.

«Елімізде индустриялық-инно­вациялық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, олардың бел­гілі бір нәтижесі де бар. Алай­да біз әлеуметтік бағыттағы мем­лекет болғандықтан, бюд­жеттің қомақты бөлігі халық алдындағы міндеттемелерді орындауға жұм­салды. Ал өнеркәсіптің өзі кә­сіп­керлердің күшімен дамуға тиіс. Дегенмен барлық бастама күткендегідей деңгейде жүзеге асып жатыр деп айту қиын. Асылында, бұл салада нақты серпіліс жасау үшін кәсіпорындарды жекешелендіру қажет. Әкімдер мен министрлер – уақытша басқарушылар, ал кәсіпкер өндірістің иесі ретінде оның табысты болуына тікелей мүдделі. Оның жауапкершілігі де, қызығушылығы да мүлде басқа деңгейде», дейді экономист.

Расында, ірі өндірушілерсіз өңдеуші өнеркәсіпті қажетті деңгейге жеткізу мүмкін емес. Ал экспортты ынталандыру – бүгінде әлемдік үрдіске айналған бағыт әрі бұл үдерістен шет қалып отыр­ғанымыз жоқ. Осы жолдағы ең тиімді құралдардың бірі – экс­порттаушыларға қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару тетігі. Бұл салықтық жүктемені азайтып, отандық өнімнің шетел­дік нарықтардағы бәсекеге қабілет­тілігін арттырады.

«Бізде экспорттық әлеуеті жоғары жеті негізгі сала бар. Олар – энергетика, химия өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, фармацевтика, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі. Осы салаларда өндірілетін өнімдер экс­портқа бағытталуға тиіс, оған еліміздің мүмкіндігі бар. Әсіре­се ауыл шаруашылығы саласын ерекше атап өткім келеді. Отандық табиғи ет, астық пен бидай өнімдері халықаралық нарықта тұрақты сұранысқа ие. Жоғары сапаның арқасында жақсы бедел қалыптастырды. Экспортты одан әрі дамыту үшін инфрақұрылым мен логистиканы дамыту аса маңызды. Бұл тасымалдау шығындарын азайтып, шетелдік нарыққа шығу­ды жеделдетеді», деп түсіндірді С.Досжанұлы.

Ал экономист Руслан Сұл­танов­тың бұл туралы пікірі бас­қаша. Қазір «жаңа экономика», IT, стартап, сервис, цифрландыру деген сөздер көп айтылады. Құлаққа жағымды, заманға сай. Бірақ экономистің айтуынша, бір маңызды нәрсені ұмытып бара жатырмыз. Өндіріссіз экономика болмайды.

«Мысалмен түсіндіріп бере­йін. Мәселен, Қанат IT саласында жұмыс істейді. Ол елімізді екінші кремний алқабына айналса екен деп армандайды. Бірақ ол ноутбук, микросхема, монитор немесе сервер сатып алған сайын ақшасы Корея, Қытай, Тайваньға кетіп жатыр. Сол кезде ол неге теңге әлсіреп, импорт оның жа­ла­қысынан да тез қымбаттап бара жатқанын түсінбей қалады. Себеп өте қарапайым. Өзіміздің өндірісті дамытпай, басқа елдердің зауытында жасалған өнімді тұтынып отырмыз. Ел бір зат өндіріп, оны әлемге сатқанда ғана табыс табады. Маникюрді немесе қызмет көрсетуді контейнерге тиеп, Қытайға экспорттай алмайсың. Ал техника, химия өнімі, металл, құрал-жабдықты сата аласың. Өнеркәсіп деген – экспорт. Экспорт деген – валюта. Валюта деген – теңгенің күші», деп түсіндіреді Р.Сұлтанов.

Оның айтуынша, зауыт – бір ғимарат қана емес, ондаған жеткізуші, логистика, жөндеу, инженерия. Стартап 5 адамды жұмысқа алуы мүмкін, ал зауыт 1 мың адамды қамтиды. Оған қоса, сол зауыттың айналасында тағы 3 мың адам нәпақа табады. Дағдарыс, санкция, баға тұрақ­сыз­дығы кезінде өзі өндіре алатын елдер ұтады. Ал өндірісі жоқ елдер шетелден келетін тауарды күтіп, доллар бағамына қарап отырады.

«Экономика адамдардың кө­бі­рек еңбек еткенінен емес, тиім­ді жұмыс істегенінен өседі. Ал тиімділік станок, технология, автоматтандыру арқылы келеді.

Өндірісі дамымаған ел біртін­деп үлкен дүкенге айналады. Өнім өндірмей, сырттан сатып алып қана отырсақ, валюта сыртқа кетеді, импорт өседі, теңгеге қысым күшейеді. Өндіріссіз экономика іргетасы жоқ үй сияқты. Сырты жылтырап тұрады, бірақ діңгегі берік емес. Ал өнеркәсібін дамытқан елдер байиды. Оны елемегендер бай елдердің тауарын тұтынатын нарыққа айналады», дейді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар