Мүгедектігі бар демесеңіз, олардың ізденісі көңіл тоғайтады. Үш мыңға жуық оқырман көркем әдебиет ауылынан алыстаған емес. Кітапхана жұмысын инклюзивті бағытта ұйымдастыру үшін маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мүгедектігі бар азаматтарға инклюзия бағытында 13 жоба, 2 үйірме жұмыс істейді. «Tiflo-асхана» жобасы аясында «Анама арналған ақ дастарқан», «Инклюзия және театр» жобасы аясында «Жүрекпен оқыған шығармам» атты алғашқы инклюзивтік театр байқауы ұйымдастырылды. Соңғысына өңіріміздегі зағип балалар мен жасөспірімдер қатысты.
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мүгедектігі бар азаматтарға шектеусіз мүмкіндіктер ұсынып, олардың болашаққа деген сенімін нығайту үшін аянбай еңбек етіп келеді. Мұнда мүгедектігі бар 4 қызметкер жұмыс істейді.
Әуелі кітапхана оқырманы болған тифология бөлімінің меңгерушісі Ербол Аққайұлы қазір осында еңбек етіп жатыр. Бастапқыда Брайль қарпін үйреніп бастаған еді. Қазір ол кітапхана келушілеріне өз білгенін үйретіп жүр. Ербол әуелі зағип балаларға арналған мектеп оқулықтарын Брайль қарпіне аударуды қолға алды. Кітапхана оқырмандарының сұранысына қарай мерейтой иелерінің шығармаларын аударып, қазіргі таңда екі мыңға жуық кітап тәржімалады.
Ербол Аққайұлының кәсіби шеберлігі мен жұмысына деген сүйіспеншілігі оны саладағы үздік мамандардың біріне айналдырды. Ол зағип жандарға Брайль қарпінде кітаптар аударып қана қоймай, оларға компьютерлік сауаттылықты үйретіп, әрбір оқырманмен жеке жұмыс істеп, оның рухани қажеттіліктерін түсінуге тырысады. Осылайша, Ербол Аққайұлы әлеуметтік инклюзияны ілгерілетуге өз үлесін қосып отыр.
Жамбыл облысы