Қоғам • Бүгін, 07:35

Қаламгерлер қазынасы

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық орталық музейде «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» атты әдеби-танымдық көрме ашылды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сәбит Мұқановтың – 125, Мұхамеджан Қаратаевтың – 115, Ілияс Есенберлиннің – 110, Жұбан Молдағалиевтің – 105, Адам Мекебаев пен Мұхтар Мағауиннің 85 жылдық мерейтойларына арналған жоба суреткерлердің өмір өрнегі мен шығармашылық мұрасынан сыр тартады.

Қаламгерлер қазынасы

Әдебиеттің түрлі жанрында қалам тартқан сурет­керлердің жеке заттары, өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей мұрағат материалдары, фото-құжат­тары, хаттары, еңбектері экспозиция төрінен орын алған. Солардың қатарында 1975 жылы Ж.Молдағалиевтің музей қорына өзі табыстаған домбырасы, 1972 жылы С.Мұ­қановтың жары Мәриям Мұқанова музейге сыйға тартқан С.Сейфуллин туралы қолжазбаларының алғашқы нұсқасы, М.Қа­ратаевтың ең құнды құжаттары мен марапаттарын ерекше атауға болады.

Қамшы – қазақтың дәс­түрлі мәдениеті мен тұрмы­сында маңызды орын алған құрал десек, осы дәстүрді берік ұстанған М.Мағауин тіршілігінде қамшы жинау­ды әдетке айналдырған. 2014 жылы музейге жазушы өз қолымен 13 қамшысын табыстаған.

«Ұлттық орталық музейдің бай қорында ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиетін қалыптастыруда өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалар мен қаламгерлердің жәді­герлері ерекше орын алады. Әдебиет майталмандары қалдырған мол мұра, ой тереңдігі, ұлт тағдырын жүрегімен сезінген шығар­малары әр буынға шамшырақ болып қала береді. Бүгінгі мерейтойлық көрме – сол асыл есімдерді ұлықтау, әдеби мұраны дәріптеу, ұрпақ санасына аманат ету жолын­дағы маңызды қадам», дейді Ұлттық орталық музей дирек­торының орынбасары Арайлы Бақытқызы.

па

Көрменің ашылу салтанатында Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев көрме құндылығы турасында сөз сөйлеп, іс-шараға арнайы шақырылған М.Қаратаевтың туысы Шоқан Оразаев пен келіні Жәмилә Құланбайқызы тарихи тұлға­лардың өміріне қатысты тың естеліктермен бөлісті.

Көрменің тағы бір ма­ңызды тұсы ретінде, тағы­лым­ды шараға С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені де үн қосқанын атаған жөн. Мәселен, Сәбит Мұқановтың музей-үйінен көрмеге жа­зушының жеке тұтынған зат­тары арнайы әкелініпті. Жазушының «Адмираль» кинокамерасы, күмістен жа­салған жазу құралы жиын­тығы, алтын қолсағаты, магнитофон-диктофоны, костюм-шалбары, Жазушылар одағына мүшелік билеті, әскери би­леті және депутаттық билет­тері, сондай-ақ жазушының фотосуреттері көрмедегі ма­ңызды жәдігерлердің қата­рында.

 

АЛМАТЫ