Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:25

Қылмыстың алдын алу маңызды

0 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісуда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуге бағыт­талған жұмыстар өз нәти­жесін беріп жатыр. Жылдағыдай емес, тәртіп бұзушылардың саны азай­ған. Құқық қорғау органдары өңір тұрғындарымен тікелей жүз­десу барысында бейресми жал­ға беріліп жүрген 62 пәтерді анық­тады. Оның көбі облыс орталығы Талдықорған қаласында тіркелген.

Қылмыстың алдын алу маңызды

Суреттерді түсірген – Жұмабай Мұсабек

Екі ай ішінде жергілікті полиция инс­пекторлары облыстағы қала мен ауыл­дарды аралап, 146 мыңнан аса пәтер мен жеке үйді қарап шықты. Бұл – жалпы жоспардың шамамен үштен екісін қамтиды. Бүгінде белгіленген жұмыс­тардың 71 пайызын аяқтады. Дегенмен өңірдегі саяжай алқаптарын толықтай тексерген. Көбіне салықтан қашып, пәтерін жалға беретін тұрғындар өте көп. Олар кәсібін барынша жасырын ұстайды.

«Әр учаскелік инспектор тек хаттама толтырумен шектелмей, тұрғындар­дың мәселесін тыңдауға басымдық берді. Басты мақсатымыз – құқық бұзу­шылықты тіркеу емес, оның алдын алу. Мәсе­лен, мыңдаған үйді аралау бары­сында көптеген тұрмыстық мәселе анық­талды. Олардың дені әкімшілік шара қол­данбай-ақ шешімін тапты. Тұрғын­дармен тікелей байланыс орнаған сайын сенім де артып келеді. Алда жұмыс тағы жалғасады», дейді жергілікті полиция қызмет басқармасының басшысы Қайсар Мұхметов.

Оның айтуынша, ауылдық аймақтар да назардан тыс қалмаған. Шаруа қожа­лықтарына жүргізілген тексеріс барысында облыс бойынша шамамен 2 мыңға жуық қожалық тексерілген. Олардың басым бөлігінде заң талаптары сақталған. Бұл бағыттағы көрсеткіш 90 пайыздан асып отыр. Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің өкілдері мұндай тексерістердің маңызы тек мал ұрлығының алдын алу­мен шектелмейтінін, ауылдағы еңбек қаты­настарынан бастап көші-қон, қару сақтау, экологиялық талаптарға дейін­гі салаларды қамтитынын жеткізді. Ал қара­пайым халық шаруаның қауіп­сіздігіне де тиімді екенін айтуда.

а

«Тексеру кезінде инспекторлар тек құжат немесе мал санау үшін ғана емес, қожалықтың қауіпсіздігі, жұмыс­шы­лардың құқығы, тіпті экологиялық талап­тарға дейін қарап өтті. Бұрын мұн­дай жан-жақты тексерулер сирек жасалатын. Бұл – тәртіптің күшейгені», деді Қапал ауылының шаруа қожалығы иесі Еркін Нұрмұхамбетов.

Облыстың сауда орындарында да тәртіпті бақылау күшейтіліп, базарлар мен дүкендерде 800-ден аса рейд жүр­гізілген. Бұл заңсыз сауда, сапасыз өнім, санитарлық талаптарды бұзу сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етіп отыр. ЖПІШ барысында әлеуметтік әлсіз топтар да ерекше назарға алынған. Екі ай көлемінде облыс бойынша тұрақты мекенжайы жоқ 48 адам ұсталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданған. Бұған қоса полиция бөліміне жеткізілген жасөспірімдер саны 500-ден асып, олардың басым көпшілігі қоғамдық тәртіпті бұзған немесе түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүргендер болған. Ювеналды полиция қызметкерлері бұл көрсеткіштердің ата-аналар тарапынан бақылаудың әлсі­регенін, сондай-ақ балалардың бос уақы­тын дұрыс ұйымдастыру мәселесінің әлі де өзекті екенін атап өтті.

«Ауылдағы жұмыс қаланың жұмы­сынан өзгеше. Біз тек мал ұрлығының алдын алу немесе көші-қонды қадағалау үшін ғана емес, әрбір отбасының қауіп­сіздігі үшін барамыз. 2 мыңға жуық шаруа қожалығын аралау кезінде кей жерлерде қару сақтау тәртібі бұзылған, енді бірінде жұмысшылардың құжат­тық мәселелері бар екені анықталды. Мұн­дай тексерудің пайдасы – дер кезін­дегі ескерту», дейді облыстық полиция депар­таменті бастығының орынбасары Әлімбет Смайлов.

Қару айналымы саласы да мұқият тексерілді. Облыстағы 7 мыңнан аса қару иесі тұрғылықты мекенжайы бо­йын­ша қаралып, соның нәтижесінде 100-ден а­са азаматтың қару сақтау тәртібін бұз­ғаны анықталды. Қайта тіркеу мер­зімін өткізіп алғандар да аз болған ­жоқ. Сонымен қатар «seventeen» заң­сыз қару айналымнан алынды. ­Екі қару «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланғандар тізімінде тұрғаны белгілі болды.

Есірткі және темекі бұйымдарына қатысты заңсыздықтар да назардан тыс қалған жоқ. Электрондық шегу жүйелері мен вейп өнімдерін заңсыз сату фактісі бойынша бір қылмыстық іс тіркелсе, Талдықорған қаласында есірткі жарнамасына қатысты граффити де анықталып, жойылған.

Жалпы алғанда, «Учаске» барысында 18 мыңнан аса адам әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылды. Екі ай ішіндегі хаттамалар саны әрбір қызметкерге орта есеппен 37-ден келеді. Ең жиі тіркелген құқық бұзушылықтардың арасында тіркеусіз тұру, қоғамдық орындарда масаң күйде жүру, тұрмыстық қатынастардағы келең­сіздіктер, ортақ аумақтарды ластау және өзге де әкімшілік нормаларды сақтамау деректері бар.

«Биыл полиция қызметкерлері үйі­мізге екі рет келді. Бұрын-соңды бұ­лай аралап шықпаушы еді. Қауіпсіздік мәсе­лесін түсіндіріп, көршілер арасын­дағы байланыс туралы да кеңес берді. Өз басым мұндай жұмыстардың пайдасы бар деп ойлаймын. Себебі жанымыз­дағы ескі үйге кімдер келіп-кететінін де анық­­тап берді», дейді Талдықорған қала­сы­ның тұрғыны, зейнеткер Сәлима Қадырқызы.

Құқық бұзушылықтың себептерін жою мақсатында учаскелік инспектор­лар 300-ге жуық ұсыным шығарып, меке­мелер мен ұйымдарға алдын алу шара­ларын күшейту жөнінде нақты ескер­тулер жасады. Тек Талдықорған қаласының өзінде мұндай ұсынымдардың саны 100-ден асып отыр.

Өңірлік полиция департаментінің басшылығы «Учаске» іс-шарасын тұр­ғын­дармен кері байланыс орнатудың тиімді жолы деп бағалап отыр. ПД бас­тығы Қайсар Мұхметовтің айтуынша, учаскелік инспектор – халыққа ең жақын полиция буыны. Сондықтан олардың ­басты миссиясы тек хаттама тол­тыру емес, адамдардың мәселесін тың­дап, дұрыс шешім табуға көмектесу, сол арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу.

Екі айлық науқан көрсеткендей, құқық­тық тәртіпті нығайтуда кешенді жұмыс­тардың нәтижесі айқын көрі­неді. Тұрғындарды аралау, қоғамдық орын­дардағы бақылауды күшейту, көші-қон үдерістерін реттеу, қару иеле­рін тексеру және жастар арасындағы тәртіп бұзу­шылықтың алдын алу – бәрі де өңірдің қауіп­сіздігін арттыруға бағытталған бір­тұтас жүйенің бөлшегі.

 

Жетісу облысы