Сурет: rus.baq.kz
- Әйелдер күресінен Ирина Казюлина Ислам ынтымақтастығы ойындарының қола жүлдесін олжалады. 68 кг салмақта күрескен Ирина алғашқы белдесуінде әлем чемпионы Несрин Баштан басым түсті. Жартылай финалдық тартыста өзбекстандық Светлана Окназаровадан жеңілді. Қола медаль үшін кілемге шыққанда камерундық Ндиффо Эймельданы еңсерді.
- Семсерлесу сайысында еліміздің құрамасы Ислам ынтымақтастығы ойындарында жеңіске жетті. Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Кирилл Проходов бастаған ерлер командасы алғашқы айналымда Қырғызстанды 45:34 есебімен ығыстырып, жартылай финалда Оман спортшыларын да ірі есеппен (45:26) жеңді. Алтын медаль үшін өткен додада Сауд Арабиясы құрамасын 45:29 есебімен тоқтатты. Семсерлесу сайысынан біздің жігіттер биыл орасан олжаға кенелді. Сауд Арабиясына аттанбас бұрын әлем чемпионатында тұңғыш рет қола медаль олжалады.
- Үндістанда бокстан әлем кубогінің қорытынды кезеңі мәресіне жетті. Еліміздің ерлер және әйелдер құрамасына 1 алтын, 1 күміс, 6 қола медаль бұйырды. 85 кг салмақта Сұлтанбек Айбарұлы финалда өзбекстандық Жасурбек Юлдошевтен басым түсіп, Әнұранымызды шырқатты. Нұрбек Мұрсал (70 кг) алтын үшін айқаста үндістандық Хитеш Хитешке есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты. Әлем кубогінің қола медалі Cанжарәлі Бегалиев (80 кг), Даниял Сапарбай (+90 кг), Жансая Рахымберді (51 кг), Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Диана Мағауияева (80 кг), Әсел Тоқтасынға (+80 кг) бұйырды.