Экономика • Бүгін, 08:20

Әлеуеті зор әк зауыты

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында өндіріс саласын өркендетуге басымдық беріліп отыр. Атқарылған жұмыстың нәтижесі де көңіл көншітеді. Кейінгі 10 айдың бедерінде өңірде 1 трлн теңгенің өнімі өндіріл­ген. Бұл көрсеткішпен Жамбыл облысы өңірлер арасында көш бастап тұр. Жалпы, облыс аумағындағы 919 кәсіпорында 41 мың­нан астам адам еңбек етіп жатыр. Биыл өңірде бірнеше кәсіп­орын ашылған еді. Күні кеше сол үрдіс сәтімен жалғасты.

Әлеуеті зор әк зауыты

Суреттерді түсірген – Алтынбек Қартабай

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде әлеуетті инвесторлардың қолға алуымен бірнеше өндіріс ошағы салынып жатыр. Олардың кейбірі өз өнімін шығарып үлгерді. Жақында «Тараз» индустриялық аймағында жылына 70 мың тонна жоғары сапалы күйдірілген әк өндіретін кәсіпорын жұмысын бастады. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Президент пәрменімен қолға алынған жұмыс тоқтаусыз жалғаспақ. Жергілікті атқарушы билік өкілдері өңдеу саласына инвестиция тартуға басымдық беріп отыр.

Жаңадан бой көтерген зауыттың инвестициялық құны 2 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында шамамен 100 адам еңбек етеді. Зауыт басшыларының айтуынша, мұнда жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуіне барлық мүмкіндік қарастырылған екен. Ал кәсіпорын жетекшілері алдағы уақытта өзге де жобаларды қолға алуға бекініп отыр.

а

– Бүгінгі бастама – ел Президенті жүктеген міндеттермен толық үйлесетін нақты қадам. Біздің мақ­са­тымыз – өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеретін өндіріс орын­дарының санын арттыру және инвес­торлармен өзара тиімді әріптестік орнату. Сол бағытта тынымсыз еңбек етіп жатырмыз. Бүгін іске қосыл­ған жаңа жоба – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Жалпы, өңірге әлеуетті инвесторларды тарту жұмысы әрі қарай да жалғасады. Облыс әкімдігі инфрақұрылым тарту, инженерлік желілермен қамтамасыз ету және қажетті әкімшілік қолдау көрсету жұмыстарын орындап отыр. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруды жалғастырамыз. Жаңа өндіріс орны еліміздің және өңіріміздің өркендеуіне үлес қосады деген сенім мол, – дейді өңір басшысы.

Кәсіпорын қажетті шикізатты жеке карьерінен алады екен. Мамандар­дың сөзіне сенсек, бұл қадам әктасты қазудан бастап дайын өнім шығаратын кезеңге дейін сапаны тұрақты бақы­лау­ға мүмкіндік береді. Өнім өндіру­шісі – «KazGeoEnergy». Мамандар­дың айтуынша, жаңадан салынған өндіріс ошағы – өңірдегі 1-сыныпты әк шығаратын жалғыз кәсіпорын.

– Қаратау қаласында кен өндіретін жеке карьеріміз бар. Сондықтан біздің зауытты шикізаттан дайын өнімге дейін жұмыс істейтін циклдік өндіріс ошағы деп айтуға толық негіз бар. Кәсіпорында шамамен 100 адам жұмыспен қамтылады. Бізде еңбек ететін азаматтардың орташа жалақысы 350-400 мың теңгені құрайды, – дейді жаңа зауыт басшысы Арыстанбек Еркінбекұлы.

а

Зауыт заманауи технологиялармен, озық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оның ішінде немістің «Siemens AG» мониторинг жүйесі орнатылып, өндірістің барлық кезеңінде сапаны жоғары дәлдікпен бақылауды қамтамасыз етіп отыр.

Мұнда өндірілетін күйдірілген әк экономиканың негізгі салаларында кеңінен қолданылады. Нақтырақ айтсақ, байланыстырғыш материал ретінде, силикат кірпіш, цемент, газоблок, сылақ өнімдерін дайындау кезінде кәдеге жарайды. Сондай-ақ металлургияда қоспаларды бөліп алу және кенді байыту кезінде флюс, химия өнеркәсібінде сода, кальций карбиді, ацетилен, бояу-лак өнімдерін өндіруде негізгі шикізат ретінде пайдаланылады.

Жаңа зауыт өңірдің өнеркәсіп­тік әлеуетін арттырудағы маңызды кәсіпорындардың санатына еніп отыр. Ол облыс экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортты алмастыруға, отандық өнеркәсіпті нығайтуға мүмкіндік туғызады.

 

Тараз