Суретті түсірген – Владислав Воднев
Даудың басы – министрліктің хабарламасы
Мектептерге енгізілген жаңа тәртіп бойынша бұдан былай оқушы сабақта смартфон ұстаса, ата-анасы жауап береді. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова: «Қолданыстағы «Білім туралы» заңына сай сабақ үстінде телефонды қолдануға болмайды. Осы талаптың орындалуына ата-аналар жауапты. Егер бала сабақта смартфонмен ұсталса, алдымен ата-анасына ескерту жасалады. Ал бұл жағдай қайталанса, олар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабына сәйкес 5 АЕК көлемінде, яғни 19 660 теңге айыппұл төлейді. Заң қазірдің өзінде күшіне енген, бірақ әзірге еліміздегі білім беру ұйымдарында ешқандай талап бұзу фактісі тіркелген жоқ», деді. Оның сөзіне сүйенсек, мектептер оқушылардың ережені бұзу фактілерін тіркеп, уәкілетті органдарға хабарлай алады.
Осы тұста түсініктеме бере кетсек, аталған кодекстің 409-бабы 2-тармағында: «Ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы яки тиісінше орындамауы – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеліп соғады», делінген.
Еске салсақ, сабақ үстінде телефонды қолдануға былтырдан бастап тыйым салынған. Бұл шара оқушылардың денсаулығын сақтау, сыныптастарымен тікелей қарым-қатынас орнату, сабаққа зейінін арттыру мақсатында қабылданған еді. Дегенмен қоңырау кезінде балалардың телефонды қолдануына ешқандай шектеу жоқ.
Сенат депутаттары телефонға тыйымды бұдан да күшейту керек екенін айтады. Соның бірі – сенатор Бибігүл Жексенбай. Оның ойынша, телефонды сабақ кезінде ғана емес, мектепте мүлдем қолданбаған дұрыс. «Қазіргі таңда бізде енгізілген талап бойынша телефонды сабақ үстінде ғана пайдалануға тыйым салынған. Қоңырауда бала қайтадан қолына ала алады. Ал меніңше, бүгінгі уақытта оқушылар телефонды мектептің табалдырығын аттаған сәттен-ақ тапсырғаны жөн. Менің екі ұлым да мектепке барады. Кішісінен бірнеше рет сұрадым, әзірге мұғалімдері сабақ кезінде телефондарын алып қоймайды екен. Үлкен ұлым 7-сыныпта оқиды. Олардың смартфондарын сабақ басталардан бұрын жинап алады», деді депутат Б.Жексенбай.
Ата-аналар неге алаңдайды?
Жаңа талапқа ата-аналардың көбі келіспейтінін байқадық. Мақаланы жазу барысында журналистік сауалдама жүргізіп көрдік. Басым бөлігінің ойы бір жерден шыққандай әсер қалдырады. Мысалы, олардың (сауалдамаға қатысқандар аты-жөнін ашық көрсетпеуді өтінді) бәрінің айтатыны – «Бір ескертуден кейін қайталаса, бірден екіншісінде ата-анасына айыппұл салу тиімді шешім бола алмайды. Бала біріншісінде білмей, бұл талапты автоматты түрде ұмытып кетіп, яғни адами фактордан орындамай қалуы мүмкін. Ал екіншісінде мәжбүрліктен, бір жағдайдан амалсыз қолданса ше? Себебі анықталмай айыппұл салына бере ме? Мұндай норма тек ата-аналарға салмақ салады», деген пікір.
Әлеуметтік желілердегі ата-аналардың осы нормаға қатысты ашық пікірлеріне көз салып көрдік. «Aisha_ui» парақшасының иесі: «Не деген бітпейтін айыппұл! Бұл жерде ата-ананың да, мұғалімнің де кінәсі жоқ. Ата-ана балаға жетіскеннен телефон бермейді. Өміріне алаңдағандықтан, әсіресе бастауыш сынып оқушылары сабақтан қараңғыда қайтқанда амандығын білу үшін беріп жібереді. Ал мұғалім сабақта 30 оқушының қайсысын қадағалап отырады? Телефон қолдануға айыппұл салу педагог пен ата-ана арасында түсінбеушілік тудырады», депті. Ал «Aselaidarkhanova» деген әлеуметтік желі қолданушысы «Ондай болса, неге кітаптардан берілген тапсырмаларды интернеттен қарап орындау керегін жазады?», деп сұрақты төтесінен қойыпты.
Екінші тарап керісінше талапты қолай көріп отыр. Мысалы, Лаура есімді замандасымыз желідегі жаңа норма туралы ақпаратқа «Оқушылар не үшін телефон ұстауы керек? Олар сабақта ойын ойнап отырады», десе, осы ойға саятын Ардақ есімді желі қолданушы: «Дұрыс, келісемін. Оқушы сабақ үстінде оқуға зейін қоюы керек», деп жазады.
Ал 4 баланың анасы, түркістандық Есенгүл Құттыбаеваның пікіріне қарағанда, талап толықтыруды, нақтылауды қажет етеді. Өйткені қабылданған шешім біржақты. «Меніңше, дәл осы талаптың орындалуы тағы да мұғалімді жеккөрінішті етудің жолы сияқты. Одан қалды педагогтің жұмысын көбейтеді. Екіншіден, баланың тәртібіне деген жауапкершілікті толығымен ата-анаға ысыра салу деп қабылдаймын. Шын мәнінде, осы күні мұғалім мәртебесі деген көп айтылады ғой. Мұғалімнің мәртебесі 90-жылдары өте жоғары еді. Неге? Себебі мұғалімдер мектептегі, тіпті мектептен тыс тәртібімізге де өзін жауапты сезінетін, бізді оқушысы емес, баласындай қабылдайтын. Бүгінде педагогтерде де, мектеп қауымдастықтарында да алдындағы оқушылардың айналдырған 45 минуттық тәртібіне жауап беруден бас тарту қалыпты дүниеге алып барады. Оқушылардың сабақ үстінде телефон ұстауы мұғалімнің 45 минутында болатын дүние ғой, оған мұғалім, мектеп жауап берсін. Бұған неге ата-ана айыпты болып, айыппұл төлеуге тиіс? Әкесі мен анасы балаға сабақта телефонмен ойнап отыр деп айтпайды», дейді Е.Құттыбаева.
«Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей...»
Астана қаласындағы №104 «Келешек мектебінің» қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Бекболатқызы бұл мәселеге екіжақты қарау керегін, шешімді де жағдайға қарай қабылдау қажет екенін айтады. Оның ойынша, цифрлық сауатқа баулитын кезеңде түбегейлі тыйып тастаудан гөрі телефонды тиімді, мәдениетті, пайдалы қолдануға үйреткен жөн.
«Бұл талап оқулықтардағы кейбір тапсырмаларды орындауға кедергі болады. Мысалы, бізде интернеттен қарап, болмаса бір сайттарға кіріп, платформаларға қосылып орындайтын, «QR кодты бас, пікіріңді білдір» дейтін тапсырмалар бар. Дамыған елдердегідей әр оқушыға ноутбук яки планшет беріп барып норманы енгізсе, құба-құп. Өз басым егер оқушы телефонды қажетіне пайдаланса, қарсы емеспін. Осы күні цифрландыру, ақпараттандыру дейміз де, екінші жағынан оған тыйым салған секілді әрекет болып тұр. Ал мұндайда телефонды білім беру құралы ретінде пайдалануымыз керек. Қазіргі смартфондар жай ғана байланыс құралы емес, кәдімгі платформа. Қоғамда болып жатқан дүниелерді тым ауыр, эмоцияға беріліп қабылдайтынымыз бар. Алдағы уақытта ғарышта қонақүй ашылуы мүмкін. Әлем соған келе жатыр. Біздің талап бұған қайшы көрінеді. Талаптың енгізілу себебін де дұрыс түсінемін. Қоңырауда қарасаңыз, балалардың бәрі телефонға телміріп тұрады. Осындайда бір-бірімен бетпе-бет, емен-жарқын сөйлессе дейсің. Екіншіден, кей баланың ата-анасы дәл сабақта телефон соғады. Үшіншіден, академиялық адалдық болмайды, оқушылар кейбір тапсырмаларды мұғалімнің рұқсатынсыз телефоннан көшіре салады. Сондықтан біз бақылауларда жинап аламыз. Төртінші, баланы тәуелділікке алып келеді, тыйым салған сайын соған ұмтылады. Сол себепті шектеу қойсын, бірақ педагогтің рұқсатымен оқу мақсатында қолдануға мүмкіндік берілсін. Мұнда әр нәрсенің шекарасын білуіміз, белгілеуіміз керек», дейді Г.Бекболатқызы.
Мұғалімнің пікірінше, әлемдік тәжірибе дейміз, телефонға түбегейлі тыйым салған Франция (2018 жылдан бері), Қытай (2021 жылдан бастап), Нидерланд (2024 жылы) секілді елдер бар. Бірақ телефонға шектеу қоймайтын Финляндия – қазір білім жүйесі ең озық елдердің қатарында. Осыған қарап біз телефон білім сапасын төмендетеді деп біржақты қабылдай алмаймыз. Бұл жерде рөл ойнайтыны – санаға сәуле түсіру арқылы балада телефонды мәдениетті қолдану дағдысын қалыптастыру.
P.S. Сарапшылардың салмақты, сан түрлі пікірінен түсінгеніміз, телефон түйткілі ата-анаға айыппұл арқалатумен түбегейлі шешілмейді. Бұған кешенді көзқараспен қарап, жан-жақты зерделеп, тиімді тұсын тауып, талапты жағдайға қарай бейімдеген абзал. Қысқасы, талап қайта қарауды қажет ететіндей.