- 29 қараша Швецияның Эстерсунд қаласында биатлоннан әлем кубогінің кезеңі басталады. Биатлон құрамасының бапкерлері кеңесе келе дүбірлі додаға мына шаңғышыларды қосуды жөн санап отыр. Вадим Куралес, Ольга Полторанина, Айша Рақышева, Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов, Кирилл Бауэр, Милана Генева, Полина Егорова жарыс жолына шығады.
- Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы Фарер аралдары ұлттық құрамасына қарсы жолдастық матч өткізіп 1:0 есебімен жеңілді. Хорватияның Пула қаласындағы «Алдо Дросина» стадионында өткен тартыста жеңіс голын 26-минутта Кнудсен соқты. Ұлттық құраманың бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов жылжабар тартыста ұлттық құрама сапына жаңа қосылған ойыншыларды салып, шыңдаудан өткізді.
- Қатардың Доха қаласында таэквондодан өтіп жатқан халықаралық турнирде Нодира Ахмедова чемпион атанды. 53 кг салмақта сынға түскен жерлесіміз финалдық сында басты қарсыласы Камкасумфоны жеңді. Нодира қазан айында Қытайда өткен әлем чемпионатында қола медаль еншіледі.

- Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әлем кубогінің қорытынды кезеңі мәресіне жақындап келеді. Боксшыларымызға әзірге алтын медаль бұйырмай тұр. Әйелдер сынында Диана Мағауияева 80 кг салмақ дәрежесінде додаға қосылып, қола медаль бұйырды. Жартылай финалдық тартыста поляк Агата Кацмарскадан аса алмады. Әсел Тоқтасын (+ 80 кг) да қола медальды қанағат тұтты. Жартылай финалда жерлесіміз өзбекстандық Олтыной Сотимбоеваға есе жіберді. Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әлем кубогінің қола медаль иегері өзбек қызы әбжілдік танытты.
- Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында семсерлесу тартысы қыза түсті. Рапирамен семсерлесуден София Актаева жартылай финалға шықты. Ширек финалда ол Бахрейн елінің спортшысы Сумайя Аль-Буайнайннан 15:4 есебімен басым түсті. С.Актаева енді тунистік Ясмин Суссиді жеңсе, алтын медальдың ауылы жақындай түседі.
- Ислам ынтымақтастығы ойындарында әйелдер күресінен сынға түскен Зейнеп Баянова (53 кг) жартылай финалда жеңілді. Нигериялық Кристина Огунсаньямен белдесуге түскен отандасымыз барын салғанымен, тәжірибелі қарсыласы қарымды болды. Енді ол тәжікстандық Ватансултон Шакаршоевамен күресіп, қола медаль олжалауға күш салады.