Кейінгі уақытта осы бағытта дипломатиялық белсенділік айрықша байқалады. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұхит асып, «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысып, аймақтың даму келешегін жаһандық деңгейде талқылап қайтса, қарашаның 15-16 күндері Өзбекстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуінде де әріптестерімен бірге өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін бірге саралады.
Еуразия кіндігінде жүріп жатқан өзара ықпалдастық пен интеграциялық үдерістерге бүкіл әлем көз тігіп отыр десек, артық айтқандық емес. Күні кеше Ташкент төріндегі жиын жетістіктері туралы төрткүл дүниенің ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Оның ішінде атағы алысқа кеткен алпауыт медиа құралдары да бар.
Соның қатарында қарт құрлықтың басты ақпарат көзі саналатын «Euronews» сайты Орталық Азия интеграциясының басты ойыншылары – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ықпалдастыққа мән беріп, 1,3 млрд долларға бағаланған бірлескен жобалар іске қосылғанын жазады.
«Өзбекстан мен Қазақстан құны 1,3 млрд доллар (1,18 млрд еуро) тұратын жаңа бірлескен жобаларды бастағаны туралы мәлімдеді, сондай-ақ 2030 жылға қарай екіжақты жылдық тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізуге бейіл», делінген ақпаратта. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейбір «сарапшылар» айтып жүргендей, Қазақстан мен Өзбекстан бір-бірімен жарысып, бәсекелесіп жатқан елдер емес, тату көрші әрі сенімді серіктес екенін мәлімдеген сөзін назарға алған.
«Ел басшылары өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-химия, қаржы, логистика және туризм салаларында жеті ірі жобаны виртуалды іске қосу рәсіміне қатысты. Олардың қатарында Атамекен (Қазақстан) және Гүлістан (Өзбекстан) өткізу бекеттері аймағындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығы бар. Кешенде өндіріс алаңдары, тауарлар мен құрал-жабдықтарды сақтайтын қойма, сондай-ақ жүктерді жеткізуді жылдамдататын әрі логистикалық шығындарды азайтатын заманауи көлік инфрақұрылымы бар», делінген «Euronews» ақпаратында.
Сонымен қатар Ташкентте «Tenge Bank»-тің бас кеңсесі, Ташкент облысында «Silkway Central Asia» көпфункциялы логистикалық орталығы, Қашқандария облысында алкилбензол өндіретін мұнай-химия кешені, Жаңа Ташкентте «Астана», ал елордамызда «Ташкент» қонақүй кешендерінің құрылысы басталатынын жазған.
Түркияның «Анадолу» агенттігі Орталық Азия елдері мен Әзербайжан мемлекет басшыларының консультативтік кездесуі туралы бірнеше маңызды материал жариялапты. Соның бірі – «Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесуі: аймақтық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі» деп аталған мақалада бұл форматтың аймақтағы өзара диалог пен ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды қадамы екені айтылады.
«Аталған платформа кеңес одағының құлауынан кейін пайда болған және көп жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан шекаралық даулар, су ресурстарын бірлесіп пайдалану, көлік пен логистика саласындағы проблемалар, сондай-ақ қауіпсіздік және радикализммен күрес секілді көптеген мәселенің шешімін тікелей іздейтін тетік болып отыр. Кездесу аймақ елдеріне үшінші тараптың қатысуынсыз, өз проблемаларын өздері талқылап, жол табуға мүмкіндік берді. Қол жеткізілген келісімдер нәтижесінде аймақ елдері арасындағы шекара даулары, су ресурстарын бірлесіп пайдалану мәселесі ретке келді», делінген мақалада.
Бұған қоса Орталық Азия елдері «Жібек жолы» визасы бастамасын іске қосу жұмысын жалғастырып жатқанына мән бере келе, бұл өз кезегінде шетелдік туристерге аймақ мемлекеттерін бір визамен аралауға мүмкіндік беретінін айтады. Сонымен қатар әлемдегі геосаяси өзгерістер мен шикізат ресурстарына, оның ішінде маңызды сирек металдарға деген сұраныс әлемдік державалардың Орталық Азияға деген қызығушылығын арттырғанына, нәтижесінде АҚШ, Еуропалық одақ, Ресей, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, басқа да мемлекеттер тарапынан C5+ форматында диалог алаңдары өмірге келгеніне назар аударған.
«Eurasia Today» интернет басылымы аймақ президенттері кездесуінің қарсаңында Орталық Азия мен Әзербайжанның сауда және инвестиция министрлері кеңесінің алғашқы отырысы өткенін, ол жерде талқыланған мәселелердің маңыздысы «Made in Central Asia» брендін жасау болғанын жазады.
«Отырыста өзара сауда мен өнеркәсіптік интеграцияны дамыту бойынша кешенді шаралар талқыланды. Аймақ елдері арасындағы тауар айналымын 20 млрд долларға жеткізу үшін жұмыс тетіктерін құруға, «Made in Central Asia» брендімен бірлескен өндірістік алаңдар қалыптастыруға, бірлескен инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға халықаралық қаржы институттары мен ірі инвесторларды тартуға айрықша назар аударылды.
Қатысушылар атап өткендей, Өзбекстанның Орталық Азия елдерімен өзара саудасы 2017 жылы 3,2 млрд доллардан 2024 жылы 6,9 млрд долларға дейін артты. Оның ішінде Қазақстанмен – 4 млрд, Қырғызстанмен – 700 млн, Тәжікстанмен – 570 млн, Түрікменстанмен өзара сауда 1,15 млрд доллардан асты. Ал Әзербайжанның ОА елдерімен тауар айналымы 2025 жылдың 9 айында 58 пайызға өсіп, 1 млрд долларды құрады», делінген мақалада.
Сонымен қатар жиын барысында өнеркәсіптік кооперация, шикізат және технологиялық әлеуеттерді бірлесіп игеру, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар дайын өнім экспортын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін жазады.
«Отырыс қорытындысы бо-йынша тараптар экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, кооперацияны дамыту және бірлескен өндірістер құру, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін жасау мәселелері бойынша негізгі келісімдерді қамтыған бірлескен коммюнике қабылдады», делінген мақалада.
Ал Сербия Республикасының «Politica» сайты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның бірлескен газ жобасы табысты нәтижелерге жеткенін және газ транзитін көбейту жоспарланып жатқанын мәлімдегенін жазған.
«Бірлескен күш-жігеріміз арқылы көгілдір отынды тасымалдау көлемін арттыруға ниеттіміз. Бұдан бөлек, мұнай мен атом өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің келешегі зор. Тату көршілік, өзара құрмет рухында және бір-біріміздің мүдделерімізді ескере отырып, су энергетикасы саласындағы әлеуетімізді үйлестіру қажет екенін атап өттік. Бұл бағытта сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға бейілміз. Су саласына цифрлық шешімдерді енгізуге, су ресурстарын есепке алу мен мониторингтеу жүйесін бірлесе дамытуға басымдық береміз. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы ықпалдастықты күшейтудің келешегі мол. Бұл ретте елдеріміздің дербес жобалары бар. Оларды бірлесіп дамыту бүкіл Орталық Азияға мультипликативті әсер берер еді», деген Президент сөзін жариялаған.