Руханият • Бүгін, 08:55

Фольклортану дарабозы

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл аса көрнекті фольклортанушы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасовтың туғанына 85 жыл толды. Осыған орай Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Фольклортану мен әдебиеттану ғылымы: өзекті мәселелер мен жаңа парадигмалар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымның шәкірттері, әріптестері және шетелден келген қонақтар қатысты.

Фольклортану дарабозы

Конференцияны Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазин жүргізді. Ол біртуар тұлғаның мерейтойына байланысты еліміздің әр өңірінде маз­мұнды іс-шаралар өтіп жатқа­нын жеткізді.

«Биыл маусым айында Сейіт ағамыз ұзақ жыл қызмет істеген Алматыдағы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ауқымды халықаралық ғылыми конференция өткен еді. Одан кейін ғалымның табан тіреп, жұмыс істеген орны – Еуразия ұлттық университеті. Мұнда академик Еуразия ғылыми орталығы мен шығыстану факультетін ашып, қазақ әдебиеті кафедрасын басқарды. Елорданың мәдени-рухани өміріне араласып, зия­лы ортаның қалыптасуына үле­сін қосты. Біздің міндетіміз – өзінің шәкірттеріне мектеп қалыптастырған шаңыра­ғында іс-шара өткізу болатын. Бүгін соған жиналып отырмыз», деп келген қауымға ризашылығын білдірді.

Жиын құттықтаулармен бас­талды. Алдымен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, Мәжіліс төрағасы Ер­лан Қоша­новтың, Ғылым және жо­ғары білім министрі Сая­сат Нұр­бектің, Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Балае­ваның құт­тықтауы оқылды. Еура­зия ұлт­тық университетінің рек­торы Ерлан Сыдықовтың құттық­тауын ректордың мінде­тін уақытша атқарушы Ардақ Бейсенбай оқып берді. Ал Сенат төрағасы М.Әшім­баевтің ыстық ықыласын Дархан Қыдырәлі жеткізді. Сенат депутаты ардақты азаматтың төрт ерекше қырын сөз етті.

«Сейіт Асқарұлы – төрт құбы­ла­сы түгел тұлға. Оның біріншісі – терең ғұлама ғалым­дығы. Екін­шісі – соңы­на қалдырған ғылыми мектебі. Үшін­шісі – керемет ұйым­дасты­рушылығы. Төртіншісі – Ө.Жәнібековтің қасында жүріп, Алаш арыстарын ақтауға қосқан үлесі. Сондықтан Сейіт ағаны тәуел­сіздік іргесін бекітіп, елі­мі­з­дің еңсесін тіктеуге ерен еңбек ет­кен қайраткер ретінде бағалай­мыз», деп парасатты ой қорытты.

Сондай-ақ конференцияға онлайн арқылы қазақ ғалымымен көзі тірісінде жақын сыйласқан Қазан федералды университетінің профессоры Хатип Миннегулов жылы естелігін айтты. Тұлға туралы шағын деректі фильм көрсе­тілді. Содан соң кезек баянда­машыларға тиді.

Филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Сауытбек Абдрах­манов айтулы ғалымның фольклор­танудағы феномені туралы тереңірек сөз қозғады.

 – Сейіт Қасқабасов «Казахская волшебная сказка» атты алғашқы кітабымен ғылыми ортаны елең еткізді. Осы жинағы сол жылы Одақ кө­ле­­міндегі 5 құнды ғылыми ба­­сы­­лымның бірі деп танылды. «Воп­­росы литературы» секіл­­ді басылымдар бірінен кейін бірі жарысып, рецензия жария­лады. Шындығында, ғалым­ның еңбектеріндегі талай түйін­дер таңғалдырады, жан жүрек­ті езілтеді. Сейіт аға қазақ ерте­гілерінде жетім бала мотиві өте аз кездесетінін айтады.

70-жылдардың басында «Ми­фы народов мира» деген қалың екі томдық шықты. Бұл еңбекте қазақ мифі ғана емес, түркі халық­тарының мифі туралы да ештеңе болмады. Бірақ көп ұзамай ғалым «Қазақ мифі және әлемдік мифология» туралы көлемді зерттеу жариялап, сол миф туралы «мифтің» күл паршасын шығарды. Қазақта мифтің неше атасы бар екенін дәлелдеді. Қасқабасовтың сол тезисінің негізінде түркі халық­тарының ғалымдары бірінен соң бірі өздерінің мифологиясы туралы жаза бастады. Зерт­тей бастады. Сөйтіп, «түркі халық­тарының мифологиясы», «қазақ мифологиясы» деген ұғым ғылыми айналымға қосылды», деген Сауытбек Абдрах­манов академиктің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутын басқарғанда «Бабалар сөзі» жүз томдығын шығарған еңбегін айрықша атап өтті.

Ал М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының директоры, академик Кенжехан Матыжанов ұстазының азамат­тығы, ғалымдығы жайында ойлы естелік өрбітіп, С.Қасқа­басовтың Әуезов институтын басқарған жылдары атқарған жұмыстарына тоқталды.

«Сейіт ағаның тұңғыш кітабы шыққанда қазақ фольклортану ғылымы қандай деңгейде екенін көзіқарақты қауым жақсы біледі. Бұл кезеңде елімізде фольклортану ғылымы жоқ еді. Біз фольклорды «ауыз әдебиеті» деп түсіндік. Бір жағынан, оған таптық көзқараспен қарадық. Міне, осы тұста Едіге Тұрсынов пен Сейіт Қасқабасов ертегілерден екі тақырып алып, кандидаттығын қорғады. Екеуі де тың тақырып еді. Сондықтан қазақ фольклортану ғылымын қалыптастырып, оған революциялық көзқарас әкелген, фольклор жөніндегі ұғымды өзгерткен, ол – Сейіт Асқарұлы мен Едіге Тұрсынов. Ақиқатында, осы екі ғалым әдебиет­тану мен фольклортану ғылымына тың жаңалық әкелді», деді ол.

Академиктің әдебиеттану мен фольклордан бөлек, шығыстану мәселелерін саралаған еңбектері де жетеді. Қазақстан Президентінің кеңесшісі, белгілі ғалым Бауыр­жан Омарұлы «Академик Қас­қа­басов және ежелгі Шығыс сюжет­терінің трансформациясы» атты баяндамасында бірегей тұлғаның шығыстанушылар мен түркітанушыларға ой салған тұжырымдарын талдады.

«Әсіресе ғалым көне дәуірдегі Шығыс әдебиетінен бастау алып, көптеген елдердің сөз өнеріне сіңген көшпелі сюжеттердің түрін білу тәсілдерін талдап, таразылап, саралауға назар аударды. Біріншіден, ол сонау әлемге әйгілі шығармаларда кездесетін мысалдар мен әсерді эпизодтар­ды қазақ фольклорының үлгілерімен үндесіп жатқанын дәлелдеді. Бұл жәдігерліктердің біздің әде­биетімізбен мазмұндық сабақ­тастығын, сюжеттік ұқсастығын және ой-пікір ортақтығын айқын көрсетті. Екіншіден, акаде­мик қазақ топырағына бейім­делген ертегілер мен әпсана­лар түп негізі – тым әріде жатқа­нын айғақтады. Әсіресе мысал түріндегі ертегілердің, көбіне­се қазақтардан басқа түркі ха­лық­та­рымен белсенді байланыс жасаған аймағы – Оңтүстік Қазақ­стан мен Түркістаннан жазылып алынғанына ден қояды. Үшіншіден, қазақ фольклорының жалпыадамзаттық мәдениеттің бір бөлігі саналатын ұлттық әрі ұлтаралық сипатқа ие екеніне негіздеген ғалым көптеген халық­тың ауыз әдебиетіндегі ортақты, түркі халықтары арасындағы генетикалық жақындықты, өзге халықтармен рухани мұра­ға алмасуға себеп болған көпға­сырлық қарым-қатынас мәселе­лерін айрықша атап өтеді», деп жіліктеп айтып берді.

Конференцияға келген қауы­мының дені – жастар. Сондықтан «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас дирек­торы, академик Дихан Қам­­за­бекұлы өз сөзін жастарға қарата айтты. Сейіт Қасқабасов тағдырдың түрлі қиындығын көре жүріп, жасынан соған шыңдалып өскенін баяндады. Ғалымның еңбегі Алаш ардақтыларының ұстанымымен ұштасып жатқанын жеткізді.

«Ел әдебиеті» деген ұғым бар. Өйткені алаш зиялылары фольклорды, жиналмаған мұра­ны «ел әдебиеті» деп атаған. Мұны түсінікті тілмен айтсақ, халық­тың әлі жүйеленбеген, зерттелме­ген жазбаша, ауызша мұра­сы. Яғни әлі нақтыланбаған мәдени жәдігерліктер. Ел мен елшілдік­тің арасын жалғаған руханият. Фольклор мен авторлық әдебиет­тің дәнекері, бағдары. Өткенге құр­мет, баяғының баянды жолы. «Ел әдебиеті» алаш зиялылары енгізген ұғым ретінде бағалы.

Секең – авторлық әдебиет пен фольклордың арасында қаншама дүние жазды. «Фольклор халық көрінісінің рухы екенін ескерсек, әдебиет соны пайдалану арқылы қарапайым елдің шығармашы­лық рухани қабілетін айқара ашса, екінші жағынан, әдебиет халықты, оның өмірін бейнелеу керектігін содан үйренген еді» дейді. Сонымен бірге осы арадағы ерекшеліктерге тоқталады. Жазба мен авторлық әдебиет өкілдерінің фольклор мен әдебиеттің ара­сындағы генетикалық байланыс, оппозициялық байланыс, үйлесім­ділік байланыс, кері байланыс – бәрі де фольклордан нәр алуы үшін үйреніп, авторлық әдебиеттің өскенін айтады», деді Д.Қамзабекұлы.

Одан кейін Түркиядан келген Еге университеті Түркі дүниесін зерттеу институтының профессоры Метин Екижи, академик Кәрімбек Құрманәлиев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Абат Пангереев, т. б. ғалымдар баяндама жасады. Конференция жұмысы үш секцияға бөлінді. Жиын аясында Қазақ әдебиеті кафедрасындағы көрнекті әде­биеттанушылар галереясында тұғырлы тұлға­­ның портреті ілініп, «Акаде­мик С.А.Қасқабасовтың ғылы­ми мектебі» және көрнекті фольклортанушының биобиб­лиографиялық еңбегі таныстырылды. Сондай-ақ конференцияға келіп қатысқан ғалымның қызына сый-құрмет көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар