Суреттерде: 1. Абай Құнанбайұлы-ның тұмар домбырасы (көшірмесі); 2. Майдангер Тыныбай Лекеровтің домбырасы; 3. Этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбектің домбырасы; 4. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешевтің домбырасы
Қазір музейде ұлт данышпаны Абай Құнанбайұлы тұтынған үш ішекті тұмар домбырасының көшірмесі тұр. Халық қаһарманы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің қолынан түспеген домбырасын 2000 жылы зайыбы Дариға музей қорына ұсыныпты. Танымал күйшілер, Халық әртістері Әзидолла Есқалиев пен Рысбай Ғабдиевтің, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедияровтың, Сағын Жалмышов пен Нариман Үлкенбайұлының домбырасы бар. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбековтің домбырасының шанағы – бұйра қайың, беті – еуропалық шырша, мойыны – қарағай, тиегі – бубинга, оюы сүйек ұнтағымен көмкерілген.
Ал күйші Асылбек Еңсеповтің домбырасын жасаған кезде шебер Жолаушы Тұрдығұлов шанағы мен тиегіне қара ағашты, бетіне Тянь-Шань шыршасын, мойнына май қарағайды пайдаланыпты. Мойын бетіне қызыл ағашты басы мен құлағына үйеңкіні қиюластырған. Профессор Кәрима Сахарбаеваның өзі тапсырған он сегіз пернелі домбыраның бет тақтайы өрнектелген. Түбіне ішек байланатын кіндік ағаш орнатылған.
2. 
Халық әртісі Айгүл Үлкенбаеваның домбырасын алғашқыда әкесі Нариман ұстаған екен. Ол Осакаров зауытында жасалған аспапты 1957 жылы мұнайлы шаһардан сатып алған. Бұл домбырамен ел сахнасында, Югославиядағы гастрольдік сапарда күй тартқан. Кейін өнер жолын таңдаған қызы Айгүлге берген екен. Айгүлдің екінші домбырасының шанағы, мойыны мен басына – канадалық үйеңкі, бетіне шырша ағашы қолданылыпты.
Қытайдағы Іле қазақ автономиясында дүниеге келген композитор әрі күйші, зерттеуші Камал Мақайұлы домбырасын Шыңжан аймағының хас шеберіне жасатыпты. Ол бұл домбыраны 70 жылдан астам ұстаған.
Музейдің экскурсия жетекшісі Гүлнәзік Өмірбектің айтуынша, мұнда күй өнері иелерінің ғана емес, ақын-жазушылардың да, театр тарландарының да домбырасы бар. Халық жазушысы Хамит Ерғалиев қадір тұтқан домбырасын Түрікменстанның қолөнер шеберіне жасатыпты. Ақын «Құрманғазы» поэмасын жазған кезде ұлы композитордың шығармаларын осы домбырамен орындап отырған.
3.
Қазір аталған музейде Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың, ақын Берқайыр Аманшиннің, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақселеу Сейдімбектің саусақ ізі қалған домбыралары құнды жәдігерге айналды. Тағы бір жәдігер – Халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің домбырасы. Бұл аспаптың «Алть домбыра» немесе «Жамбыл домбыра» деген атауы бар.
Қазақстанның Еңбек Ері, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов шерткен аспабын музейге 2015 жылы ұсыныпты. «Жан серігім – домбырам халық қазынасы болып тұра берсін», деп қимастық сезімін білдірген.
Ең құнды жәдігерлерінің бірі – ХІХ ғасырда жасалған екі домбыра. Оның бірін Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Тыныбай Лекеров 1975 жылы музейге тапсырыпты. Аталған әулетте ұрпақтан ұрпаққа мирас болған бұл ұлттық аспап шамамен 1800 жылдары жасалған. Ерекшелі сол, ұлт жауһарына баланған аспап күміс әшекеймен, сүйекпен, оюлы өрнекпен көмкерілген. Ал екіншісі – Сақып ұстаның алмұрат пішінді домбырасы.
4.
Дәстүрлі ән өнерінің хас шеберлері Мұхит пен Ғарифолла Құрманғалевтің шәкірті Мекес Төрешев ұстаған домбыраның тарихы назар аударады. Әншінің жары Жақсыгүл Рахманқызының айтуынша, бұл аспапты 1936 жылы композитор Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен шебер М.Романенко күйші Оқап Қабиғожинге арнап жасаған.
«Мекес Төрешев өнер жолын 1960 жылы «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші болып бастады. Сол кезде күйші Оқап Қабиғожиннің зайыбы Мекестің даусын естіп, өнеріне тәнті болған еді. «Ағаңның бейнетін бермесін, өнердегі бағын берсін!» деп, күйшінің домбырасын сыйға тартты. Күйеуім бұл домбыраны жарты ғасырға жуық қолынан тастамады», дейді Ж.Рахманқызы.
Күйшінің де, әншінің өнердегі бағын ашқан қасиетті аспап 2008 жылдан бері музейде тұр. Домбыраның 19 пернесі, беткі тақтайында иректелген екі ойық бар. Құрама шанақты домбыраның сабының ұзындығы – 48, беткі тақтайының ұзындығы – 38, ені – 18 сантиметр.