Тұлға • Бүгін, 08:30

Қайсар қаламгердің Темірдегі іздері

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ руханиятында өшпес із қалдырған жазушы, драматург, журналист Жиенғали Тілепбергеновтің 130 жылдығы Темір ауданында аталып өтті. Уфадағы «Ғалия» медресесінің түлегі, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Ақтөбе облысының Темір, Орқаш болыстарында, Қандыағашта мектептер ашып, мұғалімдік қызмет атқарып, Ақтөбеде «Кедей», Петропавлда «Бостандық туы», Қызылордада «Сыр бойы» басылымдарында, Алматыда қазақ мемлекеттік баспасында еңбек еткен.

Қайсар қаламгердің Темірдегі іздері

Созылмалы өкпе сырқаты асқы­нуы себепті 1931 жылдың қа­за­нында туған жеріне оралып, аудандық газетте қызмет ете жүріп, 1933 жылдың 11 сәуірінде көз жұмған. Аш­тық пен ауру меңдеген азаматтың сол күндердегі жағдайы Ілияс Жансүгіровке жаз­ған хатынан байқалады. Бұл кезде әйелі Альфияның аяғы ауыр, қолдарында екі жастағы Нариманы бар, өзі науқас. Елді аштық қысып тұрған. «33 жылдың ­ғи­нуарының басынан бері төсек тартып жа­тырмын. Қан түкірем, жөтелем, ентігем. Әлі де өмірден дәмете берем. Бәрінен маған қиын соғып тұрған жері – аурудан өлмей, аштан өлу. Тырмысуға дәрмен жоқ, табылса жейсің, табылмаса жоқ. Біз­дің хал осылай, жолдас-құрдас! Мені жазу­шының бірі деп танысаң, өлгенше қайыр сұрамайтын, аштан өлмейтін етіп, Жазу­шы одағы атынан, оның қорынан со­ның күшімен маған дүниелік жәрдем қолдарыңды созыңдар. Өлгесін қатын-бала­ма қарасам дегендеріңіз маған қажеті жоқ. Қарассаңдар, қазір қарасыңдар! Бұған дейін бұл сөзді айтуға да арланып, «өлсем жөніме өлейін» деп жүр едім. Одан басында сен отырғасын айтып жатқан әрі сырым, әрі мұңым ғой!», деп жазады әбден тығырыққа тірелген азамат.

п

Тұрсынбек Кәкішев 2006 жылы «Алаш» баспасынан жарық көрген Жиенғали Тілепбергеновтің екі томдығында былай деп жазған: «Тілепбергенов Жиенғали –1895 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданы­ның бұрынғы №47 ауылында Әділ деген момын шаруаның отбасында туған. Әлсіз атаның тұқымынан болған соң маңдайға жаз­ғанды көрмек болып, байларға жал­данып жүрген жерінен жадидшіл мұға­лім нағашысының «азғыруымен» Орын­бор­дағы «Хусайния» медресесіне түседі. Онда болашақта атақты ғалым болатын Құдайберген Жұбановпен бірге оқиды да онан әрі Уфадағы «Ғалия» медресесіне жалғыз кетеді. 1918 жылы жаңа үлгідегі мұғалім атағын алып, елге оралады».

л

Темір ауданының орталығы Шұбар­құ­дықта өткен «Ж. Тілепбергеновтің тарихи тұлғасы мен рухани мұрасы қазіргі заман зердесінде» тақырыбындағы жиын­да филология ғылымдарының док­торы Серікқали Байменше қуғын-сүргін басталмай жатып көз жұмған жазушының ұзақ уақыт назардан тыс қалуына оны алашшыл деген күдік себеп болғанын айтады. «Мұрағаттан деректерді жинақтай отырып, Т.Кәкішев Жиенғали есімін алғаш рет жарыққа шығарды. Кейін Табыл Құлияс «Аңыздың ізімен» деген роман жазды. Осыдан 30 жыл бұрын Жиенғали Тілепбергеновтің 100 жылдығын атап өткенде, Тұрсынбек Кәкішев Темірге арнайы келді. Сол жолы ауыл ақсақалы Сейтен Ілесов ескі қорымнан Жиенғали жерленген орынды көрсетті. Елеусіз төмпешік, басында белгі де жоқ екен. 100 жылдығы өткен соң зираты тұрғызылып, белгі қойылды. Дегенмен, осы күнге дейін ХХ ғасыр басында қазақ әдебиеті мен драматургиясына, баспасөзіне үлкен еңбек сіңірген қаламгерді толық танып болған жоқпыз. Сол заманда Ақтөбе топырағында оған теңдесетін адам болмады. Өле-өлгенше қолынан қаламын тастамады, үш облыстың басылымдарында еңбек етті. Темір-Орқаш болысында мұғалім болғанда көктемде балаларды судан өткізіп жүріп өкпесіне қатты суық тигізіп алады. Кеселден бір­ден айыға алмай елде ұзақ жатқан. Кейін түбіне жеткен өкпе ауруы осылай басталды. Жиенғали қазақтың алғашқы фильмдерін түсіруге, драмалық шығармалар жазуға атсалысты. 1926 жылы ака­демиялық драма­ театрында Серке Қожам­құловтың режиссерлігімен «Тілші» және «Сүйіскендер» пьесасы қойыл­ды. Оның «Таңбалылар» повесі қа­зақ­тың алғашқы прозалық ш­ығар­ма­ларының бірі», деп баға берді С.Байменше.

р

Одан кейінгі сапар аудан орталығы Шұбарқұдықта жалғасты. Жолда 1865–1870 жылдары мешіт-медресе салып, ағар­ту­­шылықпен айналысқан Досжан Қашақ­ұлы­ның қайта жаңартылған ке­шеніне аялдадық. Бұл ертеде Шилісу деп аталған жер, аудан орталығынан 3 шақырым. Шұбарқұдықта был­тыр­ жаңа кітапхана, музей салынған. Музейде жазушының немересі Ақмарал Нұраш­қызы Жиенғалиева атасының өз қолымен жазған өмірбаянын, «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ студенттерінің 1917 жылы түсірілген фотокөшірмелерін табыстады.

а

Қаламгер ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы сұмдық көріністерді сатира тілімен шенеген. Оның кейіпкерлері – әкіреңдеген шолақ белсенді, жағымпаз, парақор уәкіл, кімге сенерін білмей басы қатқан момын шаруа. Жазушы 1921–1922 жылдары аштыққа ұшыраған ағайынның қыздарын бір табақ бидайға қалай сатқанын нақты кейіпкердің тағдыры арқылы баяндайды. Сол кезеңде Түркістан, Арал жағынан пойызбен жас қыздарды әкеліп, Қандыағаш бекетінде түсіріп алып, байларға тоқалдыққа, малайлыққа сатып, делдалдықпен айналысқан қазақ жігіттері болған. Филология ғылымдарының кандидаты Ғайша Ниязова баяндамасында: «Жиенғали Әділұлы «Бостандық туы», «Сыр бойы», «Еңбекші қазақ» газеттерінде өткір публицистикалық мақалалары, сатиралық фельетондары мен әлеуметтік очерктерін ұсынды. Мақалалары мен публицистикалық шығармалары арқылы ел ішіндегі әділетсіздік пен надандықты әшкерелеп, жұртқа ой салды. Ол сатираға да жүйрік еді. Шындығында, фельетон жазуға қалам ұстағанның бәрі бара бермейді. Уытты сынды жаны таза, қолы адал, байқампаз, ойы жүйрік, тілі бай әрі сөз тапқыш адам ғана жазады. Өйткені сатираның түбінде шындық бар. Жазушы шығармаларын оқып отырған кей адам өзін көрді. Мұндай кезде ол іштей қымсынып, үнсіз қалады немесе автормен кектесіп, өш алуды ойлайды», деп тұжырым жасады.

Өткен ғасырдың басында талай тарихи оқиғаны басынан өткерген бұрынғы уезд орталығы Темірде әлі де сақтап қалатын тарихи ғимарат бар. Бұл ХІХ ғасырдағы Қарақамыс жәрмеңкесінің орталығы болған жердегі уезд бастығының екі қабатты ескі үйі. Сыртқы сәулеті Орынбор қаласындағы үйлерге ұқсайтын шаршап тұрған ғимараттың сыртында дуал қалдықтары, жылқы қорасы және қосалқы сарай қалдықтары сақталған. Көпес үйіне қарама-қарсы жерде Жиенғали жұмыс істеген аудандық пошта ғимараты. Редак­циясы ішінде орналасқан. Осы ғи­маратты мемлекет қарауына алып, жөн­деу жүргізілсе деген ұсыныс айтылды.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар

Ғаламшарлықтар орнатқан имплант

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

Арал теңізіндегі құпия

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:28

Ғарыштағы қаралы күн

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:25

Торғайдың таңдаулы сәукелесі

Жәдігер • Бүгін, 09:22