Зерде • Бүгін, 08:27

Жамбыл мен Лахути: Рухани үндестік

40 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1936 жылдың 5 желтоқсаны – қазақ тарихындағы атаулы күндердің бірі. Дәл осы күні КСРО өкіметінің шешімімен Қазақстан автономиялық республикасы одақтас республикаға айналды. Аталған сүйінші хабарды естіген тәжіктің әйгілі ақыны Абулқасым Лахути жыр алыбы Жамбылға өлеңмен хат жазып, бүкіл қазақ халқын тарихи оқиғамен құттықтаған. Жамбыл да ақынның ықыласты пейілі мен риясыз лебізіне жырмен жауап хатын жолдап, Лахутидың тілегін бүкіл тәжік жұртшылығының құттықтауы ретінде қабыл алды.

Жамбыл мен Лахути: Рухани үндестік

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

1936 жылдың 5 желтоқсанында «сталиндік конституция» атанған жаңа заң қабылданып, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Армения, Қырғызстан елдері автономия санатынан одақтас республикаға айналды. Яғни 5 жел­тоқсан күні, сол кездің тілімен айтқанда, «Кеңес одағына мүше 11 республика» пайда болды. Жалпыхалықтық мемлекет мәселесін шешу­де осы 11 республиканың беделі де, дәрежесі де, құқы да теңестірілді. Осылай «сталиндік конституция» орыс, украин, беларусь, әзербайжан, грузин, армян, түрікмен, өзбек, тәжік, қазақ, қырғыздың бәріне өз ал­дына жеке отау құрып, социалистік өркендеудің даңғыл жолына түсуіне мүмкіндік берді.

Бүгінгі көзқараспен қарасаңыз, осы бір одақтас республика болу мен тәуелсіздік алуымыздың арасында тығыз байланыс бар. Себебі кеңес одағы  ыдыраған кезде оның құрамына кірген ұлттық республикалардың бәрі егемен ел болып, тәуелсіздіктерін жариялады. 1936 жылдың 5 желтоқсанында одақтас республика бола алмай қалған башқұрт пен татар, ноғай мен құмық, қарашай мен балқар сияқты бізге туыс және туыс емес ұлттар әлі күнге автономия деңгейінде Ресей құрамында отыр. Егер Қазақстан осы тарихи күндегі мүмкіндікті уысынан сусытып, одақтық мәртебе алмағанда Татарстан, Башқұртстан, Тыва, Саха, т.б. автономиялық республикалар секілді 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялай алмас еді. Яғни ол кезеңде одақтас республика болу деген «жартылай» азаттық алумен пара-пар оқиға еді.

Осындай ұрымтал сәтте ықылым заманнан Тұран-парсы әлемі атанып, тарихи тұрғыда терең тамырласқан, тілі бөлек болғанымен рухы бір тәжік ақыны Лахути Жамбылға:

«Шарықтап арасында бақытты гүл,

Ән шырқа, еркіндетіп азат бұлбұл!

Құшақтап күміс күнді тәтті дауыс,

Аймалап жердің бетін төгілсін жыр»,

деп асқақ дауыста жыр арнаған (қараңыз: «Мукотибaи Лохути вa Чaмбул», («Лaхути мен Жaмбылдың хaттaры») Тәжiкстaн комсомолы» гaзетi, 1936 жылдың 14 желтоқсaны, №128 (830) сaны).

Жамбылға өлеңмен хат жазған Абулқасым Лахути – тәжік әдебиетінің классигі. XX ғасырдың басындағы парсы-тәжік әдебиетінің көрнекті өкілі әрі кеңестік дәуірде жаңа заман әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Яғни өз дәуірінің аса талантты әрі күрескер ақыны Қазақ автономиялық респуб­ликасы одақтас республикаға айналуының тарихи мәнін һәм сол кезеңдегі саяси ахуалдың бағасын терең түсінген. Ол түбі одақтас мемлекет дәрежесіне көтерілген қазақтың да, тәжіктің де (Тәжікстан бізден 7 жыл бұрын, яғни 1929 жылы 16 қазан күні одақтас республика болып құрылды) келешекте азат ел боларын болжап, екі елдің арасындағы рухани байланыстың жәдігері боларлық жыр жазып отыр.

Қазақ халқын азат бұлбұлға теңеп, оның жырын күміс күннің шуағына балаған он сегіз жолдан тұратын ғазалға Жамбылдың жауап бермеуі мүмкін емес еді. Мұны жыр алыбы Жамбыл да жақсы түсінді. Жамбыл бабамыз Лахутидың жырына ерекше ілтипат танытып, оны Памир тауларынан жеткен достық үн ретінде қабылдады. Ақын «Ғасем Лахутиға» атты өлеңін жазып, бауырлас халыққа қазақтың жүрекжарды сәлемін жеткізді. Жамбыл:

«Мен айтсам қазақ халқы ән қосады,

Шаттықтан жыр кетеді әлемді алып.

Бақытты жыл, алтын күн нұры астында

Сайрандап ән қосады біздің халық.

Өлең, жыр аққу құстай тізбек тартса,

Артынан өреді күй кекті жарып»,

деп жырын шабытпен бастап ұзағынан толғайды.

Қазақ пен тәжік халықтары үшін тәуелсіздік оңай келген жоқ. Мәселен, ұлтымыздың азаттық алуына қазақ халқының намысын жыртқан Алаш арыстарының, олардан кейінгі кеңестік жүйеге қызмет ете жүріп, бостандыққа ұмтылған тарихи тұлғалардың арқасында егемендік алдық. Яғни 1936 жылы Ресей құрамындағы автономиялық республиканың одақтас республикаға айналуына 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейінгі озық ойлы зиялыларымыздың күресі негіз салып берді. Қазақтың күрескер зиялылары өз алдына автономия құру, ұлттық-мемлекеттік құрылымын өздері анықтау, тағдырларын өздері шешу жолында кейде  ашық, кейде астыртын саяси күрес жүргізді. Мәселен, большевиктер (қызылдар) 1917 жылдың 15 қарашасында жариялаған Ресей халықтары құқықтарының декларациясында мұсылмандар көтерген барлық өзекті құқықтар, оның ішінде, халықтардың өз тағдырын өздері шешу, тіпті бөлек мемлекет құру құқықтары толық мойындалды. Қызылдар шаруаларға – жер, жұмысшыларға – зауыт, бұратана халықтарға – тәуелсіздік беруге уәде етіп, «Ресей халықтарының бөліну және тәуелсіз мемлекет құруға дейін өз тағдырларын өздері еркін шешу құқығы» деген тезисті декларацияға кіргізді. Тіпті 1922 жылы КСРО Конституциясында одақтас республиканың одақтан шығу құқығы тіркелді. Яғни сол құқыққа қазақтың да қолы жетер мүмкіндіктің туатынын ғасыр жасаған қарт Жамбыл да армандаған іспетті. «Бақытты жыл, алтын күн нұры астында, Сайрандап ән қосады біздің халық» деген жолдардан ақын көңілінің қаншалық шаттанғанын аңғаруға болады.

Жамбыл да, Лахути да ел қуанышын өз шаттығына балады. Жамбылдың Лахутиға алғыс білдіріп қана қоймай, халықтар арасындағы туыстық пен бірліктің қажеттігін меңзеуі әлі күнге өзектілігін жоғалтпайтын тақырып саналады. Хат ретінде жазылған Лахути мен Жамбылдың өлеңдерінде көсемнің ұлықталуы сол дәуірдің саяси идеологиялық талабынан туындаған құбылыс еді.

Жоғарыда 1922 жылы КСРО Конституциясына өзгерістер еніп, одақтас республиканың одақтан шығу құқығы пайда болғанын айттық. Осы орайда республиканың одақтық мәртебе алу алғышарттары туралы айта кеткен жөн сияқты. Одақтас республика мәртебесін алу үшін автономиялық республика шетелмен шекаралас болуы, республиканың негізгі титулдық ұлты тұрғындардың көпшілігін құрауы,  одақтық рес­публика мәртебесін алу үшін тұрғындар саны 1 мил­лион­нан кем болмауға тиіс еді. Бұл орайда Қазақстанның Қытаймен ұзаққа созылып жатқан шекарасының бар екені жеке мемлекет болуымызға жол ашты. Ал қазіргі басқа көршілеріміз ол кезде КСРО құрамында еді. Одақтық мәртебе алудың осы алғышарты татар, башқұрт және басқа да автономиялардың мүмкіндігін шектеді. 1936 жылға дейін аштық салдарынан қазақ ұлты өз жерінде азшылыққа айналды. Бірақ аштықтан қырылған халықтың саны әшкере болмауы үшін кеңес өкіметі 1926 жылғы санақ нәтижелерін есепке алды. Ол бойынша қазақ тұрғындардың 57 пайызын құрады. Одақтас республикаға айналғаннан кейін 1939 жылы санақ өтіп, Қазақстандағы қазақ халқының үлес салмағы 37,8 пайызды құрайтыны анықталды. Бізге бұл шарт бойынша да Құдай қарайласты. Мәселен, Қырым Республикасы Түркиямен теңіз арқылы шекаралас орналасқанымен, жергілікті ұлттың саны аз болғандықтан республика мәртебесін ала алмады. Ал үшінші бөгесін халық санының миллионнан асуы.  1936 жылы Қазақстанның халқы 3 287 900 адамды құрайтын, бұл межеге Якутия сынды Сібірдегі автономиялар жете алған жоқ. Яғни осы деректен Жамбыл мен Лахутидың қуаныштарының мәнін терең түсінуге болады.

Француз гуманисі Ромен Ролланның «Қазақ дала­сының жүрегі – Жамбыл» деген бағасы тегін айтыл­маған. Жамбыл жыры бір ғана қазаққа емес, күллі Шығысқа, тіпті Батысқа да жетіп, халықтар арасындағы рухани көпірге айналды. Оның кең құ­шағына Фирдауси, Руставели, Шевченко, Тұрсынзада, Лахути сияқты алыптардың бәрі сыйды. Шығар­маларындағы рухани үндестік зама­на сұранымынан туды. Қысқаша қайырғанда, Лаху­тидың құттықтауын бүкіл тәжік халқының сәлемі ретін­де қа­был­даған қарт ақынның жауап жыры әлі күн­ге екі елдің арасындағы достықтың нышаны болып тұр.