Жастарды қолдау, дамыған мемлекеттерде білім алып, соны еліміздің қажетіне жарату мақсатында жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасын оқушы кезімде естіген едім. Әрине, мен де стипендиат атануды армандадым. Студент кезімде «Болашақ» стипендиаттарының АҚШ университеттерінде оқитынына, бес тіл білетініне таңданып та жүрдік. Жоғары оқу орнынан кейін магистратураны бітіріп, ұстаздарыммен кеңесе отырып, отбасымның қолдауымен докторантураға түстім. Докторлық диссертация тақырыбын таңдау да оңай емес. Ғылыми жетекшім педагогика ғылымдарының докторы, профессор Розалинда Шаханованың ұсынысымен тақырып таңдап, докторлық диссертациямды сәтті қорғап, дипломымды да алдым.
Әрі қарай ізденіспен бала күнгі арманым – «Болашақ» бағдарламасының талаптарын қарап, құжат тапсырдым. Басқа елді таңдамай, тек Америкада оқығым келеді дедім. «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша емтихан тапсырып, стипендиат атандым. Бұл жетістіктердің артында қаншама күш-жігер, еңбек жатқанын айтып жеткізу мүмкін емес.
Америкаға табан тіреген бойда мұхиттың арғы бетіне жастарымыздың неге сонша қызығатыны, осы елде тұруды армандайтыны ойландырды. Алғаш барғанда жатырқап та, жасқанып та жүрдім. Калифорния штатының Сакраменто қаласында өткен Әз-Наурыз мерекесін тойлауға қазақ қауымдастығы жиналды. Бізді де шақырған еді. Жиналған елу шақты қазақтың осы елге қалай қоныс аударғаны, немен айналысатыны сөз болды. Жергілікті қазақтардың басын қосып, жыл сайын мерекені тойлауға атсалысатын ағамыз Ердана Байдәулетұлымен әңгімелестік. Түйгенім, жастарды Америкаға магнитше тартатын екі мақсат бар екен: жақсы білім алу мен материалдық жағдайын жақсарту. Ердана Байдәулетұлы Америкаға 35 жасында балаларын аяққа тұрғызу үшін ат басын тіреген. Калифорнияның орталығы саналатын Сакраменто қаласына қоныс аударғанына 28 жылға қараған Ердана аға – бүгінде зейнеткер.
Ол Америкадағы қазақтардың жағдайын ұзақ бақылап, өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін де айтты. Америкада адамдарды ұлтқа бөлмей, әлеуметтік жағдайына қарай жасалатын жеңілдік көп. Зейнет жасындағыларға жұмыс істемесе де, ай сайын шамамен 1000 доллар төленеді. Егер баласы мен келінінің әлеуметтік жағдайы төмен деп есептелсе, немереге қарайтын атасы мен әжесіне мемлекет өтемақы төлейді. Науқас адамға қамқорлық жасайтын көмекші қызметіне де қазынадан әр сағатына ақша төленеді. Медицина саласына келсек, кейбір компаниялар пациентті үйінен клиникаға тегін апарып-әкелу қызметін де ұсынады. Бұл қызмет жағдайы төмен отбасыларға арналған.
Адам құқы мәселесіне де көзқарас ерекше. Әсіресе әйелдер отбасында ерінен қысым көрген жағдайда әкімшілік тарапынан дер кезінде назарға алынады. Табысы төмен отбасына тұрғын үй жеңілдігі қарастырылған. Мысалы, екі зейнеткер 2000 доллар зейнетақы алса, 600 доллар ғана төлеп, қалғаны мемлекеттің еншісіне тиеді. Ата-ана балаларына мектеп формасы, кеңсе тауарлары мен кітап сатып алу керек деп қиналмайды. Мектепке кез келген киіммен бара беруге болады, қажетті құралмен білім ошағы қамтамасыз етеді.
Әрине, жекеменшік мектептердің ақысы өте жоғары. Оған қалтасы көтеретін қазақ балалары да барады. Ертерек қоныс аударған қазақтардың біршамасы жеке үй де сатып алған. Ердана аға Америкадағы қазақтардың өмірін, олардың атажұртқа деген сағынышын, көрген қиындығы мен әлеуметтік мүмкіндігін де айтып берді.
Кейінгі екі-үш жылда алпауыт елге Мексика арқылы бірнеше жас қазақ отбасы келіп, Ердана ағадан баспана да сұрапты. Мексика арқылы келу де оңай емес, әсіресе кішкентай балалармен сапарға шыққан жастар жол азабын көріп, бірнеше айда әрең жетеді екен. Бұл жолдың өзі шытырман оқиғаға толы. Әуелі Түркияға соғып, Америкаға виза алудың жолдарын іздеп бір ай жүреді. Содан кейін Доминикан Республикасына ұшып келіп, одан әрі кемемен құрлыққа шығып, Гондурас, Никарагуа, Коста-Рика, Гватемала арқылы Мексикаға жетеді. АҚШ шекарасында бір ай карантинде болады. Осы жолда қаншама қауіпті бастан өткізетінін көбі білмейді. Жолшыбай адасқандары да, джунгли ормандарында жабайы аң кезігіп қашқандары да бар.
Америкаға қоныс аударған әрбір қазақтың тағдыры әртүрлі. Бірі жаңа өмір бастағанына қуанса, екіншісінің жүрек түбінде еліне деген сағынышы мен өкініші қатар тұрады. Әсіресе мұндай сезім жастық шағы еңбекпен өтіп, зейнет жасына шыққандар мен қарттарда байқалады.
Ердана аға Америкадағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін біліп, әңгімелескеннен кейін мынадай тұжырым жасаған: бірінші өкініш – тіл. Кеңес заманында зорға сақталған қазақ тілін мұнда енді ғана өсіп келе жатқан балаларға үйрету оңай емес. «Ассалаумағалейкум» деп үйретуге болады, бірақ оның жан дүниесінде қазақы рух қалыптаспауы мүмкін. Екінші өкініш – құндылықтың өзгеруі. Атажұртта адамға бір үй, бір көлік жетіп жатса, АҚШ-та байлыққа деген құмарлық арта түседі. Доллар көбейген сайын қазақылық азайып бара жатқандай әсер қалдырады. Үшінші – балалардың шетелге тез бейімделуі. Тыйым салып, тек қазақша сөйлетіп өсірсе де, уақыт өте одан нәтиже шықпайтыны байқалады. Мектеп пен қоғам баланың санасын түгел өзгертеді. Төртінші – қазақтың дәмі. Ұлттық тағам, қазы-қарта – қазақ болып туған әрбір адам аңсайтын ерекше асы. Мұхиттың арғы жағында ұлттық тағамға деген аңсарыңды басу мүмкін емес. Бесінші – «қазақтың тойын» көрмей өмір сүру. Қазақ дастарқаны, ән-жыры мен биі – бәрі мұнда сағынышқа айналады. Бас қосқан әр сәт мерекедей сезіледі.
Ердана Байдәулетұлы шаңырағына келген қазақ отбасыларын жылы пейілмен қарсы алып, ұлттық киімін киіп, ән айтып, ұлттың дастарқанын ұмытпауға шақырады. Алтыншы – отбасын құру мәселесі. Бұл – ең өзекті мәселенің бірі. Ұлттық тәрбиеге қанша күш салса да, өзге ұлт өкілдерімен отбасын құру жиілеп барады.
Ердана Байдәулетұлы қазақтың балалары шетелде тез арада өзге мәдениетке бейімделіп, америкалыққа айналғанына өкініш білдіреді. Кейінгі 28 жыл ішінде шамамен 600-дей қазақты қонақ күтіп, шетелдегі қандастарының басын қосуға күш салғанын айтады. Сенбі сайын отандастарымен дастарқан басында қазақ әнін тыңдауды дәстүрге айналдырған. Ердана аға үш қызына бала күнінен үйде басқа тілде сөйлеуге қатаң тыйым салып, оларға қазақ жігітіне ғана тұрмысқа шығу туралы өсиет айтқанымен, бәрі нәтижесіз қалғанын мойындайды. Жетінші мәселе – тәрбиенің өзгеруі. Америка мектебі баланы «ұлтыңды сыйла» деп емес, «өзіңді күт» деп тәрбиелейді. Адам санасында өзі үшін ғана өмір сүру тұжырымы мықтап орнығады. Бұл да – қазақы ұғыммен үйлеспейтін тұжырым.
Ердана аға әңгімесінде елдегі көптеген адамның Америкаға отбасымен бірге келуді армандайтынын атап өтті. Әсіресе аға буын өкілдері перзенттерінің осы елде өмір сүргенін қалайды, бірақ оны ашық мойындамайды. Шетелге шыққан әрбір қазақ ата-анасының жүрегінде бір үміт бар. «Балаларым қай елде жүрсе де, өз тілін, дәстүрін, болмысын сақтаса екен» деген тілек. Бірақ өмірдің шындығы мүлде басқа қырынан көрінеді. Ердана ағамыздың өмір жолы – осының айқын дәлелі.
Ол өз отбасына ғана емес, айналасындағы талай қазаққа жомарт жүрегімен қолдау көрсетіп жүр. Америкаға қоныс аударған талай қандасқа бағыт-бағдар беріп, үй-жай табуына, еңбек етуіне, жаңа өмірге бейімделуіне көмектесті. Оның үйі талай жыл бойы қазақтың басын қосқан орта, туған елден жырақта жүргендерге нағыз шағын отанға айналды. Олай дейтініміз, бір бөлмесін ұлттық нақышта безендіріп, ұлттық аспаптар мен төсеніштерге, кәдесыйларға толы мұражайға айналдырған. Өзі бастан кешкен талай қиындықты жеңіп, сол тәжірибесін өзгеге үлгі етуі – азаматтықтың белгісі.
Әрине, дамыған елде тұлға болып толығу мен толысу бар. Дегенмен қанша тырысса да, шетелдегі қазақ баласы тұрған ортасының заңдылығына бейімделеді. Сонымен қатар дамыған елде мәдениеттің жоғары болатынын да сөз етуіміз керек. Заң тәртіпке, тәртіп мәдениетке алып келеді. Мәдениеттің биік деңгейін сақтайтын, айрықша көңіл бөлетін елден үйренетін тұстарымыз да аз емес. Әйтсе де қазақ болып туған жандардың әлемнің қай қиырында да ұлттық болмысын, дәстүрін, қасиетін сақтап, «міне, нағыз қазақ!» деген асқақ ұғымға ие болу – басқа мәселе.
Ақбілек МЫҢБАЕВА,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ оқытушысы, PhD,
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты
(АҚШ, Калифорния университеті)