Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өкінішке қарай, арамызда елдің ырыздығын жеке басының дүниесіндей көріп, мемлекеттің қалтасына қол салатындар әлі де жетіп артылады. Мұндай құқық бұзушылық жасағандардың әрекеті ел алдында әшкере болып, заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Өйткені бұл оқиғалар – өзгеге сабақ. Сондай келеңсіз жайттың бірі Маңғыстау облысында көзге түсті.
Облыстық прокуратура таяу күндері бюджет қаражатын негізсіз жұмсауға талпынған қылмыстық әрекеттің алдын алды. Атап айтқанда, жыл басынан бері заңды белшесінен басқан әлдекімдер 9 млрд теңге бюджет қаражатын қалталарына басқысы келген. Дегенмен прокуратураның тиісті жұмысы нәтижесінде бұл айлакерліктің жолы кесіліп, 121 адам тәртіптік, 34 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Заң бұзушылықтың басым бөлігі тауарлардың бағасын жоғары қою, артық әрі қажетсіз тауарлар, жұмыс пен қызметтерді сатып алуды жоспарлау, бюджеттік өтінімсіз негізсіз қаражатты бөлу арқылы жасалған. Осыған ұқсас заң бұзушылық облыстың барлық қала мен ауданында орын алған.
Ал Астанада еліміздің түрлі өңіріндегі бес адамды алдаған алаяқ сотталды. Ол «Біздің балаларға арбалар» деп аталатын «What’s App» тобына мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған, пайдаланылған кресло-арбаларды сату туралы ақпарат таратқан. Жәбірленушілер хабарландыруға назар аударып, кресло-арбаларды пошта арқылы жіберуге уәде берген алаяқтың картасына 40-тан 114 мың теңгеге дейін ақша аударыпты. Алайда алаяқтың айласы оны алысқа апармады. Құқық қорғау органдарының қолына түскеннен кейін кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі және келтірген залалды өтеуі сияқты жеңілдететін мән-жайды ескере отырып, сот үкімімен ер адамға пробациялық бақылау белгіленіп, 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Әлеуметтік салаға қатысты тағы бір қылмыс, Шымкент қаласында тіркеліп отыр. Мұнда қала прокуратурасы әлеуметтік төлемдердің тағайындалу заңдылығына жүргізген талдау нәтижесінде У. есімді азаматтың заңсыз іс-әрекетін әшкереледі. Талдау барысында аталған азамат жеке кәсіпкерлердің электронды цифрлық қолтаңба кілттерін пайдаланып, жүкті әйелдерді кәсіпорындарға жалған жұмысқа орналастырғаны анықталды. Әрі қарай ол жүкті әйелдердің атына заңсыз түрде әлеуметтік төлемдерді рәсімдеп, белгіленген қаражатты өз қажетіне жұмсаған. Заңсыз әрекет салдарынан мемлекетке 217 млн теңге көлемінде шығын келтірілген. Аталған факт бойынша ҚК-тің 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне әрі қарай тергеп-тексеру үшін жолданды. Қазіргі уақытта істің мән-жайын толық анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Енді жағымды жаңалықтарға да кезек берсек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекет қазынасына қайтқан активтер елге пайдалы іске жұмсалып келеді. Соның бір жарқын мысалы – Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының Бұлдырты ауылында қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа дәрігерлік амбулатория.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан прокуроры Ершат Камбетов, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Қайыпов, аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, ауыл тұрғындары қатысты.
Бұған дейін жергілікті жұртқа медициналық қызмет 1968 жылы салынған ескі амбулатория ғимаратында көрсетіліп келген. Уақыт өте келе ғимарат апатты жағдайға жетіп, заманауи талаптарға сай болмай қалды.
Ауыл халқының көз қуанышына айналған жаңа амбулатория бір ауысымда 40 адамды қабылдай алады әрі тұрғындарға сапалы әрі дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен денсаулығын нығайту жолындағы маңызды қадам. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықпен толық қамтылған, пациенттерді қабылдауға, профилактикалық тексеру өткізуге қолайлы жағдай жасалған.
Жалпы, өңірде қайтарылған активтер есебінен денсаулық сақтау мен сумен жабдықтау салаларын қоса алғанда, әлеуметтік нысандарды салу мен қайта жаңарту жобалары белсенді жүзеге асып келеді.